ӘР АДАМ ҚАМҚОРЛЫҚТЫ СЕЗІНУДЕ
Ел Президеті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған әр жылдардағы Жолдауында ел азаматтарын жұмыспен қамту, ерекше жандарды мемлекет қамқорлығына алу, оларға жағдай жасау, кәсіп бастауға ниет еткен азаматтарға қайтарымсыз грант тағайындау, пайыздық мөлшері аз несие қарастыру жұмыстарын көтеріп, Үкіметке жүйелі тапсырмалар беріп келеді. Түрлі бағдарламалар бастау алып, мүмкіндігі шектеулі жандар да мемлекет қамқорлығын шынайы сезінуде. Ал бұл жұмыстарды үйлестіру – біздің басқарманың тікелей міндеті.
Жалпы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 2023 жылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 54 156 адамды тарту жоспарланған болатын. Жыл басынан жоспар 92,7 пайызға орындалып, 50 225 адам белсенді шараларға тартылды. Жылдық жоспар бойынша 45 253 адамды жұмыспен қамту көзделсе, қазіргі уақытта 37 382 адам жұмысқа орналасты. Сонымен қатар 31 746 азаматқа тұрақты жұмыс тауып беру жоспарланса, бүгінде 23 мың 53 әулиеаталық тұрақты жұмыс орындарына жолдама алды.
2023 жылы Жұмыспен қамтудың өңірлік карталары аясында құрылатын жұмыс орындарының жоспары 67 968 орын болып бекітілсе, есепті кезеңде барлығы 56 580 жұмыс орны құрылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құрудың облыстық жоспары 13,5 мың болатын. Бүгінде 15,6 мың жұмыс орны ашылды.
Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында мүгедектігі бар адамдарға жан-жақты қолдау көрсету, оларды жұмыспен қамтып, кәсіп ашуына қолайлы жағдай жасау ісіне баса көңіл бөлінген. Осы бағыттағы жұмыс біздің өңірде де жүйелі жалғасын тауып келеді. Мәселен биыл ұлттық жоба аясында облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 1 054 адамға 1454,5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант беру қарастырылды. Ағымдағы жылдың 1 қазанына 525 тұрғын 724,2 миллион теңге грант алды. Оның ішінде көпбалалылар – 277, мүмкіндігі шектеулі азаматтар – 129, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушілер –
68. Олардың қатарында 29 асыраушысынан айырылған, 18 атаулы әлеуметтік көмек алушы, 4 қандас бар. Жоспарға сәйкес үшінші лек бойынша 529 азаматқа қайтарымсыз грант беру көзделген.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы Жолдауына сәйкес, биыл жастарға 2,5 пайызбен шағын несие берілуде. Аймақ бойынша 447 адамға қаражат қаралды. Шағын несие беру жұмыстары сәуір айының соңында басталып, бүгінгі күнге дейін 378 үміткер кәсіп ашуға қаржы алды.
Мемлекет жүргізіп отырған әлеуметтік саясаттағы ең басты мәселенің бірі – қолы бос адамдарды өтінішіне қарай жұмыс күші тапшы өңірлерге отбасымен бірге қоныстандыру. Биылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша жұмыс күші тапшы өңірлерге біздің облыстан 160 отбасындағы 488 адам қоныс аударды. Олар Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарына көшіп барды. Қоныс аударушы отбасылар толығымен қабылдаушы өңірлік квотасына енгізіліп, барлық мүшелеріне субсидия төленді және олар жалдамалы тұрғын үймен қамтылған.
Осы жылы атаулы әлеуметтік көмекпен 58 340 адамды қамту жоспарланып, оларға барлығы 4,5 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Қазан айына дейін атаулы әлеуметтік көмек ретінде 7 448 отбасындағы 39 550 адамға 3 миллиард теңге тағайындалды.
Мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету – әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы орайда Президент «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз», деп атап өткен болатын. Бұл бағытта облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан тиісті жұмыстар өз деңгейінде жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта облыс бойынша 45 601 мүгедектігі бар адам тіркелген. Оның ішінде бірінші топта 4 361, екінші топта 16 794, үшінші топта 17 622 адам бар. 18 жасқа дейінгі мүгедектер саны 6 824-ті құрайды. Бұл облыс халқының жалпы санына шаққанда – 3,7 пайыз.
Басқарманың сан салалы жұмысының негізгі бағыттарының бірі – мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту шараларымен қамтамасыз ету. Яғни, мүгедектігі бар адамдардың тыныс-тіршілігінің шектелуін жеңіп шығуы үшін жағдай туғызуға, олардың әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіруге, әлеуметтік-тұрмыстық және ортаға бейімделуіне бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыру. Мүгедектігі бар адамдардың өзін-өзі қарап-күтуіне, өз бетімен өмір сүру мүмкіндігіне қол жеткізуіне немесе олардың отбасылық және қоғамдық өмірдің үйреншікті жағдайларына қайта оралуына жағдай жасауда арнайы оңалту құралдарының алатын орны ерекше. Бүгінгі таңда мүгедектігі бар адамдарды қажетті арнайы оңалту құралдарымен және арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету жұмыстары автоматтандырылған түрде Әлеуметтік қызметтер порталы ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі. Оларды қажетті арнайы оңалту құралдарымен қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау мақсатында биыл 3,6 миллиард теңге қаражат бөлініп, тиісті аппараттар, бұйымдар алынуда.
Қазіргі таңда әлеуметтік қызметтер ұсыну порталында ерекше қажеттілігі бар азаматтардың жеке оңалту бағдарламаларының орындалуы 89,6 пайызды құрап отыр. Жылдық жоспар 90 пайыз болып бекітілген. Аталған порталда 23 003 өтініш тіркеліп, 20 610 өтініш қанағаттандырылды.
Жыл басынан бері басқармаға қарасты 18 медициналық-әлеуметтік мекемеде 2 224 адамға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді. Атап айтсақ, 7 стационар жағдайындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында қарттар мен мүгедектігі бар – 1 256, жартылай стационар жағдайындағы мүгедектігі бар 9 адам және балаларды оңалту және бейімдеу орталықтарында 704 азамат қызмет алды. Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдар мен балаларға және 2 тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығында 264 адамға қызметтер ұсынылды.
Соңғы жылдары арнаулы әлеуметтік қызметтердің көлемі мен сапасын жақсарту мақсатында бұл қызметтерді ұсынатын мекемелердің желісін дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, 2020-2022 жылдары Талас, Т.Рысқұлов, Сарысу аудандарында мүгедектігі бар балаларды оңалту және бейімдеу орталықтары және Талас ауданы, Ақкөл ауылында 200 орындық жүйке ауруына шалдыққан мүгедектерге арналған стационар жағдайындағы орталық, Қордайда 15 орындық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы ашылды.
Қазіргі таңда мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту және бейімдеу орталықтары ашылған. Мәселен Тараз қаласында 68 төсек-орындық оңалту орталығы бар болса, облыстың 7 ауданында 206 төсек-орындық мекеме ашылған. Соңғы үш жылда аталған орталықтарда 909 бала оңалту шараларымен қамтылды. Соның нәтижесінде 185 бала бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілді. Мысалы 18 бала өздігінен отырды, 19 бала еңбектеді. 24 бала жетек арбаға ілессе, 21 бала өздігінен жүріп, 45 бала сөйлей бастады. 58 бала өзіне-өзі қызмет көрсетуді үйренсе, 1 бала колледжге оқуға түсті. Ал 14 бала мектепке және 3 бала балабақшаға барып жүр. Бұл сала мамандарының еңбегі, жұмысқа деген жауапкершілігі, қоғамға деген жанашырлығы деп білеміз.
Биыл Тараз қаласында «Белсенді ұзақ өмір орталығын» және «Аутизмі бар балаларды қолдау орталығын» ашу жоспарлануда. Оның алғашқысы зейнеткер жасындағы азаматтарды қайта әлеуметтендіру үшін қолжетімді жағдайлар жасауда оларға әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық қызметтер көрсетуді көздейді. Ал екіншісі аутизмі және басқа да психикалық бұзылыстары бар балаларда туындайтын әлеуметтік проблемаларды шешуге жағдай жасайтын және олардың басқа азаматтармен тең дәрежеде қоғам өміріне қатысуына мүмкіндіктер беруге бағытталған қызметтер кешенін ұсынатын болады.
Ерекше жандарға табыс табуда тең мүмкіндіктер жасаудың басты шарттарының бірі – оларды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту. Осы жылдың 1 қазанына 2 718 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, олардың 612-сі тұрақты жұмыспен қамтылды, 493 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға, 18 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 35 адам «Жастар тәжірибесі» бойынша жұмысқа жолданды. «Алғашқы жұмыс орны» жобасына – 12, «Күміс жас» жобасына 42 адам жіберілсе, онлайн оқыту курсынан –
71, «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан 1 261 адам өтті. 137 адам грант алса, кәсіптік оқыту курстарына 37 адам жолданды.
Бүгінгі таңда қайтарымсыз гранттар әлеуметтік осал топтарды қолдаудың ең тиімді құралдарының бірі болып отыр.
Биыл облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына, яғни 1 054 адамға ұлттық жоба аясында кәсіпкерлікті дамытуға 1454,5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар беру жоспарланды. Есепті кезеңге 525 адам 724,2 миллион теңге грант алды.
Мемлекеттің ерекше жандарға қоғамда тең мүмкіндіктер жасау және халықты жұмыспен қамту саясатын өз құзіреті шегінде жүзеге асыру біздің басқарманың басты міндеті болып қала береді. Бұл бағыттағы жұмыстардың шарапатын қызмет алушы әр адам сезінуде.
Гүлдана ЖАУЫНБЕКОВА,
облыс әкімдігі жұмыспен
қамтуды үйлестіру
және әлеуметтік бағдарламалар
басқармасының басшысы
Келесі мақала