САЯНЫҢ БАЛДАЙ ТӘТТІ ҚҰЛПЫНАЙЫ
Қазір екінің бірі өзін блогермін деп есептейді. Алайда олар расымен-ақ оқырмандарына керек, пайдалы дүниелерді ұсынып жүргеніне күмәніміз көп. Бірі тікелей эфирде ішіп алып аузына келгенін айтса, кейбірі бүкіл елдің көзінше мұнан да басқа өрескел қылық танытып жатады. Тағы бірі тіркелушілердің алдында селтеңдеп билеп, жасына сай емес қылық танытады. Өзгелері де «Атың шықпаса жер өртенің» керін келтіріп, көліктерін өртеп, заңсыз ұтыс ойнатып, бәле-жаладан қорғайды деп қарапайым қызыл жіпті қымбат бағаға сатып, танымал болудың бар амалын жасап бағуда. Мұндай қылықтарды сынға алып, жастарға теріс тәрбие беріп жатқанын ескерткен жұртшылыққа «Бұл тек ел алдындағы образым, өмірде мүлдем басқа адаммын» деп, өздерін ақтауға тырысады.
Дегенмен блогермін деп өзеуремей, бизнес жүргізуге мүмкіндігі мол әлеуметтік желінің артықшылықтарын ұтымды пайдаланып, жеке брендингті жарнамалап, көпке қажетті кеңестерімен бөлісіп, пайдаға да кенеліп, қайырымды істерімен айналасына сүйкімді болып жүрген жандар арамызда көп. Солардың бірі – сарысулық блогер Сая Орынтай. Кейіпкерімізді «Insta» әлемде танымал еткен өз қолымен дайындаған «өрме төстігі».
Сая Ақылбекқызы Сарысудың тумасы. Ағылшын тілі пәнінің оқытушысы. Әу баста өз мамандығы бойынша жұмысқа тұрып, ұстаздық еңбегінің біраз уақыт нанын жеген көзі ашық адам. Аяулы жар, өнегелі келін, перзент сүйген бақытты ана. Бала күтімі бойынша демалысқа шыққан соң, үйде бос қарап отырмайын деп әлеуметтік желіге тіркеліп, ақырындап блог жүргізе бастайды. Негізінен оның бұл әрекетіне қызығушылық танытушы оқырмандардың дені бір ғана пост арқылы көбейген.
Бірде аудандық жастар ресурстық ресурстық орталығы Бірлік күні мерекесі қарсаңында онлайн байқау ұйымдастырады. Конкурс ережесіне сәйкес әр қатысушы ұлттық тағам әзірлеп, әлеуметтік желіге жүктеуі керек. Сол байқауда кейіпкеріміз қазақ халқының ұлттық тағамы «өрме төстікті» дайындап, байқаудың бас жүлдесін жеңіп алады. «Instagram» парақшасына (makeupsaia) «өрме төстіктің» видеосын салғанда сол тағам көпшіліктің қызығушылығын тудырып, оқырмандарының саны бір күнде 5 мыңға дейін өседі. Көп тіркелушілер ерекше тағамның жасалу жолын сұрап, кеңес алып, біразы дәмі тіл үйірер асты тапсырыспен алдырады. Тіпті Нұр-Сұлтан қаласына қыдырып барғанда астаналық тұрғындар «Сіз «өрме төстік» әзірлейтін блогер емессіз бе?» деп танып, қазақтың ұлттық тағамдарын дәріптеп, қазақтың қыз-келіндеріне аса қажетті блог жүргізетін аруға ыстық лебіздерін білдірген екен.
Бүгінде «өрме төстікпен» танымал болған қазақтың қарапайым келіні әлеуметтік желінің бар мүмкіндіктерін пайдаланып, нәсібін көріп жүр. Блогер ретінде жаңадан кәсібін ашқан жандардың бизнесінің жарнамасын жасап береді. Сонымен қатар аруларды ажарландыра түсетін «бьюти блогерлігі» тағы бар. Ол аз десеңіз трендті киімдерді сатылымға шығаратын онлайн дүкені де сәтті жұмыс істеп тұр.
Саяның соңғы уақытта қызу сұранысқа ие бизнесі – шоколадты құлпынайы. Бұл жай ғана қып-қызыл жидек емес, шоколадқа қапталып, қорапқа салынған, өте әдемі орамадағы құлпынай. Кәсіптің бұл түрі енді-енді жанданып жатқанда, құлпынайлар аудан түгілі облыстан табыла бермейтін. Сая Ақылбекқызы жастардың арасында трендке айналған осы тәтті сыйды өз қолымен дайындап, облыс көлемінде алғашқылардың бірі болып сатылымға шығарған. Блогердің айтуынша, шоколадты құлпынайға сұраныс әсіресе мереке қарсаңында өсіп кетеді екен.
– Қазіргі уақытта аудан, облыс тұрғындарына құлпынайдың жоғарғы сұрыпы мен шоколадтың қосындысынан жасалған керемет дүниені ұсынып отырмыз. Әр бизнестің өз қызығы мен шыжығы бар. Сол сияқты бұл құлпынайдың да өзіне тән машақаты жетерлік. «Шоколадқа құлпынай салынады, оның несі қиын» деуі де мүмкін. Бірақ шоколадтың еру температурасы, құлпынайды тазалау техникалары шамалы білімді қажет етеді. Мұны арнайы марафоннан меңгердім. Қажетті құлпынайды сатып алғанда әрдайым жаңадан піскенін таңдаймын. Сондай-ақ шоколадты құлпынайды алдын ала жасап қоймаймын. Өйткені оның сақталу мерзімі 24 сағат. Тапсырыс берушінің қажет уақытына қарай арнайы жасап беремін және оны тұтынушыға да ескертіп отырамын, – дейді ол.
Қазіргі нарық заманында барлық нәрсенің қымбаттап жатқаны белгілі. Қосымша табыс осындайда көпке көмек болары анық. Кейіпкеріміз бүгінде ебін тапқан жанға еселі еңбектің жемісі боларын айтады.
– Мұндай істі үйде отырған аналарға, тіпті жұмысы барларға да ұсынар едім. Мәселен, өзім де бала күтімімен үйде отырған анамын. Бұл ең болмаса балалардың қажеттілігін жабуға көмектеседі. Әрбір бала – бізге берілген аманат. Баланы өмірге әкелген соң, оны мүмкіндігінше ештеңеден тарылтпай, киер киімі мен ішер асын табу – біздің міндетіміз. Ата-ана ретінде алдымызға мақсат қойып, оларды жетілдіруіміз қажет. Менің қолымнан мұндай келмейді ғой деуіңіз де мүмкін. Алайда Алла әрбір пендесіне әртүрлі қабілет береді. Тек оны шыңдап, өміріңізге пайдалана білген абзал. Мысалы, мен де жастайымнан қолөнерге жақын болып өстім. Жұмысыма қажетті көрнекіліктерді ерекше етіп безендіргенді ұнатамын. Түстерді үйлестіре бояу жаныма жақын болғандықтан құлпынайды әсемдеу, өрнектеу маған қолайлы іс. Сондықтан шоколадты құлпынай дайындау – мен үшін әрі пайдалы, әрі жағымды, – дейді ерекше кәсіп иесі.
Кейіпкеріміздің айтуынша, ынта болса бәрін іске асыруға болады. «Жұмыс жоқ» деп өзгеге кінә артқанша, бойдағы қарым-қабілетті жетілдіре білген де жөн-ау. Оның үстіне қазіргі кезде дүкен іздеп шарқ ұрмай-ақ, әлеуметтік желі қарқынды дамып тұрған уақытта сіз де қиындықсыз қосымша табыс таба аласыз. Бастысы, ерінбей еңбектенсеңіз болғаны.
Блогердің оқырмандары бағалайтын ең басты қасиеті – адамгершілігі, кеңпейілділігі. Бьюти блогер (сәнгер), блогерлік жарнама, food блогер (аспаздық), онлайн дүкен іспетті әлеуметтік желінің мүмкіндіктерін барынша пайдаланып, кәсіптің көзін тауып жүрген кейіпкеріміз көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, қайырымдылықпен де айналысып келеді. Мәселен, оқырмандарының белсенділік танытуымен Нұр-Сұлтан қаласында ем алып жаткан Нұрымжан атты балақайдың кезекті еміне үлкен көлемде қаражат жинап берген.
Сондай-ақ жаңа жылда Тараз қаласындағы мүмкіндігі шектеулі балалар үйіне 200 балаға жаңа жылдық кеш ұйымдастырып, сыйлықтар таратуы да Саяның үлкен жүрек иесі екенін танытады. Одан өзге көпбалалы отбасыларға, жалғызілікті аналарға заттай көмек беріп тұрады. Әрине, мұның барлығы да кейіпкерімізге сенім білдіріп, үміт артқан тұрақты оқырмандарының арқасы. Оқырмандарының аманатына қиянат жасамай, көмекке зәру жандардың бақытына себепші болған Саяны қайырымды жан деп атауға әбден лайық.
Ақтоты Жаңабай
Келесі мақала