Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Қаралманың» болашағы бұлыңғырланып барады

«Қаралманың» болашағы бұлыңғырланып барады
ашық дереккөз
«Қаралманың» болашағы бұлыңғырланып барады
Жуырда редакциямызға Арманбек Ықыласұлы есімді Тараз қаласының тұрғыны хабарласып, бір кездері жарнамасы жер жарған, қазір тіпті ұмытыла бастаған «Қаралма» жобасы жайлы сөз қозғады. Тұрғын жұмысы бірнеше жыл бұрын басталған кешен құрылысының не себепті аяқталмай жатқанына таңғалып, жобаның болашағына алаңдаушылығын білдірді. Арада бір-екі күн өткенде оқырманымыз телефон арқылы айтқан ойларын қағазға түсіріп, «WhatsApp» нөмірімізге жолдапты. Ендеше хат мәтінін қаз-қалпында өздеріңізге ұсынғанды жөн көрдік. «Қолыма қалам алуыма себеп болған мәселе – құрылысы жылдан-жылға жалғасып келе жатқан «Қаралма» кешенінің бүгінгі жай-күйі. Бірегей жоба әлдеқашан пайдалануға берілуі керек болған. 2018 жылы кешеннің қазығы қағылып, құрылысы басталғанда «енді Алматыға ат арытып, Шымкентке сабылмайтын болдық» деп, облыс тұрғындары қуанғаннан бөріктерін аспанға атты. Алайда соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Ақпарат көздерінен қаржы тапшылығына байланысты құрылысы тоқтап тұрғанын оқып қалдым. Бәлкім, жобаны іске асыру үшін қыруар қаражат керек шығар. Инвесторлардың шамасы жетпеуі де мүмкін. Онда неге басқа да жолдарын қарастырмасқа?! Барлық жауапкершілікті инвесторларға артып, қол қусырып отыра беруге болмайды деп ойлаймын. Көзді ашып-жұмғанша жылдың тоғыз айы артта қалды. Әне-міне дегенше қылышын сүйретіп қыс келеді. «Қаралма» кешенін жылдың соңына дейін пайдалануға беру мүмкіндігі бар ма екен?» деп сұрау сала хат жазыпты тұрғын. Сондықтан да бүгін оқырман хатына орай «Қаралма» кешеніне қайта айналып соққанды жөн көріп отырмыз. Қайта айналып дейтін себебіміз, 2018 жылдың тамыз айында кешеннің құрылысы басталғалы бері газетімізде осы тақырып төңірегіндегі мақалалар дүркін-дүркін жарияланған болатын. Алғашқы жылдары «Жамбылдың өз Шымбұлағы болады», «Жуалыда тау-шаңғы кешені ашылады», «Жуалыға туристер ағылатын күн алыс емес» деп сүйіншілесек, кейінгі жылдарда «Қаралмадан» қайран болмай тұр», «Қаралманың» қызығын қашан көреміз?» деп, жарқын жобаның болашағына үлкен үмітпен қарайтын жағдайға жеттік. Еске сала кетсек, осыдан 5 жыл бұрын, яғни 2018 жылдың маусым айында облыс әкімдігінде өткен кезекті жиынның бірінде сол кездегі өңір басшысы Асқар Мырзахметов жергілікті кәсіпкерлерге жаңа жобаны таныстырды. Сонда Асқар Исабекұлы: «Жуалы ауданында тау-шаңғы кешенінің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Облысымызда бірде-бір қысқы демалыс орны жоқ. Сол себепті де өңірімізге белгілі кәсіпкер азаматтарды жобаны жүзеге асыруға атсалысса деген ниетте арнайы жинап отырмыз», деген болатын. Алайда Асқар Исабекұлының жоспары бойынша құрылысы 5 айда бітуі тиіс болған кешеннің қазығы қағылғанымен 2018 жылдың соңына дейін пайдалануға берілмеді. Рас, қанша жерден әлеуеті жоғары мердігер болса да ауқымды жобаны 5 айда бітіре алмайтын шығар. Бірақ 5 ай емес, табаны күректей 5 жылдан аса уақыт өтті. Жоба құрылысы әлі аяқталар емес. Жыл сайын «Қаралма» биыл пайдалануға беріледі» деп сүйіншілеп жаза-жаза оқырманның алдында біз де ұятты болдық. Бәлкім 2019, 2020, 2021, 2022 жылдары пайдалануға берілмеген тау-шаңғы кешені биыл есігін айқара ашатын шығар?! Көптің көкейіндегі сауалды облыс әкімдігі туризм басқармасының туризм бөлімінің басшысы Жомарт Жайнақұлына қойып көрдік. – Қысқы және жазғы спорттық демалыс түрлеріне арналған кешен құрылысы 2018 жылдың тамыз айынан бастап әлеуетті инвестор «ТаразСтрой-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жеке қаражаты есебінен жүргізіліп келеді. Жобаның жалпы құны 6,3 миллиард теңгені құрайды. Тараз қаласынан 70 шақырым қашықтықта, теңіз деңгейінен 2 400 метр биіктікте, Батыс Тянь-Шаньнің Талас Алатауы, «Қаралма» шатқалында орналасқан «Қаралма» тау-шаңғы кешенінде жергілікті тұрғындар мен туристерге спорттық-сауықтыру және мәдени-ойын-сауық қызметтерінің барлық спектрі ұсынылатын болады. Бүгінгі таңда жобаның бастамашысы «Таразстрой-2004» серіктестігі тарапынан 4,3 миллиард теңге жеке қаражаты жұмсалып, кешенге қажетті барлық инфрақұрылымдар тартылуда. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік көлік дәлізінен тау етегіне дейінгі он шақырым асфальтталған автожол жүргізілді. Газбен, электрмен, сумен жабдықталды және кәріз жүйесі тартылды. Кешендегі арқан жолының құрылысы, ішкі алаңдарды абаттандыру жұмыстары, кірме жол, кафе, сервис орталығы және тағы басқа да нысандардың құрылысы шамамен 90 пайыз аяқталды. Сонымен қатар кешен аумағында қонақүй, мейрамхана, бассейн, спорт ғимараттарын салу және оларға қажетті жабдықтар сатып алу жоспарлануда. Осы іс-шараларды жүзеге асырып, жобаның толығымен аяқталуы үшін қосымша 2 миллиард теңге инвестиция қажет. «Қаралма» тау-шаңғы кешенінің құрылысы инвестордың жеке қаражаты есебінен жүргізілуде. Алайда жоба бастаушысының жеке қаражатының тапшылығына байланысты кешеннің құрылысы толығымен аяқталмай отыр. Бизнесті қолдау мақсатында мемлекет тарапынан жобаға «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 542,6 миллион теңге көлемінде қосымша қаржы бөлініп, кешен ауызсумен және кәріз жүйесімен қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда жобаға қажетті қаражатты пайыздық мөлшерлемесі төмен, жеңілдетілген несие беру арқылы немесе жобаны бірлесіп қаржыландыратын инвесторларды тарту арқылы нысанның құрылысын аяқтау көзделіп отыр, – дейді Жомарт Жайнақұлы. Біз өткен жылдың желтоқсан айында да кешендегі құрылыс барысы жайлы мақала дайындаған болатынбыз. Сонда туризм басқармасының басшысы Біржан Мықтыбекұлы: «Жоспарлы жұмыстарды жүзеге асырып, жобаны іске қосу үшін қосымша 2 миллиард теңге инвестиция қажет», деген болатын. Яғни 1 жылда құрылыс жұмыстарында ешқандай алға жылжу болмаған. 2 миллиард теңгенің мәселесі әлі шешілмеген. Осы орайда жұртшылық тарапынан да «Көбі бітіп, азы қалған кешен құрылысын облыстық бюджет есебінен аяқтауға болмай ма?!» деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Жамбыл облысы секілді дотациялық өңір үшін 2 миллиард теңге аз ақша емес. Бір жобаға 2 миллиард салғаннан гөрі, сол қаржыға кемі 4-5 мектеп немесе сонша спорт кешенін немесе басқа да әлеуметтік нысан салған әлдеқайда тиімді. Осыны да ескерген жөн. Біз «Таразстрой-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әлімбек Жұмабаевпен «WhatsApp» арқылы тілдескенімізде жұмыс барысымен Түркияда жүргенін, қазан айында елге келген соң кездесіп, мән-жайды айтып беруге уәде етті. Сондықтан әзірге күтуден басқа амалымыз жоқ. Кім біледі, белгілі кәсіпкер, атымтай жомарт азамат ретінде облысымызға белгілі Әлімбек Әсембекұлы кездесуімізде «Қаралма» жобасына байланысты жағымды жаңалықпен бөлісіп қалар?! Одан бөлек жуырда ғана облыстың екі тізгін, бір шылбырын қолға алған аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев те Жуалы ауданына жұмыс сапары кезінде құрылыс басына арнайы барып, жағдайды өз көзімен көріп қайтса, нұр үстіне нұр болмақ. Бұған дейінгі үш облыс әкімі аяқтай алмаған жарқын жобаның бағын Ербол Шырақпайұлы ашып жатса, жамбылдықтардың риясыз алғысына кенелер еді. Талғат НҰРХАНОВ
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар