ӘЙЕЛДЕР бизнесі ҚОЛДАУ ТАБУДА
Мемлекеттік қолдаудың арқасында облысымызда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер санының өсу үрдісі байқалады. Мәселен, облыста жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны – 107 717. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 35,4 пайызға өскен. Айта кетейік, облысымыздың кәсіпкерлік кеңістігінде әйел азаматтар да белсенді. Кәсіпкерлік субъектілердің 40 пайызын іскер әйелдер құрап отыр.
Кәсіпкерлік саласы көкжиегінің кеңеюі жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне тікелей әсер етеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 151 887 адам жұмыспен қамтылып, жыл басымен салыстырғанда 22,6 пайызға өскен. Ал әйелдер басқаратын кәсіпкерлік субъектілерінде 48 мың адам жұмыспен қамтылған. Бұл жалпы жұмыспен қамтылғандардың 30 пайызын құрайды.
Сонымен қатар салаға көрсетілген мемлекеттік қолдаудың арқасында өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында шағын және орта субъектілері 1,1 триллион теңгенің өнімін өндірген.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында жеңілдетілген несие беру – халық күнделікті тұтынатын тауарлар өндіру мен қызмет көрсету бағытындағы кәсіпкерлерге берілетін мол мүмкіндік. Облысымыздағы қаржы институттарымен 2023 жылдың 7 айында 92,9 миллиард теңгені құрайтын барлығы 27 004 кәсіпкерге несие беріліпті. Оның 49 пайызын (13 245) әйел кәсіпкерлер құрайды.
Қаражаттың 60,3 пайызы, яғни 56,1 миллиард теңге екінші деңгейлі банктер арқылы, 13,6 миллиард теңге «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингінің еншілес компаниялары арқылы, 20,5 миллиард теңге микроқаржы ұйымдары арқылы, 2,8 миллиард теңге «Тараз» әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясы арқылы несиелендірілген.
2023 жылдың 7 айында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары шеңберінде 451 әйел кәсіпкерге 7,9 миллиард теңгені құрайтын мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілген.
Аяулым БОЛАТҚЫЗЫ
Келесі мақала