ГАЗДАНДЫРУ жүйесі салғырттықты кешірмейді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан біршама уақыт бұрын газ саласын дамыту жөніндегі кеңесте: «Газ саласы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды орын иеленіп отыр. Сонымен бірге еліміз газды жылдан-жылға көбірек тұтынуда. Бірақ газ өндіру қарқыны оған сай емес. Өнеркәсіп өндірістерін газға көшіретін жаңа жобалар іске қосылуда. Көгілдір отын жағатын тұрғындар саны көбейіп келеді. Сондықтан газға деген сұраныс арта түседі», деген болатын. Президентіміз айтқандай, шынымен де газға деген сұраныс күннен-күнге артпаса, кемімеді. Бүгінде «ҚазТрансГаз Аймақ» акцонерлік қоғамы Қазақстанның ішкі нарығындағы тұтынушыларды үздіксіз және апатсыз газбен жабдықтауды қамтамасыз етуде.
Қазіргі таңда облыс бойынша 371 елді мекеннің 269-ы газдандырылған. Жыл басынан бері 3 елді мекен газ желісіне қосылса, жыл соңына дейін 10 елді мекенді газ желісіне қосу жоспарланған.
Сонымен қатар облыс тұрғындарын тауарлық газбен қамтамасыз етіп отырған 17 газ тарату стансасы, 207 газ реттеу пункті және блокты газ реттеу қондырғылары, 1 417 шкафты газ реттеу пункті, 22 781 жеке шкафтық пункт бар. Ал оның игілігін 228 600 тұрмыстық тұтынушы, 6 401 коммуналдық-тұрмыстық тұтынушы, 458 өнеркәсіптік кәсіпорын көруде.
Алайда бір өкініштісі, тұрғындар газдың пайдасын ғана емес, зиянын да көруде. Өйткені қоғамда жылдан-жылға жазатайым оқиғалар күннен-күнге артып келеді. Мысалы, 2022-2023 жылғы жылыту кезеңінде келіп түскен жазатайым оқиғалардың саны 69 болса, одан 172 адам зардап шеккен. Оның ішінде 9 адам қайтыс болған.
Ал «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы Жамбыл өндірістік филиалы жазатайым жағдайлардың алдын алу мақсатында облыс аумағында газ және газ қондырғыларын қауіпсіз қолдану ережелерін сақтау бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізуде. Сонымен қатар қазан айының алғашқы күнінен бастап бір айға жалғасатын қауіпсіздік айлығы жарияланды. Қазіргі таңда жылыту маусымына дайындық пысықталып, жоспар құрылып, бірқатар іс-шара жүзеге асырылуда. Айта кету керек, 12 қазаннан бастап қала тұрғындарына жылу беріле бастады. Осы орайда біз «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының бастығы Абыл Юсуповтан жылыту маусымын қауіпсіз өткізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысын сұрадық.
– Облыс бойынша 2023-2024 жылғы жылыту маусымында тұрғындарды үздіксіз тауарлық газбен қамтамасыз ету мақсатында қысқы-күзгі дайындық жұмыстары толықтай аяқталды және де қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында ескертпе қағаздар таратылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Ал «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамына тәуелсіз авария, инциденттер себебінен тауарлық газды жеткізу көлемін шектеу режимін енгізсе, жеткізу қолданыстағы заңнамаға сәйкес тұтынушылардың басымдығы бойынша жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ мемлекеттік мекемелерде, әлеуметтік объектілерде және орталық қазандықтарда баламалы отын түріндегі жабдықтар мен қажетті отын мөлшерінің қорлары қарастырылмағанын атап өткен жөн. Сонымен қатар көгілдір отынның тарифтері бойынша да ақпаратпен бөліскенді жөн көріп отырмын. Қазіргі таңда тауарлық газдың бағасы тұрғын үй (халық) үшін қосымша құн салығын қосып есептегенде 1000 текше метрі 31 149,91 теңге, заңды тұлғалар үшін ҚҚС-ын қосып есептегенде 1000 текше метрі –
48 542,76 теңге. Мемлекеттік атаулы көмек алатын тұрмыстық тұтынушыларға ҚҚС-ын қосып есептегенде 1000 текше метрі 24 224,11 теңгені құрайды, – дейді Абыл Рахманбердіұлы.
«Таяқтың екі ұшы болатыны» секілді газдың да оң және теріс қасиеттері бар. Оң қасиеттері –
газ салыстырмалы түрде арзан отын, экологиялық таза. Газды автоматтандыру, тасымалдау оңай. Ал теріс қасиеттері –
жарылғыш, өрт қаупі мен адам ағзасын тұншықтыратын әсері бар. Алайда газ өздігінен жанбайды. Жану үшін ауа керек. Газдың толық емес жану өнімдері улы болып саналады. Сондай-ақ газдың иісі болмағандықтан ауадағы газды тану үшін газға иіс беру үшін одоризация қолданылады. Ал ол толық жанған кезде одан көмірқышқыл газы, су буы бөлінеді. Толық емес жанған кезде көміртегі тотығы улы газ күйінде бөлінеді. Егер газдың толық жануын көзбен анықтайтын болсақ, жану процесі тыныш ағады, жалын түсі мөлдір немесе көкшіл-жасыл түсте болады. Ал жалын немесе оның бір бөлігі сарғыш-қызыл реңге ие болса, газдың жануы толық емес дегенді білдіреді. Мұндайда улану қаупі туындауы мүмкін. Сондықтан газды қолданғанда аса сақтық танытқан жөн. Әрі газдың қалай жанып жатқанын да бақылаудан шығарып алмау керек.
Тағы бір ескерте кететін жағдай, Казақстан Республикасының «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңы бойынша, газ тұтыну жүйелерінің және газ жабдығының иелері олардың тиісті техникалық жай-күйін, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті. Ал коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелеріне және газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасаспай, оларды пайдалануға тыйым салынатындығын да ескере жүргеніміз абзал.
Шапағат ӘБДІР
Келесі мақала