Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«БІР БЕЛДЕУ, БІР ЖОЛ» БАСТАМАСЫНА – 10 ЖЫЛ

«БІР БЕЛДЕУ, БІР ЖОЛ» БАСТАМАСЫНА –  10 ЖЫЛ
ашық дереккөз
«БІР БЕЛДЕУ, БІР ЖОЛ» БАСТАМАСЫНА – 10 ЖЫЛ
Еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін арада екі аптаға жуық уақыт өткенде, яғни 1992 жылдың 3 қаңтарында Қазақстанға ҚХР Премьерінің бірінші орынбасары, ҚКП Орталық Комитеті Саяси Бюросы Тұрақты комитетінің мүшесі Ли Ланьцин арнайы сапармен келіп, Қытай елінің, Үкіметінің құттықтауын жеткізіп, дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы келісімге қол қойған болатын. Содан бері Қазақстан мен Қытай қай салада болмасын бір-бірін берік қолдап, тату көршілік пен достық қарым-қатынастың үлгісін көрсетіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы уақытқа дейінгі Қытайға сапарлары, екіжақты қарым-қатынастардың жаңа деңгейге көтерілуі елімізді жаңа белестерге бастап, мол мүмкіндіктерге жол ашуда. Алпауыт көршімізбен достық, ынтымақтастық қарым-қатынастың арқасында ынтымақ-бірлігімізге, тыныштығымызға сызат түспей, еліміздің дамуы мен өркендеуіне қуатты серпін сыйлауда. Елімізді алға бастайтын қаншама келіссөздер жүргізіліп, келісімшарттар жасалуда. Мәселен жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына ресми сапары аясында жалпы құны 16,54 миллиард доллар болатын 30 коммерциялық құжатқа, соның ішінде инвестициялық, сауда келісімдеріне, өндіріс технологиясын беру, кредит желісін ашу және тағы да басқа бағыттарды қамтитын келісімшарттарға қол қойылды. Ел Президентінің ресми сапары Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізуден басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумына қатысуға шақыруын зор ықыласпен қабыл алғанын айтты. «Қазақстан Сіздің осы жаһандық бастамаңызға алғашқы күннен бастап қолдау білдірді және оны ілгерілетуге белсенді атсалысып келеді. Осыдан тура 10 жыл бұрын Астанада сөйлеген сөзіңізде Сіздің осы бастама туралы айтқаныңыз есімізде. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Сізді осы мегажобаны жүзеге асыру барысында керемет нәтижеге қол жеткізуіңізбен құттықтаймын және айтулы шараның табысты өтуіне тілектестік білдіремін. Сондай-ақ Сізді Қытай Халық Республикасының құрылғанына 74 жыл толуымен және Ханчжоуда өткен XIX жазғы Азия ойындарындағы Қытай командасының зор жетістігімен құттықтаймын. Біз Қытайдың қарқынды дамуын ерекше ықыласпен бақылап отырмыз. Сіздің дана басшылығыңызбен Қытай әлемдік жетекші державаға айналуды көздеген асқақ мұратына жетуге батыл қадам жасап келеді» деген Президент жан-жақты әрі мәңгілік стратегиялық серіктестікке негізделген қазақ-қытай қатынастары қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды. Өз кезегінде ҚХР Төрағасы шақыруын қабыл алғаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту маңызды екенін жеткізді. «Жоғары деңгейдегі «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумына қош келдіңіз. Орнықты әрі қарқынды қазақ-қытай қатынастары екі ел арасындағы өзара сенімді нығайтып, бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдау ісінде батыл әрекет етуге септігін тигізеді. Халықаралық жағдайдың қалай құбылатынына қарамастан, Қытай мен Қазақстан өздерінің бастапқы ұстанымдарынан айнымай, бір-біріне жәрдемдеседі. Елдеріміз арасында достық қатынастар орнаған жылдар ішінде біз мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік қалыптастыра алдық. «Бір белдеу, бір жол» жобасын 10 жыл бұрын Қазақстанда көтерген едім» деді Си Цзиньпин. ҚХР Төрағасының айтуынша, Қытай Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын, сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларды толықтай қолдайды. Келіссөз барысында тараптар сауда-экономика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, қаржы, көлік-транзит, атом өнеркәсібі, машина жасау, туризм, электронды коммерция және жоғары технология салаларындағы жан-жақты ықпалдастықты дамыту мәселелерін талқылады. Бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ мәдениетаралық байланыстарға жағдай жасау маңызды екеніне тоқталды. Бұдан бөлек, мемлекеттер басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің келіссөзі нәтижесінде екі елдің делегация мүшелері бірнеше маңызды құжаттарға қол қойды. Ал «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумының ашылу рәсіміне қатысып, сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Кемелұлы Қытайдың жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі шешуші рөліне назар аударып, оны экономикалық және технологиялық дамудың локомотиві ретінде атап өтті. «Қазіргі геосаяси жағдайда «Бір белдеу, бір жол» бастамасы қажетті халықаралық жобаға және ынтымақтастықтың ірі платформасына айналды. Бұл жоба Қытайдың экономикалық қуатын, сондай-ақ оның жаһандық деңгейдегі жаңа белестерді бағындыруға ұмтылысын көрсетеді. Бүгінде Сіздің бастамаңыз өзінің қажеттілігін көрсетті және әлемдік қоғамдастық тарапынан мойындалып, жаһандық ауқымдағы үлкен жобаға айналды деп сенімді түрде айта аламыз. Осы жобаға қатысушы мемлекеттердің бастамалары арқасында Азия, Еуропа және Африканың 150-ден астам елі тарам-тарам теміржолдар желісі, жоғары жылдамдықты күрежолдар және теңіз жолдары арқылы байланыс жасап отыр. Бұл жоба әлем экономикасының жылдам құбылып тұрған жағдайында қазіргі заманның аса күрделі сын-қатерлеріне тиімді төтеп бере алатын және мемлекеттеріміз үшін жалпыға ортақ игілікке айналды» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанның жетістіктері жөнінде де айтты. Осы ретте, Президенттің пікірінше, Еуразия кіндігінде орналасқан еліміз, Солтүстік пен Оңтүстікті, Батыс пен Шығысты байланыстыра отырып, бастаманы іске асыруда ерекше рөл атқарады. Оның айтуынша, Қытаймен арада созылып жатқан ортақ шекарасы бар әрі аумағы үлкен құрлықішілік мемлекет ретінде Қазақстан халықаралық маңызға ие көлік-логистикалық торапқа айналуға барынша күш салып отыр. «Бүгінде Қытайдан Еуропаға жасалатын жерүсті транзиттік тасымалдың 85 пайызға жуығы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Көлік-транзит саласының дамуына баса мән бере отырып, соңғы 15 жылда біз осы мақсаттарға 35 миллиард доллардан астам қаражат бөлдік. Ляньюньгандағы қазақ-қытай логистикалық орталығы, «Қорғас» құрғақ порты, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік магистралі, Қытайдан Иранға баратын теміржол дәлізі сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар іске қосылды. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазақстан Президенті үш жыл ішінде 1 300 шақырым жаңа теміржол салуға, Қытаймен шекарада үшінші теміржол өткізу пунктін ашуға, «Бақты» және «Қалжат» жаңа құрғақ порттарының құрылысына қатысты жоспарын ортаға салды. Бұл – Қазақстанның ірі экономикалық жобалары Қытайдың жаһандық бастамасымен ұштасатынын анық көрсетеді. Мемлекет басшысы өз сөзінде аса ірі жобаның бірі ретінде Транскаспий халықаралық көлік бағытының ерекше рөліне назар аударды. Бұл бағдар Қытайды, Орталық Азияны және Еуропаны байланыстыратын «Бір белдеу, бір жол» бастамасының құрлықтағы көпіріне айнала алады. Осы ретте жүк тасымалдау мерзімін екі есе қысқартуға және көлік шығындарын айтарлықтай төмендетуге ықпал етеді. «Қазақстан мен Қытай арасында Транскаспий бағытын дамыту жөніндегі үкіметаралық екі келісімге қол қойылды. Жуық арада бұл келісімдер айтарлықтай нәтиже беретініне сенімдімін. Күш-жігерімізді тиімдірек үйлестіру үшін ірі стратегиялық порттардың, логистикалық орталықтардың және пошта хабтарының серіктестік желісін құруды ұсынамын. Сонымен қатар кемелер мен контейнерлердің бірлескен өндірісін жолға қоюға мүдделіміз. Қазақстан жолаушылар мен жүктерді тұрақты тасымалдау ісін қамтамасыз ете отырып, әлемнің жетекші әуе компаниялары үшін сенімді әуе көпірі және ыңғайлы айлақ болуға дайын» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, жаңа жаһандық жоба саналатын «Цифрлық Жібек жолы» бастамасы аясындағы серіктестік мол мүмкіндіктерге жол ашады. «Цифрлық және зияткерлік ықпалдастықтың жаңа моделін құру экономикамыздың инновациялық тұрғыда дамуына елеулі үлес қосатынына сенімдімін. «Бір белдеу, бір жол» бастамасының жаңа онжылдығында Қазақстан ортақ табысқа жетуге жан-жақты атсалысуды жалғастырады. Құрметті Төраға Си Цзиньпин, Сіздің басшылығыңызбен ҚХР түрлі халықтардың ортақ тарихи тағдыры тұжырымдамасы негізінде Қытайдың жаңа дәуірін қалыптасыруда одан әрі зор жетістіктерге жететініне сенімдімін» деп қорытындылады сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар форумда Қытай Төрағасы Си Цзиньпинь, Ресей Президенті Владимир Путин, Индонезия Президенті Джоко Видодо, Аргентина Президенті Альберто Фернандес, Эфиопия Премьер-министрі Абий Ахмед, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш сөз сөйледі. «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумынан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің төрағасы Ван Хунинмен келіссөз жүргізді. Әңгіме барысында Ван Хунин қазақ-қытай қатынастарын жоғары бағалап, екі ел арасындағы ынтымақтастықты бірлесе ілгерілетуге дайын екенін жеткізді. «Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан қарқынды дамып, тұрмыс деңгейі ұдайы жоғарылап келеді. Бұл – таңғаларлық нәтиже. Бүгін Сіз «Бір белдеу, бір жол» III форумының ашылу рәсімінде өте мазмұнды сөз сөйлеп, ынтымақтастыққа қатысты бірқатар маңызды ұсыныс айттыңыз. «Бір белдеу, бір жол» аясындағы стратегиялық серіктестіктің 10 жылында барлық тараптың ортақ күш-жігерінің арқасында біз зор жетістіктерге қол жеткіздік. Сіз Си Цзиньпин мырзамен ұдайы тығыз байланыста болып, көптеген кездесу өткіздіңіз. Сонымен қатар сіздер қазақ-қытай қатынастарының жаңа «алтын 30 жылдығын» бастап бердіңіздер. Қытай тарапы екі ел басшылары қол жеткізген маңызды уағдаластықтарды жүзеге асыру жолындағы ынтымақтастықты бірлесе ілгерілетуге дайын», деп сенім білдірді Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің төрағасы. Сондай-ақ кездесу барысында екі елде жүргізіліп жатқан жан-жақты реформалар жөнінде айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ван Хунин барлық деңгейдегі белсенді саяси диалогты жалғастыру маңызды екенін атап өтіп, екіжақты қарым-қатынастың бүкіл бағыты бойынша ынтымақтастықты нығайту перспективаларын талқылады. Жалпы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға ресми сапары аясында басқа да маңызды жиындарға, кездесулерге және өзі білім алған Бейжің Тіл және мәдениет университетінің аумағында орта ғасырлық философ, ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабиге арналған бюстті салтанатты түрде ашу рәсіміне қатысты. Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Кемелұлы Әл-Фарабидің әлемдік өркениетке қосқан зор үлесіне айрықша тоқталды. Сондай-ақ Президент ұлы ойшылдың мұрасы білім ордасында жан-жақты зерттелетініне, сол арқылы мәдени байланыстарымыз нығая түсетініне сенім білдірді. Сонымен қатар осы бастамаға қолдау білдірген Қытай Үкіметіне, Бейжің Тіл және мәдениет университетіне, Қытайдың Мемлекеттік өнер мұражайына және көрнекті мүсінші У Вэйшаньға зор ризашылығын білдірді. Іс-шара соңында Президент Бейжің Тіл және мәдениет университетіне Әбу Насыр Әл-Фарабидің портретін сыйлап, осы оқу орнында білім алып жатқан қазақстандық студенттермен әңгімелесті.    
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар