Жасыл энергетиканы жетілдіруге басымдық берілмек
Кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен «Бизнеске арналған үкімет» орталығында кезекті инвестициялық штаб отырысы өтті. Жиында бірнеше инвестициялық жоба қаралды.
Алдымен «China Power International Holding Limited» компаниясының өкілі Чен Че жел электростансасын салу бойынша инвестициялық жобасын таныстырды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға мамыр айындағы сапары барысында «China Power International Holding Limited» компаниясы мен ҚР Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы, «SANY Renewable Energy» компаниясы арасында Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт жел электр стансасын салу туралы келісімге қол қойылған болатын. Бүгінгі таңда келісімге сәйкес тиісті жұмыстар басталып кетті. Дәлірек айтар болсақ, «China Power International Holdingt Limited» компаниясының жобасы екі кезектен тұрады.
Алғашқы кезектегі 500 МВ-тық Жамбыл облысындағы жоба мақұлданған. Ал екінші кезекте тұрғаны еліміздің солтүстік өңірлері мен Алматы облысының қайсысында іске асырылатыны әлі нақтыланып жатыр екен.
Қытайлық Чен Ченің айтуынша, зерттеу жұмыстарын жүргізуге, бекітілген аумақта желкенді арнайы қондырғылар орнатуға облыс әкімдігінен рұқсат алынған. Сонымен қатар электр энергиясын тарату схемасын әзірлеу бойынша жұмыстар басталған. «KEGOC» акционерлік қоғамымен 500 кВ жоғары вольтты желілерді пайдалануға келісім жасалған. Сондай-ақ желкенді арнайы қондырғыларды орнату бойынша қызметтер мен жұмыстарды сатып алу процесі басталған.
– Жалпы жел электр стансасына қажетті алқап жобамен 1000 гектарды құрайды. Учаскенің нақты координаттарын әкімдік алдын ала бекіткен. Жел электр стансасы «Жамбыл» 500 кВ қосалқы стансасына ұзындығы 40 шақырым болатын екі біртізбекті 500 кВ әуе желісі арқылы қосылады, – дейді Чен Че.
Ал «SANY Renewable Energy» компаниясы облыста жел қондырғылары бағаналарын шығаратын зауыт салуды жоспарлаған. Аймақ басшысы жоғарыда аталған қос жобаға айрықша қызығушылық танытты.
Инвесторларды мұқият тыңдаған Ербол Шырақпайұлы орынбасары Қанатбек Қайшыбекұлына, бірқатар басқарма басшыларына тапсырмалар жүктеді. Яғни инвесторлардың жобасын жүзеге асыруға, жұмыс барысында ешқандай қиындық туындамауына барлық жағдай жасалуы керектігін ескертті.
Сондай-ақ штаб отырысында «Синомашкарьер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің әктас өндіру бойынша инвестициялық жобасы таныстырылды.
Т.БЕРІКБАЙҰЛЫ
Келесі мақала