САҚТАРДЫҢ САФ АЛТЫНЫ –музей төрінде
Тараз төрінде «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрме өтуде. Аталған мәдени іс-шара Қызылорда облысының 85 жылдығына орай ұйымдастырылуда.
Сыр өңірі – Қазақстандағы көне өркениет іздері мол сақталған өлкенің бірі. Археологиялық деректер бойынша, өлкенің тарихы бес мың жылдықты қамтиды. Сондықтан да Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында сақталған құнды жәдігерлерді «алтынның арқауы, күмістің жалғауы» болған көне шаһар Таразға арнайы алып келіп, қала жұртшылығының назарына ұсынып отыруының өзіндік тарихи маңызы жоғары.
Алаштың мақтанышына айналған Сыр елінде қазақ халқының 4 астанасы бой көтергенін біздер тарихтан жақсы білеміз. Олар – Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ, Қызылорда қалалары.
Сақ тайпаларының барлығы тек көшпелі қауым болды деуге болмайды. Өйткені ерте темір дәуірінде оларда дала мен қала мәдениеті қатар дамыған. Сыр өңіріндегі сақтар отырықшы әрі қалалық өркениетті жақсы меңгерген, егін егіп, бау-бақша өсіріп, қала салған. Бұған Сырдария өзенінің арнасы Жаңадарияның сол жақ жағалауындағы ең биік төбенің үстіне орналасқан Шірік-Рабат қаласы айғақ бола алады. Себебі антикалық дәуірдегі грек және парсы халықтары мен осы өңірдегі жергілікті сақтардың мәдени және саяси байланыста болғаны ықылым заманнан белгілі.
Жанкент қаласы Оғыз бірлестігінің астанасы болған ортағасырлардан бері тарихы бай қала. Кей деректерде, яғни түрікше Янгикент, қазақша Жанкент, «жаңа қала» деген мағынаны білдіреді деп түсініктеме береді ғалымдар. Қаланың XV ғасырдан кейінгі тағдыры белгісіз, жазба деректерде де ешқандай мәліметтер кездеспейді. Шамасы қала моңғол және жоңғар шапқыншылығынан соң өмір сүруін тоқтатқан деп топшылаймыз.
Сығанақ қаласы – Ұлы Жібек жолының бойындағы маңызды сауда және қолөнер орталығы болған. 1469-1511 жылдары Қазақ хандығының астанасы, ал оған дейін Қыпшақ мемлекетімен Ақ Орданың бас қаласы ретінде белгілі болған тарихы терең шаһар.
Қызылорда ХХ ғасыр ширегінде, яғни Орынбордан кейінгі екінші бас қаламыз болған. Алаштың ардақты ығай-сығайының бастарын біріктіріп, қазақ халқының мүддесі үшін тер төккен зиялылардың басын бір арнаға тоғыстырған қаланың бірі ретінде бізге тарихтан белгілі.
Атап айтар болсақ, облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Көркемсурет» галереясында өтіп жатқан көрмеде Сыр елінің тарихынан сыр шертетін 100-ге жуық археологиялық құнды жәдігер қойылған. Мәселен, б.з.д. 4-2 мыңжылдықтарды қамтитын Шірік-Рабат қалашығының алтын әшекей бұйымдары «Дала өнері», «Алтын тұмар», «Алтын ханшайым» композициясы және Х-ХVІІІ ғасырлардағы Сығанақ қалашығының алтындары, VII-XI ғасырлардағы оғыздар пайдаланған Жанкент қыш бұйымдары көрмені тамашалауға келген облыстағы жұртшылықтың назарына ұсынылып отыр. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан бұл көне тарихи көрме бір жеті бойы облыс тұрғындарының назарына ұсынылады. Тарихи көрмені тамашалаймын деген облыс тұрғындары мен қонақтарына қапы қалмауға әлі де мүмкіндік бар.
Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері
Келесі мақала