Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бизнестің ахуалы бақылауда болады

Бизнестің ахуалы бақылауда болады
ашық дереккөз
Бизнестің ахуалы бақылауда болады
Облыстық прокуратураның фронт-офисі алаңында аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен облыстық прокуратура жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі сараптамалық кеңестің кезекті отырысы өтті. Облыстық кәсіпкерлер палатасы мен облыстық бақылаушы органдардың басшылары, облыс әкімдігі басқармаларының өкілдері, кәсіпкерлер қауымдастығының сарапшылары қатысқан басқосуда инвестициялық климаттың жай-күйі, бизнестің проблемалық мәселелері және оларды шешу жолдары талқыланды. Жиынды ашып, жүргізген облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров бұдан бұрынғы кеңес отырысында көтерілген бірқатар мәселелердің өз шешімін тапқанын, жергілікті жерлерде инвестициялық жобаларды сүйемелдеу тиімділігін арттыру бағытында жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Ал облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қаралып отырған мәселенің өзектілігіне тоқталып, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі бірқатар басымдықтарды белгіледі. – Жақында барлық өзекті мәселелерді ескере отырып, инвестициялық жобалардың бірыңғай дерекқорын іске қосамыз. Бұл тұрғыда заманауи IT-шешімдер қолданылады. Жобаларды сүйемелдеу кезінде барлық деңгейдегі әкімдіктердің қызметкерлерін жеке жауапкершілікке тарту және бекіту қағидасына ден қойылады. Инвестициялық штабтың жұмысын қайта күшейту қажет. Штабта жаңа жобаларды талқылаумен қатар, инвестиция тартудағы жүйелі мәселелерді шешу барысы да тұрақты бақылауда болады. Аудан әкімдері мен олардың орынбасарлары әлеуетті инвесторлармен іскерлік келіссөздер жүргізу бойынша арнайы оқытудан өтеді. Соның нәтижесінде әр ауданның инвестициялық мүмкіндіктер картасы және мемлекеттік қолдау шаралары бойынша қалта-әдістемелері әзірленеді. Сондай-ақ аудан әкімдері үшін жаңа KPI енгізу жоспарлануда, яғни, олардың жұмыс тиімділігі инвестициялар тарту, кәсіпкерлік үшін қолайлы жағдайлар жасау көрсеткіштері бойынша бағаланатын болады. KPI – аудан әкімдерінің жұмысын бағалауда маңызды жүйе. Рұқсат беру құжаттарын алу рәсімдерін жеңілдету үшін біз өзге өңірлердің үздік тәжірибесін қолданамыз. Қаратау қаласындағы АЭА-дан бөлек Меркі, Құлан елді мекендері мен Жаңатас қаласының маңында да энергияны көп қажет ететін өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін жаңа алаңдар құруға күш саламыз. Жұмыстарды жеделдету үшін әлеуетті жобалардың тізімі өзектендірілетін болады. Инвесторларды тарту маркетинг және PR бойынша кешенді жоспар арқылы, оның ішінде Сыртқы істер министрлігімен және халықаралық ұйымдармен өзара байланыс негізінде дамиды. Алдымызда ауқымды жұмыстар күтіп тұр десек, оған барлығымыз бірлесе атсалысамыз деп ойлаймын. Бизнес-қоғамдастықпен тығыз қарым-қатынас орнағанда ғана, экономиканың нақты қарқынды өсіміне қол жеткізе аламыз. Облыстағы бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру мәселелері жеке бақылауымда болады, – деді Ербол Қарашөкеев. Жиында жалпы атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы облыс прокуратурасының 3-басқарма бастығы Ердос Мақашев баяндама жасады. Айтуынша, прокуратура органдарымен жылдың басынан 9 мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалып, олар бойынша 46 лауазым иесі әртүрлі жауаптылыққа тартылған. – Салық органдары мен атқарушылық өндірістердің 543 негізсіз актісінің күші жойылып, кәсіпкерлерге 246 миллион теңге төленді. Атап айтқанда, әкімшілік материалдарды бұрмалау, дұрыс біліктілікке ие болмау, оларды қайтыс болған адамдарға жасау, хабарламаларды жібермеу және т.б. фактілер анықталған. Қадағалау актісі негізінде мемлекеттік тапсырыс бойынша жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландыру көлемі 1,5 миллиард теңгеге ұлғайтылды, нәтижелерімен 230 кәсіпкер мен 2 123 қызметкердің құқықтары қорғалды. Шу және Байзақ аудандарында өнімсіз делдалдар арқылы суармалы су тарифтерін көтеріп, 2 231 кәсіпкердің құқықтарын бұзу фактілері анықталды. Біздің шаралармен өнімсіз делдалдар алынып тасталды. Биыл сараптамалық кеңестің 5 отырысы өткізілді, онда кәсіпкерлердің 3 жүйелі проблемасы қаралып, өз шешімін тапты. Біздің үйлестіруімізбен әкімдік инвестициялық жобалардың бірыңғай пулын қалыптастырды, ал «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы мәліметтерді цифрлық индустриялық картаға енгізуді бастады. Бірыңғай тәсілдің болмауы инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша мемлекеттік органдар жұмысының тиімсіздігіне алып келген, – деді Ердос Мақашев. Баяндамашы өз кезегінде фронт-офистердің жұмыстары өз тиімділігін көрсеткенін алға тартты. Себебі осы жылдың 30 қыркүйегінде Тараз қаласының прокуратурасы «Тараз» индустриялық аймағындағы «Нұрхим 2021» ЖШС-ның газ құбырын жүргізу проблемасын анықтаған. Қазіргі уақытта кәсіпорын газ құбырына қосылу бойынша келісімге қол жеткізіп, жаңа техникалық шарттарды алған, одан бөлек, индустриялық аймақтағы «Жеті бұлақ» ЖШС-мен «Асқар-Тау НС» ЖШС-ның кәсіпорындарына апаратын мемлекеттік жолды ірі кәсіпорынның өз бетінше жабуы бойынша проблема шешіліп, инвесторлар кәсіпорындарына дейін жүктерді тасымалдау кедергілерінен босатылған. Жиында облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың баяндамасы тыңдалды. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі сараптамалық кеңестің алдыңғы отырысында берілген сегіз тапсырманың түгелімен орындалып, облыстық прокуратурамен бірлесіп, нақты шешімдер қабылданғанын атап өтті. – Бүгінгі күні облыс бойынша 64 инвестициялық жоба әзірленді. Құны – 1,9 миллиард теңге. Жұмыс орындары – 4126. Оның ішінде өнеркәсіп саласы бойынша – 14, ауылшаруашылығында – 23, жаңартылған энергияда – 4, туризмде – 5, құрылыста – 10, балық өсіру саласында 10 жоба нақтыланды. Біз бір күн бұрын ҚР Сыртқы істер министрлігімен 5 жоба бекіттік. Өңірімізге инвесторларды тарту мақсатында барлығы QR-кодталған 3 инвестициялық жобаны пысықтадық. Инвестициялық жобалардың барлығы өндірген өнімдерін өткізу бойынша каталог жасақтадық, оларды елшіліктер мен сауда ассоциацияларына жіберіп, экспортты нығайту бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз, – деді Аспандияр Мұраталыұлы. Баяндаманы мұқият тыңдаған облыс басшысы осы жасақталып жатқан жобалардың ішінде қаншасы қазіргі уақытта іске асырылып, нақты жұмыс істеп жатқанын сұрап, өңірдегі ірі кәсіпорындар өндіретін шикізатты пайдалана отырып, дайын өнім шығаратын шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын салу үшін инвестициялық мүмкіндіктерді барынша пайдаланудың айрықша маңыздылығын атап өтті. Жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев мердігерлерге көмектің маңызды екенін айтты. «Бізде соңғы кезде мынандай келеңсіз жағдайлар қалыптасты. Мәселен, бір кәсіпкер жерді сатып алып, жұмысын жүргізе бастаса, оның алдағы уақытта жұмысы жүріп, кеңейетінін басқа кәсіпкерлер оның маңайындағы жерді сатып алып, уақыты келгенде қымбатқа сатады. Осыған прокуратура мониторинг жасау керек» деді. Өз кезегінде сөз алған облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев инвесторлар мен кәсіпкерлерді сүйемелдеу мақсатында «бір терезе» қағидатын ұйымдастыруды және өңіріміздегі инвестициялық жобаларға қажетті мамандар даярлауға қатысты ұсынысын ортаға тастады. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Еркін Жылысбек пен «Бизнесті индустрияландыруға жәрдемдесу палатасы» Қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Латиф Айдаров та өз ойын ортаға салды. Айжан Өзбекова  
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар