Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Саладағы сан қырлы сұлу

Саладағы  сан қырлы сұлу
ашық дереккөз
Саладағы сан қырлы сұлу
Төтеннен келген апатқа төтеп беретін төтенше жағдай қызметкерлерінің жұмыстан тыс өмірі кімге де болсын қызық екені анық. Өйткені аталған сала мамандарының арасында да ән айтып, би билейтіндері, киім пішіп, тоқыма тоқитын шеберлер бар. Сөзімізге 1988 жылы Талас ауданында дүниеге келген Нұргүл Берікбаева толықтай дәлел бола алады. Кейіпкеріміздің өмірі шытырманға толы сериал секілді. Ең қызығы, Нұргүл Әбдіхалиқызы әу баста болашағын мүлдем басқа саламен байланыстырған екен. – 2006 жылы Талас ауданындағы Үшарал ауылының орта мектебін аяқтадым. 2010 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін (қазіргі М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті) «Журналистика» мамандығы бойынша аяқтаған соң Алматы қаласына барып, «Qazaq radiosy»-ында еңбек жолымды бастадым. 2011-2013 жылдары С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің мемлекеттік тілді дамыту бөлімінде корректор болып жұмыс істедім. Сол жылдары М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінен «Құқықтану» мамандығын алып шықтым. Ал азаматтық қорғаныс саласына келуіме радиодағы сұхбаттарым себеп болды. Өйткені радиода жүрген кезімде түрлі маман иелерінен сұхбат алатынмын. Сөйтіп жүргенде төтенше жағдай қызметкерлерінің қызметтік формасы, киім кию үлгісі мен сөйлеу мәнері қатты қызықтырды. Сонымен, 2013 жылдың қараша айында облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесіне диспетчер болып жұмысқа қабылданып, өзімді сауатты, ұқыпты қызметкер ретінде көрсете білдім. Ұжымдағы қоғамдық, шығармашылық және спорттық іс-шараларға белсене атсалыстым. Саладағы біліктілігімді арттыру мақсатында 2015-2020 жылдар аралығында Бішкек қаласындағы Н.Исанов атындағы Құрылыс, транспорт және архитектура Қырғызстан мемлекеттік университетін «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша бітірдім. Содан арада көп уақыт өтпей кадр саясаты бөлімінің бас маманы лауазымына тағайындалдым. Қазіргі уақытта азаматтық қорғау капитаны шенінде қызмет атқарудамын, – деген Нұргүл Әбдіхалиқызы ең сүйікті ісі тігіншілік екенін жасырмады. Тігіншілік сырттай қызғушылық танытып, айналысып жүрген ісі болғанымен осы уақытқа дейін бірнеше шеберлік курстарына қатысып үлгеріпті. Жалпы кейіпкеріміз қолөнер шеберлігін әжесінен үйренгенін айтады. – Әжем жарықтық алтын қолды кісі еді. Қайшы мен матаны ұстатсаңыз болғаны, өзінің кішкентай ғана тігін машинасымен сырылдатып әдемі бір дүние тігіп шығатын. Тігін өнеріне қызығушылығымды да әжем оятты. Мектепте оқып жүргенде түрлі мерекелік шараларға қатысып, өзімнің қиялымды қосып, сан алуан стильдегі киімдерді тіге бастадым. Міне, содан бері тігіншілік өнер бір серігім болып келеді. Меніңше, өнер адамға көптік етпейді. Қайта өнерден адам демалады. Бір уақыт өзіңнің қызығатын ісіңмен айналысқаннан артық бақыт жоқ. Әрі әрбір қазақтың қызы дәмді тамақ жасай білуі және тігін тіге білуі шарт. Осы күнде ойласам, әжем мені еңбекке баулыған екен. Асыл қазынам өмірден қайтатынның алдында маған тігін машинасын тапсырып, қайшысын ұстатып, ақ батасын берген болатын, – деп әжесін еске алады Нұргүл. Иә, қазақтың «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген мақалының мағынасы да осында жатса керек. Нұргүл Әбдіхалиқызы құрақ құрап, сәнді көйлек пішіп, перде тігіп қана қоймай, дәмі тіл үйіретін түрлі тәтті мен дәмді ас пісіруден де алдына жан салмайды. Ол аз десеңіз, спортты да өміріне сенімді серік еткен жан. Нұргүл өзінің осыншама қағылез әрі іскер болуының себебін ата-әжесінің тәрбиесінің арқасы деп біледі. – Ата-әжемнің тәрбиесін көріп өскендіктен өмірде қайсарлық пен адалдықты, еңбекқорлық пен жауапкершілікті бәрінен жоғары санаймын. Әрбір бала үшін атасы мен әжесінің беретін тәлім-тәрбиесі өте маңызды деп ойлаймын. Олар кешегі ұлттық салт-дәстүріміз бен тарихымызды, тілімізді бүгінге жалғайтын көненің көзі, асылдың сынығы. Қазіргі біздің қоғамға да үлкендердің қамқорлығы мен ақылы жетпейді. Сондықтан біз отбасында ата-әжелер мектебін қайтадан қалыптастыруымыз керек. Бүгінде түрлі психологиялық кеңес беретін орталықтардың ашылуы да сол отбасындағы тәрбие мектебінің қалыптаспағандығынан. Өйткені кезінде баланы әке- шешесі емес, әжесі немесе атасы тәрбиелеген. Олар өздерінің басындағы қиыншылықты соларға айтып шағынған. Міне, сондай кезде олардың кеңестері мен берген тәлім-тәрбиесі, қазіргі заманның тілімен айтсақ, психология­лық орталықтардың рөлін атқарған деуге болады, – дейді кейіпкеріміз. Біз Нұргүлдің бойындағы адамгершілік қасиеттерімен қатар, қазақы тәрбиенің де негізін көріп, риза болдық. Қазақтың қарапайым ғана қара қызы ел үшін еңбек етіп, өзінің армандаған киімін киіп, аңсаған ортасында өз өмірін сүріп жатыр. Егер оның бойындағы осы ізденімпаздық пен еңбекқорлық барлық қазақ қыздарының бойында болса, онда ұлтымыздың өркендегені болар еді. Өйткені жайшылықта «мен қазақпын!» деп ұрандатқаннан, қазақылықты Нұргүл сияқты өз бойыңнан көрсетіп тұрған әлдеқайда артық. Шапағат ӘБДІР  
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар