ТАЯУ ШЫҒЫСТЫҢ ТЫНЫШЫ бұзылды
Соңғы 2-3 жылда әлемде бейбітшіліктің, тыныштықтың қадірін ұғындыратын ірілі-ұсақты оқиғалар тым көбейіп кетті. Әлі күнге дейін жалғасып жатқан Ресей мен Украина арасындағы қиян-кескі соғыс, жылына бір-екі мәрте қайталанып тұратын қырғыз-өзбек, қырғыз-тәжік және Армения мен Әзірбайжан шекарасындағы ірі қақтығыстар коронавирус індетінен енді-енді ес жия бастаған әлем халқының тынышын әбден кетірді.
Басталғалы екі жылдан асқан Ресей мен Украина арасындағы соғыс тезірек аяқталып, әлемде тыныштық орнаса деп жүргенде өткен сенбі күні Палестина мен Израиль арасында ауқымды әскери іс-қимыл басталды да кетті. Дегенмен жексенбі күні Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху шабуылдан кейін Қауіпсіздік кабинетімен шұғыл кездесу өткізіп, елде соғыс жағдайы жарияланғанын хабарлады. «Лаңкестердің кеше 6:00-де Газа секторынан жасаған шабуылы Израиль мемлекетін соғыс жағдайына әкелуге мәжбүрлейді», делінген премьер-министр кеңсесі таратқан мәлімдемеде.
ӘСКЕРИ ІС-ҚИМЫЛДЫҢ СОҢЫ СОҒЫСҚА ҰЛАСТЫ
Бүгінде әлем назарын аударып отырған оқиға қалай басталды?! 7 қазан күні таңертең палестиналық «Хамас» қарулы ұйымы Израильге қарсы «Әл-Ақса тасқыны» операциясын бастайды. Жалпы «Хамас» ұйымы Газа секторында 1987 жылы пайда болған. Негізін шейх имам Ахмед Ясин мен көмекшісі Абдулом Әзіз ар-Рантисси қалаған. Алғашында ұйым Мысырдағы «Мұсылман бауырлар» қозғалысының бір тармағы ретінде танылады. Мақсаты – Палестинаны Израильден азат ету болатын. Ұзақ жылдан бері ойға алған, бірақ орындалмай жүрген мақсаттарына жетпек ниетте өткен сенбіде «Хамастың» жақтастары Израиль аумағына кіреді.
Израиль армиясының баспасөз хатшысы Даниел Хагари ұйымның құрлықтан, теңізден және әуеден шабуыл жасағанын жеткізді. Алғашқы зымыран жергілікті уақыт бойынша таңғы 6:30-да атылған. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметіне сүйенсек, «Хамас» атқан зымырандар Тель-Авивтің солтүстігіне дейін жеткен. Сондай-ақ ұйым бір топ жауынгерін Израильдің оңтүстігіне жібереді. Алғашында «Хамас» мүшелері Израильдің бірнеше елді мекенін бақылауға алғанымен қарсы шабуылға шыдамай, кейін шегінеді.
Палестина денсаулық сақтау министрлігі Израильдің шабуылы салдарынан Газада кемінде 413 адамның қаза тапқанын, 2 300-ге жуық адамның жараланғанын хабарлады. Қираған ғимараттар әлі аршылып жатқандықтан қаза тапқандардың нақты санын айту қиын. Сондай-ақ израильдік ақпарат құралдары 700-ден астам израильдік қаза тапқанын мәлімдеді. Израильдің денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жараланғандар саны 2 382 адамға жеткен. Қаза тапқандар мен жараланғандар саны бұдан бірнеше есе көп болуы әбден мүмкін. Себебі қирандылардың астында қанша адамның жатқаны, қаншасының өлі-тірі екені әзірге белгісіз.
Ал «Хамас» ұйымының өкілі Халед Кадоми «Әл-Жазира» агенттігіне берген сұхбатында әскери іс-қимылды палестиналықтардың ондаған жыл бойы көрген бүкіл зұлымдығының жауабына бағалаған. «Біз халықаралық қоғамдастықты Газаға, Палестина халқына, Әл-Ақса секілді қасиетті жерлерімізге жасалған зұлымдықтарды тоқтатуға үлес қосқанын қалаймыз», дейді Х.Кадоми.
Соғыс басталғаннан кейін әлемнің түкпір-түкпірінде Палестинаны да, Израильді де қолдаған мыңдаған адам қала көшелеріне шықты. Палестинаны қолдаушылар қатарында Испания, Оңтүстік Африка және Сирия секілді мемлекеттердің азаматтары басым. Сондай-ақ АҚШ-тың Чикаго, Нью-Йорк және Канаданың Оттава қалаларында Палестинаны қолдауға арналған шерулер өтті.
Еуропалық одақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Жозеп Боррелл Израильді қолдайтынын жеткізді. Франция сыртқы істер министрлігі өз елінің «Израиль мен оның халқына қарсы жасалған лаңкестік шабуылдарды» айыптайтынын жеткізіп, Израильге көмек көрсетуге әзір екенін аңғартқан. Ұлыбритания сыртқы істер министрі Джеймс Клеверли болса, «Хамас» тобының Израильге жасаған тосын шабуылын «сөзсіз айыптайтынын» атап өткен. Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди «Израильдегі терактілер туралы хабарға қатты таңғалғанын» жеткізген. Сондай-ақ өз елінің осындай қиын сәтте Израильге қолдау көрсететінін мәлімдеген.
Түркия тарапы да Палестинаға қолдау білдіре отырып, мәселенің түйінін тарқатуды кейінге қалдыра беруге болмайтынына назар аударыпты. Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның айтуынша, аумағы 1967 жылғы шекараға сәйкес келетін, астанасы (Шығыс) Иерусалим болып белгіленетін Палестинаны құруды кейінге қалдыруға болмайтынын атап өтті.
«Таяу Шығыстағы тұрақты бейбітшілікке Палестина мен Израиль қақтығысын түпкілікті реттегенде ғана қол жеткіземіз. Палестина мәселесі –
аймақтағы түйткілдің басты себебі. Әділ келісімге қол жеткізілмейінше, аймақта бейбітшіліктің ауылы алыс», деген Түркия президенті.
ОТАНДАСТАРЫМЫЗДЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАЛАЙ БОЛМАҚ?
Израильдегі жағдайға байланысты пікір білдірген ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров көптеген бейбіт тұрғынның қаза болуына әкеліп соққан Палестина мен Израиль қақтығысының өршуіне Қазақстан алаңдаушылық танытып отырғанын жеткізді. «Тараптарды ахуалды бейбіт жолмен шешу үшін саяси құралдар іздестіруге және тек екі мемлекет арасындағы ғана емес, жалпы Таяу Шығыстағы жағдайдың одан әрі ушығуына әкелуі ықтимал іс-әрекеттерге бармауға шақырамыз. Қазақстанның Тель-Авивтегі елшілігі Израильдегі Қазақстан азаматтарының елге оралуы үшін көмек көрсету мақсатында олардың тізімі жасалуда», деді Айбек Смадияров.
Айбек Серікбайұлының айтуынша, Сыртқы істер министрлігінде және Қазақстанның Тель-Авивтегі елшілігінде Израиль аумағындағы ҚР азаматтары мен олардың еліміздегі туыстары үшін шұғыл байланыс желісі ашылған. Нәтижесінде екі күн ішінде отандастарымыздың 500-ден астам қоңырауы мен сұрақтарына жауап берілген. Бүгінгі таңда Қазақстанның Израильдегі елшіліктің консулдық есебіне 77 азамат тіркелген (елшілік қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерін қоса алғанда). Израильдің жоғары оқу орындарында Қазақстаннан 5 студент оқиды, сондай-ақ 30-ға жуық отандасымыз жергілікті түрлі медициналық мекемелерде тағылымдамадан өтуде (барлығы 112 адам).
«Кейбір авиарейстердің тоқтатылуына және бірқатар авиатасымалдаушының Израильге рейстерді орындаудан бас тартуына байланысты Қазақстан елшілігі тиісті жұмыстарды жүргізді. Нәтижесінде «Air Astana» әуекомпаниясы Тель-Авивтегі қазақстандықтарды Алматыға алып келу үшін арнайы рейс ұйымдастырды. Осы уақытқа дейін Қазақстанға оралуға 118 азаматымыз ниет білдірген. Тель-Авивтегі Бен-Гурион атындағы халықаралық әуежай өз жұмысын штаттық режимде жалғастырып жатыр.
Қазақстанның Тель-Авивтегі елшілігінің болжамы бойынша, Израильде консулдық есепке тұрмаған 400-ден астам Қазақстан азаматы болуы мүмкін», дейді А.Смадияров.
САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?
Жалпы Израиль мен Палестинаның бітіспес жауға айналғанына талай жылдың жүзі болған. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, бүгінге дейін жалғасып келген қақтығыстар БҰҰ-ның 1947 жылғы 181-қарарына байланысты Палестина жерін бөліп, Палестина және Израиль мемлекеттерін құру туралы шешім қабылдағанда басталады. Халықаралық ұйымның мұндай қадамы Араб елдері жоғары кеңесіне ұнамайды. Бір жылдан соң, яғни 1948 жылы 14 мамырда Израиль тәуелсіздігін жариялағанда Араб лигасы соғыс ашады. Мысыр, Иордания, Ирак, Сирия, Ливан, Сауд Арабиясы, Йемен бірігіп, Израильге қарсы шыққан. Бірақ арабтар америкалықтар қолдаған еврейлерді жеңе алмайды. Салдарынан Израиль БҰҰ жоспары бойынша араб мемлекетінің құрамына кіретін аумақтарын басып алды. Сөйтіп, Палестина территориясының 78 пайызынан айырылып қалады. Осылайша 75 жылдан бері арабтар мен еврейлер жер үшін ит пен мысықтай ырылдасып өмір сүріп келеді. Осы уақытқа дейін қос тарап бірнеше рет соғысып, зардабын мыңдаған, миллиондаған бейбіт халық тартты.
Сарапшылардың айтуынша, Палестина-Израиль қақтығысын өршітудің астары тереңде жатқан көрінеді. Біріншіден, әлем назары Украинадағы соғыстан Таяу Шығысқа ауады. Сонда Киев билігіне қаржылай көмекті аямай отырған АҚШ енді назарын Израильге бұрмақ. Яғни бұдан Ресей ғана ұтпақ. Мәселен, белгілі журналист Жарылқап Қалыбай «Facebook» әлеуметтік желідегі парақшасында Таяу Шығыстағы жағдай күрделеніп, халықаралық геосаясатқа өз ықпалын тигізетінін жазыпты.
«Палестина мен Израиль қырғынынан ұтысқа шыққан, ең алдымен – Ресей. Әлем жұртшылығының назары Украина қасіретінен басқаға ауатын болды.
Егер де Палестинаның жұмыссыздық пен кедейшілік қамытын киген, 75 жылдан бері жері мен елін сақтап қалу үшін үздіксіз күрес жүргізіп, жазықсыз «террорист» атанған, жастайынан қан кешіп, азап шеккен, балалары «шахид» болған, ашу-ыза мен кекке әбден булыққан қарапайым халықты Израиль «бұлардың барлығы «Хамас» деп аяусыз қырғынға ұшырататын болса, онда айналасындағы қалың араб елі мен мұсылман әлемі қарсылық көрсетпей, қарап қалмасы анық. Мұндай жағдайда АҚШ Израильге әскери көмекке келеді. Қарсы жақтан Иран мен араб елдері бас көтереді. Ресей мен Қытайға, Иран мен Солтүстік Кореяға керегі де осы.
Ең бастысы, олар өздерінің геосаяси және стратегиялық мақсаттарына жетеді. АҚШ пен Еуропалық одақ бұдан әрі бас жағына барыспайық деп, бұрынғы талап-тілектерінен бас тартуға мәжбүр болады. Ресей қазірге дейінгі басып алған Қырым мен Украинаның төрт үлкен облысын өзіне біржолата қаратады. Содан кейін басқалардың жеріне көз алартады. Құдай сақтасын, әрине!» дейді Ж.Қалыбай.
Ал журналист, саяси сарапшы Айбол Қарашев Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыстар, соғыстар жуық жылдарда саябырсымайтынын айтады.
«Израиль мен Палестина төңірегіндегі Таяу Шығыс мәселесі екінші дүниежүзілік соғыстан бері шешілмей келе жатқан өзекті проблемаға айналды. Палестина өзінің қазіргі территориясында Осман империясы кезінен бері тұрып келеді. Алайда мәселенің барлығы АҚШ пен КСРО-ның тікелей араласуымен туындады. Аталған қос держава 1947 жылы бүтін бір Палестинаны еврейлер мен мұсылмандар еліне бөліп жіберді.
Қазір Палестина мен Израиль арасын үлкен бетон қоршау бөліп тұр. Дүниежүзінің көптеген мемлекеті Израильді тәуелсіз ел ретінде таныса да Палестинаны тәуелсіз мемлекет деп мойындамайды.
Шекарадағы қақтығыс та жиі орын алатындығы сондықтан. Реті келсе, Израиль Палестина жерінің бәрін басып алғысы келіп отыр. Жағдай қазір де мәз емес. Сол 1946 жылдан бері Израиль Палестинаны ығыстырып, бүгінге дейін жерінің 70-80 пайызға жуығын алып қойды. Бірақ Палестинаның да бой беретін түрі жоқ. Ол заңды да. Себебі бұл жерлер бұрынғы Палестина территориясы. Израиль алғашында қонаққа келіп, кейін билеп кеткендердің мекені.
Екі ел арасындағы жағдайды бейбіт жолмен реттеуге талай адамдар атсалысты. Өйткені осы уақытқа дейін шекарада қанша қан төгілді. Иордан өзенінің төменгі бөктеріндегі Газа секторы аймағы осы уақытқа дейін бірнеше рет Палестина жағына, бірнеше рет Израиль жағына өтіп келді. Бұл маңызды облысқа талас қашан да қызу жүрді. Алайда 2005 жылдан бастап Газа аймағы түгелімен палестиналық «Хамас» ұйымының иелігіне өтті.
Жалпы Израиль мен Палестина арасындағы дау жақын күндері аяқталады деп айту қиын. Өйткені Араб елдері Палестинаны қолдаса, АҚШ бастаған Еуропалық одақ Израильді қолдап отыр. Жағдай қазіргі қарқынмен жалғаса берсе, түбінде Израиль Палестинаны түгелімен жұтып қоймақшы.
Израиль мен Палестина арасындағы жағдайды реттеуге екі тараптан да нақты ұсыныстар жоқ. Әзірге тек БҰҰ тарапынан жыл сайын оларды татуластыруға кішігірім қадам жасалып қояды», дейді А.Қарашев.