БАУЫРЛАС ЕЛМЕН БАЙЛАНЫС БЕКИ ТҮСТІ
Қазақ пен қырғыз халқы – ежелден бері бауырлас және одақтас мемлекеттер. Жуырда Тараз қаласында достық қатынасты ілгерілету мақсатында Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасында екі күнге жалғасқан І Өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті.
Форумға қатысушылардың назарына жамбылдық қолөнершілердің туындыларынан және кәсіпорындардың тауарларынан көрме ұсынылды. Қазақстан-Қырғызстан Үкіметаралық кеңесінің 11-отырысында «Ынтымақтастық шекарасын кеңейту», «Қазақ-қырғыз өңірлерінің инвестициялық және экспорттық мүмкіндіктері» тақырыбында қос мемлекеттің министрлігі мен кәсіпкерлері ашық пікірлесіп, іскерлік байланыс орнатты.
– Қазақ пен қырғыз бауырлас әрі сауда-экономикалық салада әріптес елдер. Бірінші рет өңіраралық форумды өткізіп отырмыз. Бұл біздің еліміздің және бизнес өкілдерінің сындарлы диалогті дамытуға жоғары мүдделі екендігін көрсетеді. Біз екіжақты сауданы дамытудың жақсы серпінін көріп отырмыз, осы жылдың 7 айында ол 12,7 пайызға өсіп, 755,4 миллион долларды құрады. Биылғы қаңтар-шілде айларында Қазақстаннан Қырғызстанға жіберілген экспорт 17,5 пайызға өсіп, 469,7 миллион долларды құрады. Өз кезегінде импорт 5,6 пайызға артып, 285,6 миллион АҚШ долларына жеткен. Мемлекет басшылары қойған мақсат, яғни сауда желісінен 1 миллиард АҚШ долларын табу 2021 жылы-ақ орындалған. Енді алдағы кезекте оның деңгейін 2 миллиард долларға жеткізуді көздеген ауқымды міндет тұр. Бұл бағытта екі елдің Үкіметі, бизнес өкілдері тығыз жұмыс істеуі қажет. Біз сіздерге Үкімет деңгейінде барлық қолдау түрлерін көрсетіп, тікелей өзара әрекеттесу мен байланыс орнатуға дайынбыз, – деді Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев.
Өз кезегінде Қырғыз Республикасы Экономика және сауда министрінің орынбасары Қанатбек Абдрахманов өз мемлекетінің сауда-саттық пен өндіріс саласындағы жұмыстары туралы баяндап, өзара пкір алмасты.
Екі елдің өңірлеріндегі инвестициялық және экспорттық мүмкіндіктер турасында сөз болған панельді сессияда «Өнеркәсіптік сауда-логистикалық кешен» жобасының іске асырылуы жайлы «Тараз ӘКК» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Еркін Жылысбек мәлімдеді. Келесі кезекте Қырғыз Республикасының инвестициялық ахуалы туралы Қырғыз Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық инвестициялық агенттігінің инвестициялық жобаларды іске асыру департаментінің басшысы Дамир Бикулов презентация жасады. Қазақстан мен Қырғызстанда инвестиция салып, бизнесінде табысын арттырған іскер кәсіпкерлер өз істеріндегі тиімді тәсілдерімен бөлісті.
Ауылшаруашылық саласындағы ынтымақтастық жөнінде екі елдің Ауылшаруашылығы министрлігінің өкілдері сөз сөйлеп, қазақ пен қырғыз елдеріндегі шаруалар да бүгінгі жай-күйлерін, кездескен проблемаларды шешудегі ұсыныстарын ортаға салды.
Форумның екінші сессиясында қазақ-қырғыз бизнес диалогі аясындағы коммерциялық құжаттарға қол қойылды. Онда біздің елдің «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен қырғызстандық «Бай Дыйкан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында аммофоспен қамтамасыз ету бойынша келісім жасалды.
Кондитерлік өнімдер шығаратын өңірдегі «Сәуле» ЖШС фабрикасы мен қырғыстандық «УЛ-АЙ Тести» ЖШС құны 1 миллион АҚШ долларын құрайтын келісімшартқа қол қойды. Экспресс-тесттерді жеткізу негізінде еліміздегі «Әмір және Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен қырғыздың «АСБ-Компани» серіктестігі арасында меморандумға қол қойылды.
Айта кету керек, бұл келісімшартттардан бөлек, сондай-ақ қырғыз еліне қазақстандық азық-түлік, құрылыс материалдары және кешенді микротыңайтқыштар, натрий цианиді секілді өнімдерді экспорттауға келісім орнатылды. Барлығы қол қойылған 10 келісімшарттың жалпы құны 24,82 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл келісімдер іргелес қонған қос елдің арасына берік байланыстың алтын көпірін салып, ынтымақтастық пен іскерлік қарым-қатынасты жалғастыруға негіз болмақ.
Осы күні түстен кейін екі ел кәсіпкерлері В2В кездесулерін өткізіп, өзара мәселелерін талқылады. Іскерлік кездесуден кейін Қырғыз елінен келген делегация мүшелері «Тектұрмас», «Айша Бибі», «Қарахан баба» кесенелері сынды облыстың киелі жерлеріне барды. Сонымен қатар облыстағы ірі кәсіпорындарды аралады.
Ал Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы I Өңіраралық ынтымақтастық форумының екінші күнінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов келді.
Қазақстан тарапынан іс-шараға Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, энергетика вице-министрлері Жандос Нұрмағанбетов, сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев, ауылшаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков, сондай-ақ Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев қатысты.
Форумда бизнес өкілдері іскерлік әріптестіктің практикалық мәселелерін талқыласа, өңірлер экономикалық және әлеуметтік дамудың, агроөнеркәсіптік кооперацияның және су-энергетикалық ынтымақтастықтың өзекті тақырыптарын талқылады.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов алғашқы сөзінде форумның өткізу мақсаты туралы баяндады.
– Бүгінгі форум екіжақты қарым-қатынастарды тереңдетуге қосымша мүмкіндіктер ашатынына, елдеріміздің өңірлерін жақындастырып, экономикалық өсудің жаңа мүмкіндіктерін айқындайтынына сенімдімін. Қазақстанда 3,5 мың бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеп келеді, өткен жылдан бері олардың қатарына 200-ге жуық жаңа компания қосылды. Біздің инвестициялық ынтымақтастығымыздың мүмкіндіктері әлдеқайда кең екені сөзсіз және біз бірлескен жобаларды одан әрі жүзеге асыруға мүдделіміз. Өткен жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға сапары барысында біздің облыстарымыз ынтымақтастықты дамыту туралы алты құжатқа қол қойды. Бүгінгі форум шеңберінде екі тараптың тағы екі облысы арасында бауырластық байланыстар орнатылып отыр, – деді Үкімет басшысы.
Осы тұрғыда Үкімет басшысы I Өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізу орны ретінде таңдалған Жамбыл облысының маңызы ерекше екенін атап өтті. Жамбыл облысы арқылы логистикалық бағыттардың негізгі бөлігі өтеді. Сонымен қатар өңірде қырғыз тарапының қатысуымен ашылған кәсіпорындардың тең жартысы тіркелген.
Өзінің кіріспе сөзінде Қырғызстан Министрлер Кабинетінің төрағасы-Президент Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров Қазақстан мен Қырғызстанды көп ғасырлық берік достық пен бауырластық, ортақ тарих, мәдениет және рухани құндылықтарға негізделген тату көршілік қатынастар байланыстыратынын атап өтті.
– Форум өзара тиімді жаңа жобалар мен бастамалармен ерекшеленіп, экономикалық, сауда және инвестициялық байланыстарды нығайтуға, елдеріміздің өңірлері арасындағы іскерлік және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге серпін беретініне сенімдімін, – деді ол.
Форумның пленарлық отырысы барысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев те сөз сөйледі.
– Қырғыз елі ертеден біздің өңір үшін бауырмал көрші, сауда-экономикалық әріптес екені белгілі. Бұған біздің ұзындығы 720 шақырымға жуық шекарамыз, 8 шекаралық бекетіміз өзінің септігін тигізеді. Жамбыл облысында Қырғызстан кәсіпкерлері үшін жағдай жасалуда. Мәселен, Қырғыз елінің 4 мыңнан астам азаматы өз қызметін сауда нүктелерінде және ауылшаруашылығы бағытындағы кәсіпорындарда жүзеге асыруда. Екіжақты ынтымақтастықты дамыту, сауда қатынастарын арттыру және азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында біздің облыс нарықтарында қазақстандық тауарлармен бір мезгілде қырғыз тауар өндірушілерінің ауылшаруашылық өнімдері де кеңінен ұсынылды. 2023 жылдың басынан 15 қыркүйекке дейін Жуалы ауданының «Маймақ» стансасынан «Қаражыра» маркалы 31,1 мың тонна көмір экспортталды. Өткен жылы мамырдан қыркүйекке дейін Қырғыз Республикасының Талас облысына автокөлікпен 17,5 мың тонна көмір экспортталды, – деді Ербол Шырақбайұлы.
Келесі кезекте екі елдің Үкімет басшылары Қазақстан-Қырғызстан үкіметаралық кеңесінің 11-отырысы хаттамасына, ал Шымкент және Ош қалалары, Ақтөбе және Жалал-Абад облыстары арасында бауырластық байланыстар орнату туралы меморандумдарға қол қойылды.
Аяулым ЖАМАНҚАРА
aaiauka@mail.ru
Келесі мақала