ЭКСПОРТТАУШЫЛАР қытайдағы экспо-ға ҚАТЫСАДЫ
Алдағы VI Қытай халықаралық импорттық көрмесіне Шанхай қаласында Қазақстаннан 25 азық-түлік экспорттаушы компания қатысады. Биыл отандық тауар өндірушілер «Азық-түлік және ауылшаруашылығы өнеркәсібі» секторындағы стендте азық-түлік пен ауылшаруашылық тауарларының 30-дан астам атауын ұсынады.
Қытай халықаралық импорттық ЭКСПО (China International Import Expo) 5-10 қараша аралығында ҚХР, Шанхай қаласында өтеді. Қазақстандық экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды іріктеуді ҚР Сауда және интеграция министрлігінің келісімі бойынша «Qaztrade» мемлекеттік қолдау шараларының операторы жүргізді.
Көрмеге қатысуға тіркелу 2023 жылдың 10-27 шілдесі аралығында ашылды. Тіркеудің ашылуы туралы ақпарат жергілікті атқарушы органдарға, «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасына (оның ішінде ӨКП), «KazakhExport» акционерлік қоғамына жіберілген, сондай-ақ жеделхат-арналарда орналастырылған. Үміткерлерді іріктеу белгілі бір талаптарға сәйкес өтініш бере алған компаниялар арасында жүргізілді.
«Мәселен, компания Қазақстан аумағында кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелуі тиіс, ол өндіретін өнім немесе қызмет Қытай нарығында талап етілуі қажет. Бұл ретте өнімдердің немесе қызметтердің сапасы міндетті түрде ҚР қауіпсіздік стандарттарының талаптарына және халықаралық стандарттарға сәйкес келуі керек», деп хабарлады «QazTrade».
Басқа критерийлердің қатарына кәсіпорынның қолданыстағы заңнамаға сәйкес салықтарды, алымдарды және басқа да міндетті төлемдерді төлеу бойынша берешегінің болмауы жатады.
«Компанияның ресми сайтының немесе әлеуметтік желілердегі парақшаның болуы да маңызды, сапалы контент – тауардың фото-бейне сипаттамасы, презентация, өнім каталогы ағылшын тілінде, тіпті компанияда ағылшын тілін жақсы меңгерген жеке штаттық қызметкердің болуына да назар аударылады. Бұл шетелдік серіктестермен іскерлік хат алмасу және келіссөздер жүргізу үшін маңызды», деп атап өтті «QazTrade».
Кәсіпкерлердің Қытай аумағындағы іс-шараларға қатысуы үшін олардың ҚХР Бас кеден басқармасы жүйесінде аккредиттелуі талап етіледі. Әсіресе ветеринариялық және фитосанитариялық бақылауға жататын тауарлар мұқият қарастырылады. Бұл ҚХР-дың ұлттық заңнамасы бойынша, тамақ өнімдерін, соның ішінде сусындарды өндіретін және сақтайтын барлық кәсіпорындар тіркеліп, Қытайдың «CIFER» тіркеу жүйесіне енгізілуін реттейді.
Қазақстан Қытайдағы ЭКСПО-ға жәрмеңке 2018 жылы жұмысын бастаған сәттен бастап қатысады. Бес жыл ішінде 133 қазақстандық компания қытайлық сатып алушыға өз тауарлары мен қызметтерін көрсете алды, сондай-ақ 260 миллион доллардан асатын сомаға экспорттық келісімшарттар жасасты.
Аяулым Жаманқара
Келесі мақала