
Университетті тәмамдап, бірден осындай үлкен басылымға қызметке тұру – жас маман үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік еді. «Aq jol» газеті мен үшін нағыз тәжірибе мектебі болып, кәсіби тұрғыдан қалыптасуыма берік іргетас қалады.
Ал «AR-AI» жастар газетіне келгенімде, мен әлдеқайда шыңдалған, тәжірибесі толысқан маман ретінде еңбек жолымды жалғастырдым. Газетті беттеу – мен үшін шығармашылықтың ерекше бір әлемі болатын. Журналист жазып әкелген материалды оқырманға барынша түсінікті әрі тартымды етіп жеткізу, әріп қатесінен бастап суреттердің сапасына дейін мұқият қадағалау – үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Уақытпен санаспай, кейде күн-түн демей еңбек етуге тура келетін. Бірақ осының бәрі кәсіби шыңдалуыма, мамандыққа деген адалдығымды арттыруға сеп болды.
Отбасылық жағдайыма байланысты кейін сайт редакторы қызметін атқардым. Бұл бағытта да заман ағымына сай жаңа міндеттер жүктелді. Жаңалықтарды жедел әрі сауатты ұсыну, түрлі инфографика қолдану, ақпараттық трендтерді дер кезінде меңгеру – осының барлығы мен үшін жаңа тәжірибе мектебі болды.
Осы орайда, мені маман ретінде шыңдап, кәсіби өркендеуіме ерекше ықпал еткен «AR-AI» газетіне алғысым шексіз. Бұл басылым – менің жүрегімде әрқашан ерекше орынға ие. «AR-AI»-дың ұжымында тек қана өз ісінің майталмандары еңбек етеді. Бір-бірін үнсіз-ақ түсіне білетін кәсіби білікті жандардың ортасында болу – үлкен бақыт әрі үлкен мектеп.
Биыл өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтіп отырған «AR-AI» газетіндегі барша әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын! Бұл – аз уақыт емес. Жиырма жыл бойы жас ұрпақтың жандүниесіне сәуле шашып, елдік мүдде жолында қалам тербеп, қоғамдағы жастардың үніне айналу – үлкен жетістік.
«AR-AI»-дың әр беті – жас ұрпақтың ой-өрісін кеңейтіп, рухани дүниесін байытатын, шығармашылыққа жетелейтін әлем. Сондықтан да бұл басылым – Жамбыл өңіріндегі ғана емес, күллі қазақ журналистикасындағы өзіндік орны бар мектеп деп сеніммен айтуға болады.
Ұжымға шығармашылық табыс, сарқылмас шабыт, баянды бедел тілеймін! «AR-AI»-дың әрбір жаңа нөмірі оқырман жүрегінен орын тауып, жастардың сүйікті басылымы болып қала берсін! Жиырма жылдық мерейтой құтты болсын!
Фариза КЕНЖЕБАЕВА,
Жамбыл облыстық айтыскер ақындар жыршы-термешілер орталығының
«Қоғаммен байланыс және айтыс өнерін дамыту» бөлімінің меңгерушісі