Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Талаптар қатаң сақталуы қажет

Талаптар қатаң сақталуы қажет
ашық дереккөз
Талаптар қатаң сақталуы қажет
Ата Заңымызға сәйкес әркiмнiң қауiпсiздiк пен гигиена талаптарына жауап беретiн еңбек жағдайларына, ешбiр алалаусыз еңбегi үшiн ақы алуына, жұмыссыздығы бойынша әлеуметтiк қорғалуына толық құқығы бар. Елімізде Еңбек кодексі жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасындағы еңбек қатынастары саласына мемлекеттің араласу шеңберлерін нақты анықтап, тараптардың тең болуын қамтамасыз етеді. Осы арқылы еңбек қатынастары субъектілерінің рөлі мен жауапкершілігі айқындалады. Мемлекет өз тарапынан қызметкерлерге базалық кепілдіктер мен өтемақыларды төменгі еңбек стандарттарын, негізгі құқықтары мен міндеттерін белгілеп, олардың жұмыс берушілер тарапынан орындалуына қатаң бақылау жүргізеді. Бір айта кетер жайт, Еңбек кодексі Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген принциптерге, Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) ұсынымдары мен конвенцияларына, халықаралық еңбек стандарттарының талаптарына сай келеді. Азаматтық қызмет – азаматтық қызметшілердің қазыналық кәсіпорын­дардың, мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын іске асыру, мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыру және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған лауазымдық өкілеттіктерді орындау жөніндегі кәсіптік қызмет Еңбек кодексінде айқындалған. Еңбек кодексіне сәйкес жұмыскер мен жұмыс беруші еңбек қатынастары субъектілері болып саналады. Еңбек қатынастары жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында жасалатын еңбек шартының негізінде туындайды. Осы кодекстің 113-бабына сәйкес жалақы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы түрінде белгіленеді және келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей айына бір реттен сиретпей төленеді. Еңбек кодексі еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін жұмыскерлерге заңмен белгіленген ақылы еңбек демалысына кепілдік береді. Жұмыскерлерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының негізгі, қосымша түрлері беріледі. Аталған кодекстің 88-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының өзге де нор­ма­тивтік құқықтық актілерінде, ең­бек, ұжымдық шарттарда және жұмыс беру­шінің актілерінде көбірек күн саны көзделмесе, жұмыскерлерге ұзақтығы күнтізбелік 24 күн болатын жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысы беріледі. Сондай-ақ, кодекстің 139-бабына сәйкес азаматтық қызметшілерге ұзақ­тығы кемінде күнтізбелік 30 күн болатын жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысының көбірек саны көзделген. Ал 93-бап бойынша жұмыскерлерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын берудің кезектілігі жыл сайын жұмыс беруші жұмыскерлер пікірін ескере отырып бекітетін демалыстар кестесіне сәйкес айқындалады, не тараптардың келісімі негізінде өтініш бойынша белгі­ленеді. Еңбек заңнамасында ақылы еңбек демалысын берудің тәртібі белгіленген. Бұл бойынша біз сөз етіп отырған кодекстің 91-бабының негізінде жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы берілген кезде нақты жұмыс істелген уақыт, жұмыскер нақты жұмыс істемеген, бірақ оның жұмыс орны мен жалақысы толық немесе ішінара сақталған уақыт ескеріледі. Сондай-ақ жұмыскер еңбекке уақытша қабілетсіздігіне байланысты нақты жұмыс істемеген уақыт, оның ішінде жүктілігіне және босануына байланысты демалыста болған уақыт, жұмыскер жұмысына қайта алыну алдында нақты жұмыс істемеген уақыт есепке алынады. Еңбек заңнамасының салада қада­ға­лануына әлеуметтік әріптестік пен са­ла­лық келісімдердің маңызы зор. Әлеуметтік әріптестік – жұмысшы, жұ­мыс беруші мемлекеттік органдар арасындағы еңбек қатынастарын және еңбек қатынастарымен тікелей байланысты өзге де қатынастарды, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық қаты­настарды реттеу мәселелері бойынша олардың мүдделерін келісуді қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл тең құқықты ынтымақтастыққа негізделген өзара қатынастар жүйесі. Тағы бір тоқтала кетер маңызды мәселе – еңбек даулары. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы келісімдердің, еңбек және ұжымдық шарттардың, жұмыс беруші актілерінің талаптарын орындау немесе өзгерту мәселелері бойынша жұмыскер мен жұмыс беруші, оның ішінде бұрын еңбек қатынастарында болғандар арасындағы келіспеушіліктерге қатысты қолданылады. Жеке еңбек дауларын – келісу комиссиялары, ал реттелмеген мәсе­лелер не келісу комиссиясы шешімінің орындалмауы бойынша істі сот қарайды. Жеке еңбек дауларын шешуде келісу комиссиясының рөлі үлкен. Келісу комиссиясы дауды өтініш тіркелген күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қарауға және дау тараптарына ше­шімнің көшірмесін шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде беруге міндетті. Келісу комиссиясының жұмысын жүйелі, заң талабына сәйкес ұйымдастыру арқылы көптеген еңбек дауларын, мемлекеттік органдарға шағымданбай, заң аясында оң шешуге болады. Осыған сәйкес келісу комиссиясының мүшелері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, келіссөздер жүргізу және еңбек дауларында пәтуаға қол жеткізу дағдыларын дамыту бойынша жыл сайын оқудан өтуге міндетті. Тағы бір жиі кетерілетін мәселе жүкті әйелдерге, бала туған әйелдерге, жаңа туған баланы асырап алған әйелдерге (еркектерге) баланың туылуына байланысты демалыстар жөнінде туындайды. Ал негізінде жүктілікке және босануға байланысты, жаңа туған балаларды асырап алған жұмыскерлерге, бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс беріледі. Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс жұмыскердің жазбаша өтініші негізінде оның ұзақтығы көрсетіле отырып және баланың туу туралы куәлігі немесе баланың туу фактісін растайтын басқа құжат ұсыныла отырып беріледі. Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс уақытында жұмыскердің жұмыс орны, лауазымы сақталады. Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс аяқталғанға дейін жұмысқа шыққан жағдайда, жұмыскер жұмыс берушіні өзінің ниеті туралы жұмыс басталғанға дейін бір ай бұрын хабардар етуге міндетті. Қорыта келгенде, Қазақстан Респуб­ликасының Еңбек кодексінің талаптарын, жұмыс беруші мен жұмыскерлерді Еңбек кодексінде көрсетілген құқықтары мен міндеттерін сақтауға шақырамыз. Еркін ИБРАИМОВ, облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының мемлекеттік еңбек инспекторы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар