Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мүгедектігі бар адамдарды оңалту – жаңа әлеуметтік саясаттың жемісі

Мүгедектігі бар адамдарды оңалту – жаңа әлеуметтік саясаттың жемісі
ашық дереккөз
Мүгедектігі бар адамдарды оңалту – жаңа әлеуметтік саясаттың жемісі
2020 жылы ҚР Әлеуметтік кодексінің жаңа жобасын әзірлеу қолға алынып, ол екі жылға жуық уақытта дайын болғаны баршаға мәлім. Аталған Әлеуметтік кодекс азаматтардың әлеуметтік құқықтары мен міндеттерін қорғаумен қатар, мемлекеттің, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің әлеуметтік саладағы міндеттемелері мен жауапкершілігін бекітуге арналған. Сонымен қатар жұртшылықтың жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, міндетті әлеуметтік сақтандыру, зейнетақымен қамсыздандыру секілді мәселелері, мүгедектігі бар азаматтарға жағдай жасау мәселесі осы Кодексте айқындалған. Әлеуметтік кодекс әлеуетімізді арттырады Жаңа кодекстің басты міндеті – мемлекеттен кім, қандай жағдайда және қандай көмек ала алатындығын нақты реттеу. Еліміздің жаңа әлеуметтік саясатын айқындайтын аталған Кодекске Мемлекет басшысы қол қойғаннан кейін оның ішінде кейбір өзгерістер жыл басынан бастап қолданысқа енсе, қазақстандықтарға барлық әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі бойынша кейбір тетіктер 1 шілдеден реттеле бастады. Мәселен, бұл құжатта нәресте дүние есігін ашып, кәмелеттік жасқа толғанға дейінгі әлеуметтік қолдау, еңбекке қабілетті, бірақ бос жүрген азаматтарды жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік сақтандыру шаралары, өмірлік қиын жағдай туындаған кезде берілетін әлеуметтік көмек және егде тартқандарға лайықты қолдау көрсету мәселелері қамтылған. Сонымен қатар мүгедектігі бар азаматтарды да оңалту, оларға лайықты жағдай жасау, проблемасын шешу істеріне де жіті көңіл бөлінген. Бүгінде мүгедектігі бар азаматтардың жәрдемақылары біртіндеп көбейіп, арнаулы әлеуметтік қызметтерге қолжетімді бола бастады. Атап айтқанда, 1 шілдеден бастап мүгедектігі бар адамдарға, оларға күтім жасайтындарға, асыраушыларынан айырылған отбасыларға төленетін жәрдемақы мөлшері 14,5 пайызға көбейсе, жәрдемақы төлемдерінің мөлшері де артты. Сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтардың күтушілеріне еңбекақымен қоса зейнетақы жарналары төленіп, олардың толық зейнетақы алу құқығына ие болу мүмкіндігі де қарастырылған. Мұны сөз етіп отырған себебіміз, өткен аптаның соңында өңірімізге ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова жұмыс сапарымен келген болатын. Вице-министрдің облысқа жасаған жұмыс сапарындағы басты мақсаттың бірі – өңір тұрғындары және үкіметтік емес ұйым мүшелері, еңбеккерлер арасында жаңа Әлеуметтік кодекс бойынша түсіндірме жұмысын жүргізу. Назгүл Ерікқызы өзінің жұмыс сапары аясында өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында баспасөз конференциясына қатысып, мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік қорғалуы тұрғысында егжей-тегжейлі ақпарат беріп, БАҚ өкілдері қойған сұрақтарға жауап берді. Мәселен, онда мүгедектігі бар адамдарға «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы көрсетілетін қызмет сапасы сөз болды. «Әлеуметтік қызметтер порталы» мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қызметтер мен техникалық оңалту құралдарын дербес сатып алуға мүмкіндік беретін автоматтандырылған жүйе екені белгілі. Портал мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ыңғайлылығы мен ұсынылатын қызметтердің және оңалту құралдарының сапасын жақсарту үшін енгізілген. Аталған қызметтер жергiлiктi атқарушы органдар халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі әзірлеген мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде, «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы мүгедектікті белгілеу мерзіміне берілген өтініш бойынша, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Мүгедектігі барлар немесе олардың заңды өкілдері не мүгедектікке қатысты қызметтерді ұсыну үшін құжаттарды рәсімдеу құқығына нотариаттың куәландыруын талап етпейтін сенімхат алған адамдар тұрғылықты жері бойынша құжаттарын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бөлімшесіне бағынышты жұмыспен қамту бөлімдері арқылы береді. Өтініш тіркелгеннен кейін мүгедектің деректері «Е-собес»-ден порталға автоматты түрде енгізіледі. Жалпы мүгедектігі бар адамдар өздері тиесілі қызмет түрлері мен техникалық оңалту құралдарын «Әлеуметтік қызметтер порталынан» өз қалауларымен таңдайды. Дегенмен көрсетілетін қызметті кепілдік берілген сомадан асатын баға бойынша сатып алған кезде өз қаражаты есебінен кепілдік берілген сома мен нақты құн арасындағы айырманы әркім өзі төлейді. Өнім беруші порталда тапсырыс келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде өнім берушінің электрондық цифрлық қолтаңба қойылған тапсырысты қабылдау немесе бас тарту туралы хабарламаны қарайды және көрсетілетін қызметті алушының жеке кабинетіне жібереді. Өнім беруші порталда жасалатын шартта көрсетілген мерзімдерге сәйкес көрсетілетін қызметті алушыны өніммен қамтамасыз етеді. Жергілікті жердегі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы және бөлімдер медициналық-әлеуметтік сараптау бөлімі арқылы берілетін мүгедектігі бар адамдарды абилитациялаудың және оңалтудың кейбiр мәселелерi туралы мүгедектігі бар адамның диагнозы бойынша оларға берген әлеуметтік және кәсіби бағдарламалар мен бұйрық ережелеріне сәйкес қызмет көрсетеді. Осы қызметтердің ішінде бұрын аталған «Әлеуметтік қызмет порталы» арқылы мүгедектігі бар адамдар сапасыз өнімге ұрынып қалған жағдайлар ел ішінде кездессе, вице-министр қазіргі таңда бұған жол берілмейтінін айтады. – Мүгедектігі бар адамдарға арналған «Әлеуметтік қызмет порталындағы» тауарлардың сапасына жұртшылық тарапынан сын көп айтылатын. Тұтынушыға осы портал арқылы техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін тікелей жеткізушілерден өз бетінше таңдау мүмкіндігі берілген. Мүгедектігі бар адамдар техникалық құралдарды және басқа да заттарды өздері таңдаған кезде оның сапасына көңілі толмаса немесе тауардың кешігуіне қатысты өкпесі болса, ол өтінішті сол порталда қалдыра алады. Тауарды порталға жіберуді, онда орналастыруды жергілікті атқарушы органдар жанындағы комиссия қамтамасыз етеді. Нақты айтқанда, осы комиссия өнімдерді порталға орналастыруға рұқсат береді. Қазіргі таңда осы комиссияның құзыреті кеңейтілді. Олар тұтынушының өтінішін үш күн ішінде қарап, 14 күннің ішінде техникалық құралды жеткізушіге кемшілікті түзеуді ұсынады. Олқылық орнына келмесе, жеткізуші тарап ешқандай әрекет жасамаса, онда комиссия өнім жеткізушіні жосықсыз деп тану арқылы портал тізімінен алып тастауға құқылы. Бұл іс-әрекетті қолдануға осы 1 шілдеден бастап мүмкіндік берілді. Қазіргі таңда әлеуметтік қызмет порталы арқылы мүгедектігі бар адамдарға техникалық оңалту құралдарының көптеген түрі ұсынылуда. Олардың арасында түрлі медициналық-техникалық құралдар бар. Осы медициналық-техникалық құралдарға біз міндетті түрде медициналық лицензия сұрамақшымыз. Бұл бойынша өзгеріс келер жылы енгізіледі. Одан бөлек медициналық-техникалық құралға жатпайтын да өнімдер бар. Алдағы уақытта министрлік тарапынан арнайы ғылыми-орталық ашылып, іске қосылмақ. Медициналық-техникалық құралдарға жатпайтын өнімге осы орталық рұқсат беретін болады. Бұл жүйе порталға қойылған өнім сапасының жоғарылауына айтарлықтай мүмкіндік береді. Қазіргі таңда денсаулық сақтау, білім беру саласында жан басына шаққандағы қаржыландыру тарифін бекіту арқылы жеке емдеу мекемелері мен жекеменшік балабақша, жекеменшік мектептер ашылып, жұмыс істеп жатыр. Енді біз жан басына шаққандағы қаржыландыруды әлеуметтік салаға да енгізбекшіміз. Бұл – Әлеуметтік кодекс аясында осы салада алғаш рет енгізілетін жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі. Бұл әсіресе ауылда тұратын мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттырады. Бұл да біз сөз етіп отырған Әлеуметтік кодекстегі басты жаңашылдықтың бірі. Мысалы, қазіргі уақытта елімізде 719 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат өмір сүріп жатса, олардың 45 пайызы ауылдық жерде тұрады екен. Ауыл тұрғындары, оның ішінде мүгедектігі бар отбасылар ол жақта тиісті қызметтер алуда лайықты инфрақұрылым болмағандықтан қалалық жерге қоныс аударуға мәжбүр. Осы мәселені шешу үшін тиісті инфрақұрылымды ауылдықтарға жеткізу мақсатында осы жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі іске қосылады. Жан басына шаққандағы қаржыландыру тарифі бекітілгеннен кейін бизнесмендерді тарта отырып, қалалық, ауылдық жерлерде кіші сыйымдылығы бар үйлерді ашуға мүмкіндік беріледі. Мысалы, енді тұрғындар баласын балабақшаға бергені секілді мүгедектігі бар балаларды ата-аналары сол мекемеге таңертең апарып тастап, кешке алып кете алады. Бұл мекемелер түрлі санатқа сай ашылатын болады, – деді Н.Сағындықова. «дұрыс бейімделу» ұғымы нені білдіреді? Назгүл Ерікқызының сөзіне сүйенсек, 1 шілдедегі жаңашылдықтың бірі – мүгедектігі бар адамдарға берілетін жөргектердің саны 2-ден 4-ке көбеюі. Одан бөлек сапалы катетерлер беру, ментальді ауытқуы бар балаларды емдеу-сауықтыру демалыс орындарына жіберу қарастырылған. Өйткені бұған дейін аутизмге шалдыққан балалардың шипажайға бару мүмкіндігі жоқ болса, енді олар анасымен осындай сауықтыру орындарына бара алады. Сондай-ақ вице-министр мүгедектігі бар азаматтарға кедергісіз орта қалыптастыру, оның ішінде нысандарды бейімдеу мәселесіне де баса тОқталды. – Жалпы қазіргі таңда нысандарды бейімдеу мәселесі бойынша 5 жылдық жоспар жасалған. Сол жоспардың аясында, яғни бес жылдың ішінде республика көлемінде отыз мыңнан астам нысан бейімделуі қажет. Оның ішінде биыл 5 416 нысан мүгедектігі бар адамдардың кедергісіз қызмет алуына лайықталуы қажет. Бұл бойынша жоспармен қатар, интерактивті карта да бар. Бұл еліміздегі мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөнінде бекітілген Ұлттық жоспардың бағыттарының бірі. Осы арқылы елімізде мүгедектігі бар азаматтарға кешенді қолжетімділік және кедергісіз орта құру көзделген. Осы бағыт шеңберінде «дұрыс бейімделу» ұғымы заңнамалық деңгейде бекітілген, мүгедектігі бар адамдар және халықтың жүріп-тұруы шектеулі басқа да топтары үшін ортақ пайдаланылатын ғимараттар мен құрылыстардың қолжетімділігін міндетті түрде қамтамасыз ету мақсат етілген. Демек, мүгедектігі бар адам қандай дәріхана немесе басқа да әлеуметтік нысан бейімделгенін осы карта арқылы үйден шықпай-ақ көріп, біліп отырады. Мысалы, ол азамат бір спорт кешеніне барғысы келіп немесе соның қызметін тұтынғысы келсе, осы картаның көмегіне жүгінеді. Ол жерде нысан туралы ақпарат пен фотосына дейін шығып тұрады. Қазіргі таңда әр өңірдегі спорт, білім, мәдениет секілді басқармалар өздеріне тиесілі бейімделген нысандарды аталған интерактивті картаға енгізуде. Бұл іс жоспар бойынша жүзеге асырылуда. Осы ретте Жамбыл облысына келер бол­сақ, қолжетімділік картасында 1 317 әлеу­меттік-көлік инфрақұрылымы ен­гі­зілген. Оның ішінде қазіргі таңда 583 ны­­сан мүгедектігі бар азаматтарға то­лық бейімделген. 734 нысан ішінара бейім­делген. Бұл жұмыс 2027 жылға дейін жүр­гізіледі. Бұл істі тиісті деңгейде жүргізу, межелі уақытында аяқтау – жергілікті атқарушы органдардың тікелей міндеті. Десе де мүгедектігі бар адамдардың спортқа, мәдениетке және тағы басқа қажеттілікке қолжетімділігін арттыру ісіне қоғам, мемлекет, жекелеген адам болып атсалысуымыз қажет, – деді Назгүл Ерікқызы. Назгүл Сағындықова Тараз қаласында 150 орынға арналған облыстық әлеуметтік оңалту орталығының ашылу салтанатына қатысып, осы орталықтың негізгі мақсатына тоқталған еді. – 2019 жылы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде мүгедектігі бар азаматтарға арналған заманауи үлгіде салынған әлеуметтік орталықтар ашылуы керектігі жөнінде Үкіметке арнайы тапсырма берген болатын. Соған орай еліміз бойынша ең бірінші кезекте 12 өңірде аталған орталықты біртіндеп ашу жоспарланған еді. Оның алғашқысы ақпан айында Абай облысының Семей қаласында ашылды. Мамыр айынан бастап ол орталық мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсете бастады. Осындай үлкен, заманауи үлгідегі орталық Тараз қаласынан да ашылды. Оның ашылу салтанатына арнайы қатыстық. Бұл орталықта мүгедектігі бар азаматтарды оңалту мен бейімдеудің толық жүйесі құрылып, оларды қоғамға әлеуметтендіру, жан-жақты әлеуметтік-медициналық, психологиялық және еңбекке баулу арқылы кешенді оңалту көмектері заманауи оңалту құрылғыларымен көрсетілетін болады. Бұл мекеме қызметін мүгедектігі бар ересек адамдар да, балалар да ала алады. Орталық зағип, құлағының мүкістігі бар немесе арбаға таңылған секілді кез келген санаттағы ерекше қажеттілігі бар жандарға қызмет ұсынады. Онда 8 түрлі қызмет ұсынылады, әртүрлі емдік бөлмелер мен бассейн бар, мүгедектігі бар адамдардың суға шомылуына ыңғайлы қондырғылар орнатылған. Мұндай орталық бұл облыста бұрын-соңды болмаған екен. Мұнда дефектолог, ралитолог секілді бірнеше маманның қызметі ұсынылады. Осы орталықтың жоспардан кешіктірілмей, дер кезінде, межелі уақытында салынып, пайдалануға берілгені бізді қуантып отыр. Сондықтан облыс әкіміне министрлік тарапынан айтар алғысымыз шексіз, – деді вице-министр. Жалпы 2021-2023 жылдары оңалту орталықтарында барлығы 881 мүгедектігі бар азамат оңалту шараларымен қамтылса, жаңа ғимаратта жылына бір мыңнан астам азамат оңалтудан өтуіне толық мүмкіндігі бар. Бұл нысанның құрылысы 2021 жылы басталса, оның құрылысын «ТаразСтрой-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Орталықтың жалпы аумағы – 4,932 гектарды құрайды. 5 блоктан тұратын нысанда сауықтыру-жүзу бассейні, акт залы, спортзал, 3 қабатты емдеу корпусы, ас блогы, 2 қабатты стационар бар. І және ІІ топ мүгедектігі бар адамдарға физио-емдеу, электрмен емдеу, инелі рефлексотерапия, озакерит-парафинмен емдеу, ингаляция, емдік шынықтыру, емдік уқалау, галокамера, бассейн, жарықпен емдеу, жеке және топтық сабақтар, патронаж, компьютерлік техникаға баулу, кесте тоқу және бисер, тігін, табиғи материалдармен жұмыс істеу, қолданбалы өнер, фитотерапия, мүсін шеберханасы, кескіндеме, аяқкиім тігу, жөндеу, ағаш күйдіру, музыкаға баулу, театр студиясы, кітапхана, зейнетақы, жәрдемақылар, жеңілдіктер түрлерін алуға көмек көрсету, заңды тұрғыда кеңестер беру, хат жазу мен жолдауға көмек беру қызметтері қамтылған. Әлеуметтік қызмет түрлері қызмет алушының денсаулығына байланысты 43 күннен 6 айға дейінгі мерзімде жартылай стационар жағдайында көрсетіледі. Облыста қолайлы орта қалыптасуда Мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету – мемлекеттің негізгі міндеті, әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз», деп атап өткен болатын. Бұл бағытта облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан да жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Бүгінде аймақ бойынша 45 601 мүгедектігі бар адам тіркелген. Оның ішінде І топта 4 361 азамат бар болса, ІІ топтағылар – 16 794, ІІІ топтағылар – 17 622. 18 жасқа дейінгі мүгедектер саны 6 824 адамды құрайды. Бұл облыс халқының жалпы санына шаққанда 3,7 пайызды қамтиды. Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мүгедектермен және ардагерлермен жұмыс істеу бөлімінің басшысы Нұрбек Алтынбеков басқарманың сан салалы жұмысының негізгі бағыттарының бірі – мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту шараларымен қамтамасыз ету екенін айтады. Яғни мүгедектігі бар адамдардың тіршілік-тынысының шектелуін жеңіп шығуы үшін жағдай туғызуға, олардың әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіруге, әлеуметтік-тұрмыстық және ортаға бейімделуіне бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыру – аталған басқарманың осы бөліміне қатысты жүргізілетін жұмыс. – Бүгінгі таңда мүгедектігі бар адам­дарды қажетті арнайы оңалту құрал­дарымен және арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету жұмыстары автоматтандырылған түрде «Әлеуметтік қызметтер порталы» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі. Арнайы оңалту құралдарымен қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау мақсатында биыл 3,6 миллиард теңге қаражат бөлініп, тиісті аппараттар, бұйымдар сатып алынуда. 2023 жылдың 1 қазанына әлеуметтік қызметтер ұсыну порталында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке оңалту бағдарламаларының орындалуы 89,6 пайызды құрап отыр. Порталға 23 003 өтініш тіркеліп, 20 610 жанның өтініші қанағаттандырылды. Жыл басынан бері басқармаға қарасты 18 медициналық-әлеуметтік мекемеде 2 224 адамға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді. Атап айтсақ, 7 стационар жағдайындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында 1 256 қарт пен мүгедектігі бар адамдарға, 9 жартылай стационар жағдайындағы мүгедектігі бар азаматтарға, балаларды оңалту және бейімдеу орталықтарында 704 мүгедектігі бар адам мен балаларға, 2 тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына әлеуметтік көмек көрсету орталықтарында 264 адамға қызметтер ұсынылды. Соңғы жылдары арнаулы әлеуметтік қызметтердің көлемі мен сапасын жақсарту мақсатында бұл қызметтерді ұсынатын мекемелердің желісін дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, 2020-2022 жылдары Талас, Т.Рысқұлов, Сарысу аудандарында мүгедектігі бар балаларды оңалту және бейімдеу орталығы, Талас ауданы Ақкөл ауылында жүйке ауруына шалдыққан мүгедектерге арналған стационар жағдайындағы орталығы және Қордайда зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы ашылды. Осы жылы Тараз қаласында «Белсенді ұзақ өмір орталығын» және «Аутизмі бар балаларды қолдау орталығын» ашу жоспарлануда. Оның алғашқысы зейнеткер жасындағы азаматтарды қайта әлеуметтендіру үшін қолжетімді жағдайлар жасауды, оларға әлеуметтік-тұрмыстык, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық қызметтер көрсетуді көздейді. Ал екіншісі аутизмі және басқа да психикалық бұзылыстары бар балаларда туындайтын әлеуметтік проблемаларды шешуге және олардың басқа азаматтармен тең дәрежеде қоғам өміріне қатысуына мүмкіндіктер жасауға бағытталған қызметтер кешенін ұсынатын болады, – дейді Нұрбек Ратбекұлы. Ерекше жандарға табыс табуда тең мүмкіндіктер жасаудың басты шарттарының бірі – оларды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту. Осы жылдың 1 қазанына 2 718 мүгедектігі бар адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, олардың 612-сі тұрақты жұмыстармен қамтылса, 493-і ақылы қоғамдық жұмыстарға, 18 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 35 адам «Жастар практикасымен» жолданыпты. «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 12, «Күміс жас» жобасына 42, онлайн оқыту курстарына 71 адам жіберілген. «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 1 261 тұрғын жолданып, 137 адам грант алған. Кәсіптік оқыту курстары арқылы 37 мүгедектігі бар адам білімін шыңдаған. Бүгінгі таңда қайтарымсыз гранттар әлеуметтік осал топтарды қолдаудың ең тиімді құралдарының бірі болып отыр. Осы жылы облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына, яғни 1 054 адамға ұлттық жоба аясында кәсіпкерлікті дамытуға 1454,5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар беру жоспарланған екен. Бүгінде жоспарланған 1 054 адамның 525-і 724,2 миллион теңге грант алыпты. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар – 129 болса, мүгедек баланы тәрбиелеушілер саны – 68. Мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту және бейімдеу орталықтары Тараз қаласында және Жамбыл, Т.Рысқұлов, Меркі, Шу, Қордай, Талас және Сарысу аудандарында да жұмыс істеп жатыр. Соңғы үш жылда аталған орталық­тарда 909 бала оңалту шараларымен қам­тылды. Соның нәтижесінде 185 бала оң нәтижелерге қол жеткізген екен. Атап айтсақ, 18 бала өздігінен отыра алатын жағдайға жетсе, 19 бала еңбектеген. 24 бала жетек арбамен жүруді үйренген, 21 бала өздігінен жүре алатын болған. 45 бала сөйлей бастаса, 58 бала өзіне-өзі қызмет көрсетуді үйреніпті. Сонымен қатар 1 бала колледжге оқуға түссе, 14 бала мектепке және 3 бала балабақшаға қабылданған. Жаңа әлеуметтік саясат – халықтың негізгі әлеуметтік топтарының мүддесіне деген қоғамдық көзқарастарды реттеп, әлеуметтік бағдарламалар мен қолдауларды жүзеге асырады. Жаңа Әлеуметтік кодекс іске қосылғалы халықты әлеуметтік қорғау жүйесі де нығая түскені аңғарылады. Нұрым Сырғабаев nurymsyrgabaev28@gmail.com
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар