Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Бала 8-10 жасқа дейін ойынмен өсуі керек»

«Бала 8-10 жасқа дейін ойынмен өсуі керек»
ашық дереккөз
«Бала 8-10 жасқа дейін ойынмен өсуі керек»
Ғылымның патшасы болған математика саласына кез келген жанның тісі батпайды. Ал қазіргі таңда осы саланың жілігін шағып, майын ішкен Асқар Жұмаділдаев, Уалбай Өмірбаев, Мұхтарбай Өтелбаевтай үш қазақтың аты жарты әлемге жайылған. Осы үш аңыздың бірі, қазақтың «эврикасы», «мыңжылдық проблема», яғни әлемдегі күрделі жеті есептің бірін шешкен ғалым Мұхтарбай Өтелбаевтың жерлесіміз екені жамбылдықтар үшін үлкен мәртебе. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, қазақтың маңдайына біткен математигін кейінгі ұрпақ біле жүрсін деген ниетпен даңқты жерлесімізбен сұхбат құрған болатынбыз. – Өмірдің ащы-тұщысын, қиындығын қатар көріп келе жатырсыз. Өмірде мүмкін емес нәрсе бар ма? – Өмірде мүмкін емес нәрселер көп қой. Біз оны байқай бермейміз. Сынақтар келгенде қарсы тұрамыз, кейде сына саламыз. Бірақ басқа нұсқаларын іздеп, талпына береміз. Шабан атты бәйге аттың қасына қоса алсақ, ұялғаннан шауып кетеді. Сол сияқты өзіміздің айналамызда мықтылар болмайынша, біз еш уақытта мықты бола алмаймыз. Өмір ешқашан бір жолдан тұрмаған. Ондай заңдылық жоқ. Неше түрлі қиылыстар, сан түрлі таңдаулар болады. Ендеше сол қиылыстардың бәрін уақытқа бағынбай жүріп шықсаңыз, мүмкін емес нәрселер де мүмкін болады. Ал пешенеңе жазып қойған тағдырды өзгерту мүмкін емес. – Бір сұхбатыңызда адамның қолынан келмейтін кей мүмкіндікті техника, компьютер жасай алады деген екенсіз. Құрылғылар бізден қаншалықты мықты? – Иә, солай деп айтқаным бар. Адамдар компьютерді басқара береді. Ал техника адамдардың өзгеруіне себепкер болады. Менің байқауымша, жастар, кішкентай ғана бүлдіршіндер осы техникаларға жақын. Өзім кез келген дүниені қағазға жазып, содан кейін ойланамын ғой, ал жастар қол телефондарын ашып қойып ойлана береді. Бірақ қолмен қағазға жазбаған соң адамның миына тоқтам болады. Кейбір балалардың миы, қабілеті де төмендемейді. Осыдан мың жыл бұрын қазақтар жазуды білмеген кезде есте сақтау қабілеті мықты адамдар алға шықты. Кейін кітап оқып, қағаз жазған адамдар көп жаңашылдықты дүниеге әкелді. Заманына қарай адамдар да өзгереді. Жұмыс күші де, қателіктер де әртүрлі бола береді. – Техникаларға тәуелділіктен қалай құтылуға болады? – Баяғы заманда ата-аналар көпбалалы болғанды қалайтын еді. Ұрпақтың көп болғанын қалайтын. Алладан тілейтін. Қазір бәрі керісінше. Бұрын өсірген перзентін ата-ана бәрінен биік бағалайтын. Қазір уақыт өте келе суықтық пайда болып жатыр. Табиғаттың заңы да солай ғой. Онша қаламағанды азайта береді. Бір кезде тоқтап, тоқталмайтын процеске айналып кетуі мүмкін. Аналарын балаларға керек те қылмайтын жағдайға жетуі мүмкін. Бірақ бұл сәйкестік түбегейлі болмайды. Бұған жеткізбейді халық. Бірақ келесідей мәселелер ушыға беретін болса, белең алуы мүмкін. Біздің ата-аналарымыз біз үшін бәріне баратын. Өзім емес, ұрпағым аман қалсын деген ниет болатын. Қазіргі ой мүлде басқа, балаға көңіл бөлінбейді. Бұның барлығы уақытты дұрыс жоспарламаудан туады. Жақындардың ойын білу, олармен қызықты күндер өткізу бір-біріңе жақындықты, бауырмалдықты арттырады. Бірақ бұл мәселені табиғаттың өзгерісі, табиғи сұрыпталу шешеді ғой барлығын. Табиғи сұрыпталу азайып кетті. Бұның соңы рухани жоғалуға әкеледі. Жер бетінде халықтың саны көбейген сайын бір жағдайлармен оны тежеу керек қой. Соның бір амалы, формасы шығар. – Мыңжылдықтың теңдеуінің біреуін шештіңіз... Қандай қошемет көрсетілді? – Әлі күнге дейін толық шешімі табылмады. Одан бері 20 жылдан асты ғой. Бар күшімді осы есепке салып жүрмін. Жақын уақытта шешімі шығады деп ойлаймын. – Көпшіліктің ойында мектепке 6 жаста барып, жоғары оқу орнын 25 жасқа дейін бітіру керек деген қағида бар. Білім алудың осы кезеңдері қаншалықты дұрыс? – Кейбір адамдар өмір бойы білім алғысы келеді. Өзін шектемеу керек. Білімнің шегі жоқ. Міне, мен бәрін білемін деуің ештеңені де білмегеніңді көрсетеді. Сондықтан ізденіс тоқтамау керек. Адамның ақылы, миы өз жұмысын тоқтатқанда өмірдің мәні кетеді. Өзіңнің дамуың өзгеге үлкен мүмкіндікті алып келеді. Математиканы таңдағандар тоқтап қалмауы керек. Ережелерден бұрын табиғи заңдылықты түсінуі абзал. Ал бізге тек білім алыңдар, ізденіңдер деп айтылған. Мына жасыңда мектепке барып, осы жасыңда ЖОО-ны бітіруің керек деген заңдылық жоқ. Сондықтан біздің балалар білімге ұмтылғанда және ізденгісі келіп, ғылым жолын қалағанда ешқандай шектеу қоймау керек. Мейлі жасы болсын, материалдық тұрғыдан болсын, «болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» дейді ғой. Егер оның таланты болса, ол күндердің күнінде өресі биік тұлға болып шыға келеді. Негізі балалар 8-10 жасқа дейін ойынмен өсуі керек. Сосын оқуға апару керек. Кітап оқу, компьютерді игеру бір бөлек, ал өмірді үйрену тағы бөлек. Даму үшін табиғатта еркін өсу аса маңызды. Қанша жерден білімді болып тұрған баламен еркін өскен баланы салыстырар болсақ, әрине, ойын баласы мықты болады. 10-15 жасқа келгенше университетті бітіргендер де бар. Бірақ олардың ғылымға әкелген жаңалығы жоқ. 25 жастан кейін оқу орнын бітіріп, аяққа тұрып кеткендер өте көп. Ашқан жаңалықтары да әлемге пайдасын әкелуде. Белгілі бір стандарт сандар менің ойыма сыймай тұр. Өзім мектепке 9 жасымда бардым. Бір жылдан кейін отбасылық жағдайға байланысты орыс мектебіне ауыстым. Ол жақтағы мұғалімдер 1-сыныпты басынан бастайсың деп айтқаннан кейін 10 жас болып есептеліп кетті. 20 жасқа толғанымда колхоздың кешкі мектебін бітірдім. – Жоғары оқу орындарының бірде-бірін толық негізде аяқтамаған математик ретінде халық арасында танылғансыз. – Мектепті бітірісімен Қырғызстан жақын болған соң Бішкекке барғанмын. Амал не, оқуға түскеніме екі ай ғана уақыт болғанда әскерге алып кетті. Үш жыл әскери міндетімді өтеп келісімен оқуымды сырттай жалғап, Қаракемердегі мектепте мұғалім болып жүргенмін. Бірде Бішкекке кезекті сессияға барғанымда Мәскеуден арнайы адамдар келіп, жақсы оқитын студенттерді жинап жатыр екен. Аяқ астынан олардың көзіне түсіп, солармен еріп кете бардым. Сол жақта бірден Мәскеу мемлекеттік университетіне түсіп, 1969 жылы 27 жасымда оны тәмамдаған тұста оқытушыларым қолқалап, аспирантураға қалдырды. Ал 1972 жылы сол Мәскеу мемлекеттік университетінде кандидаттық қорғап, Алматыдағы Математика және механика институтында жұмыс істей бастадым. Ол кезде оның директоры Семейдің тумасы Төлеубай Аманов деген азамат еді. Арада төрт жыл өткенде докторлық диссертациямды аяқтап, Мәскеуге барып өткізбек болдым. Дәл сол тұста ВАХ-та (бүкілодақтық атттестациялық комиссия) өзгерістер болып, ол жабылып, екі жылдай жұмыс істемеді. Ол ашылғаннан кейін, 1978 жылы 6 қаңтарда докторлығымды қорғап шықтым. – Сіз біраз уақыт ректор болған екенсіз… – Академияда жүргенде докторлықты қорғаған соң бір жылдан астам уақыт ҚазМУ-дың математика факультетінде кафедра меңгерушісі болдым да, ойда-жоқта Тараздағы қазіргі М.Х.Дулати атындағы университетке ректор болып барғаным бар. Сонда байқағаным, мен басшы емес, ғалым екенмін. Мені иірім судай тартатын тек құпиясы көп математика екеніне көзім жетті. – Бірақ сол жылдары ғылым жолындағылар аз еді ғой. Іште бір сенім болған шығар иә? Осы сенім адамға қаншалықты керек? – Ештеңені сеніммен істемесең, оның керегі не? Бір жұмысты істеу үшін де, келесі біреуді жігерлендіру үшін де сенім керек. Ал енді досқа сенім, жарыңа, балаңа, туыстарыңа деген сенім де өмірде үлкен рөл алады. Кейде дарынды балаларды көремін, ойларын ғылымға жұмсаса болашақта күшті ғалым шығады десең, күшінің бәрін дұрыс емес нәрсеге жұмсап, ерте таусылып қалып жатады. Осындай оқиғалар өзімде өте көп болған. Сенген шәкірттерім, студенттерім сенімді ақтамай, өз жолдарының шегіне жетпей жатып шағылып қалады. Бірақ қайталанған дүниелер болмас үшін келесі қадамдарда мұқият болу керек. Адамға сену үшін алдымен тексеру, сол сыннан өту маңызды. Кейінірек сенімге иелік етуге болады. Расында, ол жылдары ғылыми жетекшілер, ғылым жолын таңдағандар аз еді. Бар-жоғы төрт-бес ғылым докторы ғана болды. Кейіндеу Тынысбек Кәлменов, Асқар Жұмаділдаев, тағы бірталай адам қорғап, Қазақстанда математика жақсы дами бастады. – Өзіңіз кімге сенесіз және неге сенесіз? – Алдымен Аллаға сенемін, сосын өзіме. 100 пайыз сеніміме ие болған жандар да бар. Мысалы, Каріпов деген профессор 70 жылдан астам уақытын математикаға арнаған. Онымен біраз жұмысты бірлесіп жасадық. Осындай адал құрдастарым бар. Жаңа айтып өткенімдей, шәкірттерім де аз емес. Бірақ алғашқы кездескен сәттегі бір үмітті ақтап шыққандарымен мақтанамын. Оларға деген еңбек ақталды деп білемін. Өмір ғой, кейде шатасып жатады жастар, бірақ ол да болуы керек. Ол өзі түсінбейінше, сынақтарды көрмейінше көп нәрсенің байыбына бара бермейді. Бірақ кішкентай нәрселер үшін ойым, қабылдауым бірден өзгеріп кетеді. Сондықтан оның өзі өмір сүре алуына мүмкіндік беруіміз керек. Ал өзгенің сеніміне кіру үшін – уәдені орындау керек. Егер ол қолынан келмесе, түсіндіруі қажет. Мейірімділік, шынайылық та керек. Кейбір адамға қаншама жылдар өтсе де сене алмаймыз ғой, ал енді біреуге алғашқы минуттарда-ақ иланамыз. Сондықтан бұл жерде де адамның өзіне байланысты деп білемін. – Математика мен өлеңге фантазия керек. Сондықтан жаратылысы бір деген екенсіз, әдебиетке жақындығыңыз туралы айтып беріңізші. – Журналист, жазушы таныстарым бар. Өткен өмір жолдарына қарап отырсам, сәл демеп немесе талап етіп жіберген болса, одан тәп-тәуір математик шығатын сияқты. Өйткені логикасы тастай, дұп-дұрыс адамдар. Мен жазушы болып немесе өлең шығарып кетуіме де болатын еді. Кез келген математик бала кезінде осы әдебиетке қызығып өскендер. Шынында, математикаға да, әдебиетке де фантазия керек. Үнемі ұмтылыс, жаңалыққа құштарлық керек. – Сәттіліктің формуласы қандай? – Білмеймін. Жақсы өмір сүру, жақсылықты көру арқылы сәтті болады деп жатамыз ғой. Бірақ бұлар сәттілік емес. Бәлкім, белгілі бір формуласы жоқ шығар. Ең бастысы маңайыңдағы туған-туысты жақсы көрсең, қиындық болса да уақыт тауып кездесетін болсаң, жеңіске жете алмай қалып тұрған кезіңде де жақындарыңды жақсы көрсең, осы ең үлкен сәттілік деп ойлаймын. Қайсыбір жағдайда да жоқ деп айтпау керек. «Жоқ десең – жоғаласың, бар десең – бар боласың», сәттіліктің формуласы – осы. – Әңгімеңізге рақмет! P.S. Ол мыңжылдықтың есебінің бірін шешкен ғалым. Ол қазақтан шыққан әлемде шешілмеген теңдеудің шешімін тапқан математик. Дүние жинауды мақсат етпеген. Қарапайым дүниелерді қанағат тұтады. Жоқ дегенді жаны сүймейтін, баршылықты, бөлісуді қалайтын жан. Әлдекімдер ұлтшылмын деп ұрандайды. Бірақ ұлт үшін бітірген ештеңесі жоқ. Ол үндемей жүріп үлкен істі бітірген ұлы тұлға. Қазақтың ішінде тұңғыш рет математикадан докторлық диссертация қорғаған да осы кісі. Сұхбаттасқан Гүлжауһар БАЖАҚАЙ, журналист
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар