Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қоқыс та табыс көзі

Қоқыс та табыс көзі
ашық дереккөз
Қоқыс та табыс көзі
Статистикаға зер салсақ, Қазақстанда жыл сайын 4,5 миллион тоннадан астам қалдық шығарылады. Бірақ оның аз бөлігі ғана өңделеді. Мысалы, әрбір қазақстандық тұрмыстық және басқа да қажеттілікке қатысты тұтынған затынан жылына шамамен 280-330 мың келі қалдық қалдырады. Қатты тұрмыстық қалдықтардың басым бөлігі полигондарда, қоқыс алаңдарында жиналады. Олардың 97 пайызы қоршаған ортаны қорғау заңының талаптарына сай келмейді. Бұл сандар қоқысты кәдеге жаратудың кезек күттірмейтін мәселеге айналып тұрғанынан хабар береді. Әлбетте, қоқыспен күрес – жалғыз бізді ғана емес, дүниежүзін толғандырып отырған жаһандық мәселе. Химиялық қалдықтар өңір келбетін бұзып қана қоймайды, қоршаған ортаға үлкен зиян келтіреді. Жердегі қоқыстар мен қалдықтар ыдыраған кезде пайда болатын заттар атмосфералық ауаны ластайды. Айталық, табиғи жағдайда қарапайым қағаз 2 жылда ыдырайды. Химиялық жолмен өндірілген өзге де тұрмыстық қатты қалдықтар ше? Мәселен, ғалымдар металл консерві банкаларының табиғи процеспен жойылуына 90 жыл кететінін, ал шыны банкаларға – 1000 жыл қажет екенін алға тартады. Қазіргі таңда, жасыратыны жоқ, өндірістік қалдықтар өз алдына, тұрмыстық қалдықтарды да кәдеге жарата алмай келеміз. Мәселен, Швейцарияда әрбір тұрғын қоқысты сұрыптап төгуге міндетті екен. Яғни әйнекті әйнек, қағазды қағаз, пластикті пластик төгетін жәшікке бөлек-бөлек салады. Нәтижесінде әйнек ыдыстардың 90 пайызы, қағаз өнімдерінің үштен бірі қайта өңделеді. Ал біздің елімізде ше? Тұрмыстық қалдықтар сұрыпталмақ түгіл, оның 15 пайызы ғана өңделіп, пайдаға жарайды. Сондықтан қоқысты кәдеге жаратушы осындай кәсіпорындар қалаларда ғана емес, ауылдық елді мекендерде де жұмыс істесе бұл мәселені шешуге болады. Қоршаған ортаның тазалығын сақтау, ауылының экологиялық ахуалын жақсартуға тамшыдай болса да үлес қосуға бел буған жас кәсіпкердің бірі – Ұлболсын Ерболқызы. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы басым бағыттарды іске асыру және ауылдың экологиялық ахуалына атсалысу мақсатында «Ayyltazalygy» жеке кәсіпкерлігін құрған. Жұбайымен ақылдасып, 2020 жылы жұмысын бастаған. – «Тазалық – денсаулық кепілі» деп халқымыз тегін айтпаған. Қоршаған ортаңды таза ұстау, табиғатқа қамқор болу дегеніміз –әрбір адамның туған мекеніне деген сүйіспеншілігі мен жанашырлығын көрсетеді.Кез келген қоқыс, соның ішінде тұрмыстық қалдықтардың халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға тигізер зияны орасан. Елімізде жыл сайын 5 миллион тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдық жиналатынын басылым беттерінен оқып, ауыл тазалығына үлесімді қосқым келді. Біз қызмет көрсететінелді мекеннің бірі – Диқан ауылдық округі. Округ құрамына 3 елді мекен және 1 саяжай кіреді. Диқан ауылында аула саны–262, Жеңіс ауылында түтін саны – 65, Аймантөбеде – 133 үй, Денсаулық саяжайында110 аула бар. Аталған үйлердің барлығына қызмет көрсетеміз. Осы кәсібімнің арқасында үш азаматты жұмыспен қамтып отырмын. Жұмысшылардың ең төменгі жалақысы 70 мың теңгені құрайды. Тұрмыстық қалдықтардың түрі көп, оның қоршаған ортаға қауіптілігі қаншалықты маңызды болса, дер кезінде тазартып отыру да үлкен жұмысты талап етеді. Жалпы тұрмыстық қалдықтарды шығару оңай жұмыс емес, – дейді кәсіпкер. Ерекше кәсіпті табыс көзі еткен ол жұмысын бастар алдында аула иелерімен келісімшартқа отырған. Әр аптаның сенбісі күні жұмысшылар үй іргесіне шығарылып, қапшықтарға салынған тұрмыстық қалдықтарды техникаға тиеп алып кетеді. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Байзақ газ учаскесімен келісімге келген. Қазір тұрғындар газға ақысын төлегенде бірге қоқыс үшін де төлей алады. Қызмет бағасы өткен жылға дейін айына 400 теңге болатын. Жанар-жағармайдың бағасы өскенін әрі жұмысшылардың жалақысын, техниканың істен шығуын, оны жөндеуін, барлығын ескере келе, биыл қызмет бағасын 500 теңгеге көтерген. Кәсіпкердің айтуынша, қоқыс шығару – өзін-өзі ақтайтын қызмет. Жұмысты алғаш бастағанда қиындықтар мен кедергілер көп болған. Бәрін сабырмен жеңе отырып, жұмысын бір жүйеге келтіріпті. – Қазіргі таңда ауыл тұрғындары қоқыс жинау мәдениетін меңгеріп келеді. Бұрынғыдай кез келген жерге тұрмыстық қалдықтарды тастамайды. Мүмкіндікті пайдаланып, халықтан тек сұрайтынымыз – біздің жұмысымызға да құрметпен қарап, еңбегімізді бағаласа дейміз, – дейді ол. Туған мекенімізді таза ұстау – әрқайсымызға тікелей байланысты. Пайдасынан гөрі машақаты көбірек кәсіппен (тұрмыстық қалдықтарды шығарумен) айналысып жатқан жас кәсіпкердің тірлігі көпке үлгі етуге лайықты. Ақтоты Жаңабай
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар