Жаңалықтар
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ БАҒЫТЫ ЕУРОПА КЕҢЕСІНІҢ НАЗАРЫНДА
- author AR-AY
- 13 қазан, 2023
- 179
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ БАҒЫТЫ ЕУРОПА КЕҢЕСІНІҢ НАЗАРЫНДА
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Еуропа кеңесінің (ЕК) штаб-пәтерінде болып, Ұйым басшыларымен бірқатар кездесу өткізді. Сондай-ақ Еуропа кеңесінің Министрлер комитетінің (ЕКМК) Сыртқы байланыстар жөніндегі баяндамашылар тобының (GR-EXT) отырысында баяндама жасады.
Еуропалық әріптестер Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған саяси реформалардың жүзеге асырылуы мен жаңа экономикалық бағыт жайлы және жақында БҰҰ Бас Ассамблеясында айтылған бастамалары мен ұсыныстары туралы хабардар болды.
Еуропа кеңесі Бас хатшысының орынбасары Бьорн Берге, Еуропа кеңесі бағдарламалар офисінің директоры Клаус Нойкирх және Еуропа кеңесінің Экономикалық қылмысқа қарсы күрес жөніндегі басқармасының басшысы Мұстафа Ферати Қазақстан Президенті жүргізіп жатқан реформаларды жоғары бағалай отырып, ынтымақтастықты кеңейтуге дайындығын білдіріп, теңдесі жоқ геосаяси сын-қатерлер жағдайында еліміздің ерекше өңірлік рөлін атап өтті.
GR-EXT комитетінің отырысы барысында елімізде жүргізіліп жатқан реформалар бойынша пікір алмасу болып, жаңа «2014-2027 жылдарға арналған ЕК-нің Қазақстанмен тату көршілік ынтымақтастығының басымдықтары» талқыланды. Олар адам құқықтары мен еліміздің ішкі саяси даму саласындағы бірқатар негізгі бағытты, соның ішінде Мемлекет басшысы бастамашы болған реформалардан туындаған бағыттарды қамтиды.
Р.Василенко өз сөзінде 2014 жылы басымдықтар іске қосылған сәттен бастап Қазақстан ЕК-нің екі ішінара келісіміне – Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссияға (Венеция комиссиясы) және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына (ГРЕКО) толығымен қатысып жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар еліміз төрт конвенцияның қатысушысы екенін жеткізді (Еуропалық аймақта жоғары білімге қатысты біліктіліктерді тану туралы; Еуропалық мәдени конвенция; Қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстату, анықтау, тәркілеу және тәркілеу туралы; Салық мәселелері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы конвенция).
Маңызды жиында Роман Василенко қазіргі уақытта Қазақстан әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі конвенцияға (Ыстамбұл конвенциясы), Сыбайлас жемқорлық туралы қылмыстық-құқықтық конвенцияға және Компьютерлік қылмыс туралы конвенцияға қосылуға ресми шақыруларды қарастырып жатқанына тоқталды. Бұл тұрғыда Қазақстанның қолданыстағы және жетілдірудегі заңнамасы Ыстамбұл конвенциясының ережелеріне қазірдің өзінде 70 пайыз сәйкес келетіні атап өтілді.
GR-EXT тобының төрағасы Мария Спасова (Болгария) тұрмыстық зорлық-зомбылық пен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күресу Қазақстан Президентінің басым бағыттарының бірі болып табылатынына ризашылығын білдірді. Себебі бұл тақырып Еуропа кеңесі саясатының басты тақырыптарының бірі болып табылады.
Әзірбайжан, Ұлыбритания, Кипр, Нидерланды, Франция, Еуропалық одақ және басқа да елдердің делегациялары жаңа басымдықтарға қолдау білдіріп, оларды жүзеге асыруда тұрақты практикалық көмек көрсетуге дайындығын білдірді.
Серіктестер Қазақстан мен Еуропа Кеңесі арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі деңгейін жоғары бағалап, демократиялық құндылықтарды, адам құқықтары мен заң үстемдігін ілгерілету жөніндегі ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін одан әрі ынтымақтастыққа дайын екендіктерін растады. Олар Қазақстанның демократиялық бағытын, оның ішінде конституциялық өзгерістерді, өлім жазасын алып тастауды, әйелдердің Парламенттегі мүшелігін кеңейтуді және Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілеттіктерін күшеюіне өздерінің қолдауларын білдірді.
Жалпы GR-EXT қызметінің негізгі бағыттарына Еуропалық Одақпен, ЕҚЫҰ-мен, БҰҰ-мен, көршілес аймақтармен (Солтүстік Африка, Таяу Шығыс және Орталық Азия), бақылаушы мемлекеттермен және Ұйымға мүше емес мемлекеттермен ынтымақтастық кіреді. Еуропа кеңесінің көрші аймақтарға қатысты саясаты континенттен тыс ынтымақтастықты кеңейтуге, Еуропада да, оның көршілес елдерінде де тұрақтылық пен демократиялық қауіпсіздікті ілгерілету мақсатында ұйымның құндылықтары мен құралдарына негізделген ортақ құқықтық кеңістікті дамытуға бағытталған. Бұл саясат Қазақстанмен тату көршілік ынтымақтастықтың, Марокко мен Туниспен тату көршілік әріптестіктің, сондай-ақ оңтүстік Жерорта теңізі мен Орталық Азияның басқа елдерімен өңірлік қызметтің басымдықтарын іске асырады.
Талғат Нұрханов
Келесі мақала
«Бала 8-10 жасқа дейін ойынмен өсуі керек»
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- авторAR-AY
- 6 желтоқсан, 2024