Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ТҰТЫНУШЫ, ӨЗ ҚҰҚЫҒЫҢДЫ БІЛЕСІҢ БЕ?

ТҰТЫНУШЫ, ӨЗ ҚҰҚЫҒЫҢДЫ БІЛЕСІҢ БЕ?
ашық дереккөз
ТҰТЫНУШЫ, ӨЗ ҚҰҚЫҒЫҢДЫ БІЛЕСІҢ БЕ?
Өкінішке қарай, еліміздің тұрғындары тауарларды сатып алу мен қызметтерді пайдалану барысында сапасыз тауарларға немесе қызмет көрсетуші тарапынан жауапсыздыққа тап болып жатады. Елімізде тұтынушылар құқығы қалай қорғалуда? Өз құқығымызды білеміз бе? ЕЖЕЛДЕН ҚАЛЫПТАСҚАН ҮРДІС Тарихқа көз жүгіртер болсақ, ежелгі кезеңдерде Қытай, Вавилон, Көне Грек елі, Египет, Рим империясы сынды елдерде тұтынушының мүддесі белгілі бір дәстүрлермен және заңмен қорғалатын болған. Ортағасырлық Еуропа елдерінде де тұтынушының құқығы қорғалған. Яғни, ХІV-ХV ғасырлардың өзінде бірқатар елдердің сауда орындарында мемлекет тарапынан инспекторлар бекітіліп, жұмыс істеген. Мәселен, Австрия елінде тауарлардың сапасына назар аударылып, тұрақты түрде бақылау жасалып отырған. Егер сатушының сапасыз сүт сатқаны анықталса, сол сүтті өзінің тауысып ішіп қоюы міндеттелген. Бұзылған жұмыртқа сатқан адамға сол жұмыртқаларды лақтырған. Ал тұтынушы наразалығы ең алғаш 1775 жылы Американың Массачусетс штатында тіркеліпті. Яғни бұзылған тамақты сатқаны үшін масқаралау бағанасына байлап қойған. Алғашқы тұтынушылар қоғамы ХVІІІ ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың басында Батыс Еуропа елдерінде пайда болды. ХІХ ғасырдың 60-80 жылдары АҚШ мемлекетінде жүк және жолаушы тасымалы бағасын тым көтеріп жібергендіктен теміржол компаниясына қарсы қозғалыстар пайда болған. Нәтижесінде мемлекет теміржол тарифін бақылауға алды. Өткен ғасырдың 60-80 жылдары көптеген мемлекеттер тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңдарды бекіткен. Онда тауардың маркировкасы болуы және арнайы қораптарға салынуы міндеттелді. Сондай-ақ балалар ойыншықтарының қауіпсіздігіне де аса мән берілді. Тауарлардың кепілдік мерзімінің көрсетілуі де талап етілді. Сонымен қатар тұтынушылардың құқығын қорғау күні де халықаралық деңгейде бекітіліп, 15 наурызда атап өтілетін болған. Бұл күнді АҚШ мемлекетінің таңдауы бекер емес. Бұл мереке АҚШ-тың бұрынғы президенті Джон Кеннедидің 1961 жылы құқық жайлы сөйлеген сөзімен байланысты. Сол уақытта АҚШ президенті тұтынушыларға барлық адамның жататынынын айтып, ақпарат алу, қауіпсіздік, таңдау және хабардар болу құқықтарын атап өткен еді. Кейіннен дүниежүзілік тұтынушылар құқығын қорғайтын ұйымдар бұл сөздерді өз манифестеріне айналдырды. АДАЛДЫҚ МІНДЕТІ Әлемдегі бар діннің барлығы тұтынушыға адал қызмет көрсетуді міндеттейді. Оның ішінде Ислам діні саудадағы адалдыққа айрықша мән берген. Таразы мен өлшемде әділ болуды бұйырған. Бұл хақында Құранда: «Өлшемде әділ болыңдар. Таразыдан жемеңдер» («Рахман» сүресі, 9-аят) деген жол бар. «Кем өлшеушілерді қарғыс атсын! Олар біреуден алғанда толық алады да, басқаға өлшеп бергенде кемітеді. Сонда олар қияметте қайтып тірілетіндеріне сенбей ме екен? Ол күнде адам біткен күллі әлемнің Иесінің алдында тікесінен тік тұрады. Ондайлар (өлшеммен, таразыдан) жегенін қойсын. Жаман адамның амалы сөз жоқ сиджинде тұрады» дейді тағы. Демек, сауда-саттықта адалдықты ту еткен дұрыс. Алушының ақысын жеу ақырет таңында азап отына күйдіреді. Ислам діні белгілі бір тауарды немесе халық көп тұтынатын азықты базарға шығармай, құнының көтерілуін күтіп, кейін науқанында сатуға тыйым салады. Адамзаттың ұстазы, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) мұндай істі құптамай, бұлай пайда тапқысы келгендердің күнәһар екенін айтады. Сонымен қатар тыйым салынған амалды жасау қаншалықты күнә болса, ішіп-жеуге тыйым салынған азықты да сату соншалықты күнә болмақ. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Сенімді, дұрыс сауда жасаған кісі қиямет күні пайғамбарлар, турашылдар және шәһидтермен бірге болады» деген. Ислам саудаға рұқсат берумен қатар, табыстың негізгі көзі екендігін де айтқан. Алла Елшісінің (с.ғ.с) «Ырыстың оннан тоғызы сауда мен диқаншылықта. Қалғаны мал асырап, бағып-байлап, сатуда» деуі де бекер емес. Бұдан сауда жасаудың маңызды кәсіп екенін аңғарамыз. САПАСЫЗ ЗАТ ҮШІН АЙЫППҰЛ Кейде сауда жасау барысында тұтынушы тауардың сапасына мән бермейді. Сөйтіп кейін сапасыз екені анықталып, сан соғып қалады. Ендігі кезекте халыққа сапасыз тауар сатқан кәсіпкерлер қомақты айыппұл арқалауы мүмкін. Егер дүкен қожайыны тұтынушыға көңілінен шықпаған бұйымды ауыстырып немесе ақысын қайтарып бермеген жағдайда өз қалтасынан қаражат төлейтін болады. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі «Тұтынушылардың құқын қорғайтын» Заңды осылайша қатаңдатуға бел буып отыр. Депутаттар алдында сөз сөйлеген Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаевтың айтуынша, заң жобасына сәйкес тұтынушылардың арыз-шағымын қараудың қолданыстағы төрт сатылы алгоритмін өзгерту қажет. «Бірінші кезеңде тұтынушы құқығының бұзылғаны туралы тікелей кәсіпкерге шағымдануға тиіс. Егер келіссөз сәтсіз болса және кәсіпкер шағыммен келіспесе, тұтынушы екінші кезеңге өтіп, міндетті түрде медиатрдың көмегіне жүгінуі қажет. Үшінші кезең – мемлекеттік органға шағымдану. Әкімшілік мемлекеттік органның жеке тұлғалардың арасында туындаған дауды шешуге өкілеттігі жоқ, себебі ол сот құзыретіне жатады. Бұл жағдай қарапайым азаматтар үшін қиындық туғызып отыр», деді Балықбаев. Осыған байланысты заң жобасында Конституцияның ережесіне және логикаға сәйкес келмейтін бұл жүйені алып тастау ұсынылып отыр. «Осы түзетулерді қабылдаған кезде тұтынушы өз құқығын қорғау тәсілдерін еркін таңдайды. Тікелей сотқа немесе әкімшілік құқықбұзушылық болған жағдайда заң аясында жауапқа тарту үшін мемлекеттік органға шағым беру мүмкіндігіне ие болады», деп хабарлайды Сауда және интеграция министрлігі. Сондай-ақ тұтынушы­лардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл институтын енгізу ұсынылды. Аталған институт шағымдармен айналысады, кеңес береді, саладағы мемлекеттік мекемелерді үйлестіреді және нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге қатысады. Бұдан бөлек тұтынушы­лардың құқықтарын қорғау ережелері тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылық, байланыс, туризм, мәдениет, сауда және көлік салаларына да енгізілмек. Заң жобасы кәсіпкердің азамат­тық-құқықтық жауапкер­шілігін енгізуді көздейді. Яғни тұтынушының құқықтары бұзылған және сотқа дейінгі кезеңде шешілмеген жағдайда кәсіпкерге сот арқылы тұтыну­шының пайдасына айыппұл салынады. Айыппұл мөлшері тұтынушының талап қою сомасының 10 пайызынан 50 пайызына дейін құрайды. Шағым сомасы неғұрлым аз болса, айыппұл мөлшері соғұрлым көп болады. Заң жобасында онлайн саудаға қатысты да жеке ереже қарастырылған. Вице-министрдің айтуынша, биылғы жарты жылда (4 795 өтініш) тұтынушының электрондық сауда сегментіне шағымдардың саны 2022 жылдың сәйкес кезеңімен (937 өтініш) салыстырғанда 411 пайызға өскен. Осыны ескере отырып, шарттарда тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзатын және оларға қысым жасайтын талаптарға жол бермеуді бекіту, сондай-ақ құқықтық олқылықтарды жою, атап айтқанда, тауарларды сату мақсатында пайдаланылатын интернет-ресурстарды «сауда объектілеріне» теңестіру ұсынылып отыр. Бұл өз кезегінде бизнес субъектілерін әкімшілік жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді.  
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар