«Ана тілің – арың бұл...
Жуырда Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығына қарасты «Жамбылтану» бөлімінің ұйымдастыруымен «Ана тілің – арың бұл, Ұятың боп тұр бетте» тақырыбында зиялы қауым өкілдерімен және тіл мамандарымен «дөңгелек үстел» өтті.
Кездесуге келген қонақтар алдымен «Жамбылтану» бөлімінің көрме залын аралап, танысып шықты. Ал шараны ашқан «Жамбылтану» бөлімінің мәдени жұмыстарын ұйымдастырушысы Гүлгаухар Құрманәліқызы іс-шараның мақсаты мен мүддесі жайлы айтып өтіп, ары қарай қонақтарға сөз берді.
Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Мөлдір Ахметова өз сөзінде қазіргі таңда облыс бойынша өзге ұлт өкілдері 60 пайыз қазақ тілінде сөйлейтінін айтып өтті.
Ал Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, профессор Меңдібай Әбілұлы, Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназияның қазақ-тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Гаухар Оспанқызы, Тараз гуманитарлық-техникалық колледжі тарих пәнінің мұғалімі Ғалымжан Сейсенбайұлы және Жанат Әлімхановалар да өздерінің тілге деген жанашырлығы мен құрметтерін орамды ойлары арқылы жеткізді.
– Елімізде қанша ұлт пен ұлыс болса, сонша тіл бар. Алайда бір елде тату-тәтті өмір сүріп келе жатқанымыз мені қатты қуантады. Бүгінгі іс-шарамыз сол қуаныштың көрінісі десем, артық айтпаспын. Көк тудың астында бірге тұрып, әрбір ұлт бір-біріне деген құрметін көрсетіп, сыйластық танытып жатқанға не жетсін, шіркін! Тек Ата Заңымызда жазылғандай, қазақ тілінің мемлекеттік тіл екенін естен шығармауымыз керек! – деді Тараз гуманитарлық-техникалық колледжі тарих пәнінің мұғалімі Ғалымжан Сейсенбайұлы.
Ал Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназияның оқушылары М.Шахановтың «Төрт ана», М.Мақатаевтың «Бақытым» атты өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ Тараз гуманитарлық-техникалық колледжінен келген өзге ұлт өкілінің студенттері де өз ойларын ортаға салып, ұлы ақындардың өлеңдерін оқыды. Соңында оқушылар мен студенттер Алғыс хатпен марапатталып, естелік суретке түсті.
Гүлгаухар КАШКЕЕВА,
«Жамбылтану» бөлімінің мәдени
жұмыстарын ұйымдастырушысы
Келесі мақала