Жарқын болашаққа нық қадам
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында халыққа жолдаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын бір деммен оқып шықтық. Президенттің бұл Жолдауында жуық арада жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы мен әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шаралар қамтылды.
Халқымыз үшін жасалынып жатқан әрбір игі іс, әрбір жаңа бастама тәуелсіз еліміздің жаңаша бағытта дамып жатқанының айқын көрінісі. Біз, медицина қызметкерлері Президентіміздің бізге артып отырған сенімін ақтап, асқан жауапкершілікпен бірлесе отырып, Жолдау аясында атқарылатын жұмыстарды қарқынды түрде дамытуға, ұлт саулығын арттыруға бар күш-жігерімізді саламыз. Барлық медицина қызметкерінің бүгінде орташа айлық жалақылары көтеріліп, біршама жақсы деңгейге өсті. Тіпті орта және техникалық персонал табысы да көтерілген. Мәселен, Жамбыл облысындағы 11 896 медициналық қызметкердің, оның ішінде 3 248 дәрігердің жалақысы орта есеппен 30 пайызға, 8 648 орта медицина персоналының жалақысы орташа есеппен 20 пайызға өссе, дәрігердің айлығы орта есеппен 453 427 теңгеден 589 455 теңгеге көбейіп, орта медициналық буын персоналының айлығы 204 000-нан 244 800 теңгеге жоғарылаған. Сонымен қатар көптеген жылдан бері көтерілмеген тазалықшы, жүргізуші және өзге де персоналдардың еңбекақысы орта есеппен 18 пайыз өскен. Атап айтқанда, 3 430 тазалықшының еңбекақысы орта есеппен 124 854 теңгеден 147 327 теңгеге дейін көтерілді.
Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың медицинаға жасап отырған жақсылығы ғана. Басқа да қаншама нысан ашылып, медициналық жоғары технологиялық құрылғылар алынып, ел игілігіне берілуде. Халық бүгінде тексерілуден өту үшін алысқа бара бермей, өзімізде емделгенді дұрыс көреді. Тегін медициналық қызмет көрсетудің жоғары үлгісіне ел үйреніп келеді. Мұның барлығы Мемлекет басшысының көреген саясаты мен жасампаз істерінің жемісі деп білемін. Біз, медицина қызметкерлері қашанда еліміздің жарқын болашаққа қадам басуы жолында қолдан келгенше қолдау көрсетіп, Президент Жолдауына қолдау білдіреміз.
Гүлмайра МОМБЕКОВА,
«SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі
жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрайымы
Келесі мақала