БАЙЗАҚ ЖАСТАРЫ БАСПАНАҒА ЗӘРУ
Байзақ ауданына жұмыс сапарымен барған облыс əкімі Нұржан Нұржігітов Түймекент, Сарыкемер ауылдық округтерінде болып, тұрғындармен кездесті.
– Мемлекет басшысының Жарлығына сəйкес əртүрлі деңгейдегі əкімдер тұрғындармен кездесу өткізуде. Жыл басынан бері ауыл, аудан жəне облыс əкімінің қатысуымен 300-ден аса халықпен кездесу өткізілсе, облыс əкімі ретінде бұл менің бесінші аудандағы кездесуім. Бұл кездесуді сұрақ-жауап ретінде өткізіп, келелі мəселелерді талқылауға арнасақ, – деген аймақ басшысы округ тұрғындарын ашық пікір алаңына шақырды.
Жиында алдымен Түймекент ауылдық округінің əкімі Қанат Смағұлов округте атқарылған жұмыс бойынша есеп берді. Баяндама барысында ол облыс əкімінен күрмеуі шешілмей тұрған кейбір мəселелердің шешімін табуға қолдау көрсетуді сұрады.
Ауыл тұрғындары округ əкіміне өріске шығатын мал ішінде бұқаның жоқтығын мəселе етіп көтерді. Округ əкімі асыл тұқымды бұқа əкелгелі жатқанын, бірақ мал өріске шыққалы бұқаны малшының да, ауыл азаматтарының да жауапкершілікке алмай отырғанын айтып, мәселені жақын арада шешуге уəде етті.
– Жаңа округ əкімі 4-5 көшені асфальттап беруді, көше жарығын тартып беруді сұраған болатын. Қазір облыс орталығы Тараз қаласын қоспағанда облыстағы жолдың 85 пайызы жаңғыртылған. Оны алдағы уақытта 97 пайызға дейін жеткізу жоспарда бар. Жоспар 2025 жылға дейін дайындалып, жолдар кезегімен жөнделетін болады. Тараз қаласында көшелердің 55 пайызында ғана асфальт бар. Оған қарағанда аудандардың жағдайы жақсы. Аудандардың ішінде 100 пайыз табиғи отынмен қамтылған осы аудан ғана, – деді аймақ басшысы.
Ауыл тұрғындары ауылға қатысты мəселелерді көтерді. Өз кезегінде ауыл қариясы Марат Бөгенбаев жаяу жүргінші жолын салып, көшелерді жарықтандырып беруді сұрады. Бұған облыс әкімі «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жолдарды жөндеуге 3,5 миллиард теңге бөлінген. Оның 1,5 миллиарды Байзақ ауданына тиген. Жол бойынша бөлінген қаржының 30 пайызы осы ауданның еншісінде. Жол болсын, жарық болсын, барлығы жоспарланған кестеге сəйкес кезең-кезеңімен жүргізілетін болады», – деп жауап берді.
Бұдан кейін ауыл тұрғындары көшедегі электр желілерін жаңарту, трансформатордың қуатын арттыру, каналдан су алу, балаларға арналған демалыс орны салынса, жастарға үй салатын жер телімі берілсе деген секілді мәселелерді көтерді. Ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген бірде-бір мəселе назардан тыс қалмады. Оған облыс əкімі Нұржан Нұржігітов жан-жақты нақты мысалдар келтіре отырып жауап қайтарды. Кездесуден кейін аймақ басшысы округ тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдады.
Аймақ басшысы бұдан кейін аудан орталығы Сарыкемер ауылында ауыл тұрғындарымен кездесті. Жиында округ əкімі Сəуле Тілеуқұлова бүгінге дейін округте атқарылған жұмыс барысы туралы баян етіп, тұрғындардың сұрауы бойынша қалаға қатынайтын 050 бағыттағы қоғамдық көлікті қайта қалпына келтіру жайын сөз етті. Бұл мәселені Нұржан Молдиярұлы кəсіпкерді субсидиялау арқылы аудан басшылығы шешуге тиіс екенін тілге тиек етті.
Мұнда да ауыл тұрғындары біраз мəселе көтерді. Соның ішінде Мəмбет батыр көшесінің тұрғындары көше жолына асфальт жабынын төсеп берсе деген өтінішін жеткізсе, тағы бір тұрғын үй салу үшін жер теліміне кезекте тұрғанын, бірақ бірнеше жылдан бері сол кезек жылжымай тұрғанын айтты.
Бүгінгі күні ауданда жер телімі кезегінде 4302 адам тіркелген. Жер телімі 2006 жылдан бастап берілмепті. Ол үшін округ əкімдігі ауыл маңынан 87 гектар жер анықтапты.
– Бұл сұрақ маған таныс. 16 жылдан бері ауданда тұрғын үй салуға жер учаскесі берілген жоқ. Ол мəселені аудан орталығында 39 көпқабатты үй салу арқылы шешу көзделген. Ол тұрғын үйлер түсетін алқаптан 600 орындық мектеп салу жоспарланған. Қазір ол алқапқа қарама-қарсы беттен емхана салынуда. Бүгінгі таңда тұрғын үй құрылысына енгізілген өзгерістерге байланысты бұл жоба тоқтап тұр. Бірақ аталған жоспарды орындау үшін жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл жобаның міндетті түрде жүзеге асуына күш салатын боламыз. Сонымен бірге 87 гектар алқаптың инфрақұрылымы жүргізілген соң жер телімі кезектілікке сəйкес үлестірілетін болады, – деді облыс əкімі.
Кездесуде түскен басқа да сұрақтарға жауап берген Нұржан Нұржігітов жиыннан кейін тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.
Айжан ӨЗБЕКОВА
Келесі мақала