Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бостандықтың өарбызына бәрі қызығады

Бостандықтың өарбызына бәрі қызығады
Ашық дереккөз
Еліміздің өзге өңірлері Бостандық ауылын басқа емес, тіл үйірер тәтті қарбызы арқылы біледі. Расымен, құнарлы топыраққа егіліп, Таластың суымен өнген қарбызға таңдау танытатындар көп-ақ. Алайда кейінгі жылдары өзен суының тартылуы нәсібін жерден айырған шаруаларға оңай тимей отыр.

Қолдағы кәсіптің берекесі табиғат жағдайы мен ағын суға қарағандықтан шаруалардың кейбірі иелігіндегі бақша жерлерін шамалап пайдалануға көшкен. Алайда істің көзін тауып, су үнемдеу технологияларын пайдаланып жатқандар да жоқ емес. Тәжірибемен дәлелденген мұндай тиімді тәсілді әсіресе Бостандық ауылдық округіне қарасты шаруа қожалықтар жақсы игерген. Солардың бірі – «Рәтбек» шаруа қожалығы.

Шаруа қожалықтың биыл ғана құрылғанына қарамастан төрағасы Ербол Мейірбеков бақша дақылдарын егіп, табысты адал еңбектен айыруға тәуекел танытқан.

Жерге дән егіп, күтіп-баптау айтуға оңай болғанымен, атқаруға ауыр жұмыс. Машақаты көп, қиындығы жетіп артылады. Мұны жер танып өскен шаруалар жақсы түсінеді.

Биылғы маусымға «Рәтбек» шаруа қожалығы 32 гектар аумаққа бақша дақылдарын отырғызған. Оның 10 гектары картоп, 2 гектары қызанақ, 20 гектарын қарбыз құрайды.

Алқап басында қазір қарбалас жұмыс. Өйткені ерте көктемде еккен қарбыз пісіп, сабағынан жұлынып, саудаға шығарылып жатыр. Соған сәйкес Бостандықтың құнарлы топырағынан өнген өнімге сұраныс білдірушілер де көбейді Олардың арасында Тараз қаласынан тапсырыс берушілер мен Шымкенттен келіп, Алматыға қарбыз артып жатқан кәсіпкерлер де бар. Бақшаның басынан алынған өнімнің нарық құнынан төмен болатындығы белгілі. Көтерме бағамен саудаланып жатқан қарбыздың бағасы алушылардың да қызығушылығын тудырып отыр.

Қазір Тараз қаласына іргелес жатқан Өрнек ауылының қарбыздары саудаға шығарылып жатыр. Алайда тұтынушылардың арасынан Бостандықтың өнімін сұрайтындар көп. – Бала кезімізде сауда қазіргідей қанат жаймаған. Таңдағанымызға қолымыз жете бермейді. Сырттан емес, осы өзіміздің Бостандықтың қарбызын жеп өстік. Түртсек, тарс етіп жарылуға дайын тұратын қарбыздар қандай еді? Басқа емес, өзім жаз түссе болды Бостандықтың қарбызын сұрастырамын. Тіпті болмағанда көлік жалдап, тікелей диқандардан алуға тырысамын. Байқаймын, қаламызға Бостандықтан қарбыз аз жеткізіледі. Көбірек саудаланса, сұраныссыз қалмайды деп ойлаймын. Өзіміздің өнімді пайдаланғанға не жетсін, – дейді қала тұрғыны Аманбек Тұрғынбеков.

Нарбол ҚАШАҒАН,

журналист, Талас ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар