ИБАСЫ БӨЛЕК ИСАБЕКОВТЕР
«Отан отбасынан басталады» деген ұғымды ұстанған мемлекетіміз осы бағытта біршама жұмыстар атқарып, отбасылық құндылықтарды барынша дәріптеп келеді. Сөзіміздің бір дәлелі –
жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы. Байқау алдымен аудан, облыс көлемінде ұйымдастырылады. Облыстан озып шыққан отбасы республикалық сайысқа қатысуға жолдама алады. Осы тәртіп бойынша «Мерейлі отбасы-2023» байқауының облыстық кезеңіне Мойынқұм ауданынан Исабековтер отбасы қатысып, I орынды жеңіп алды.
Исабековтер әулетінің отанасы Саракүл Рахметілдақызы байқауға қатысудағы басты мақсаттары отбасы құндылықтарын дәріптеу болғанын айтады.
– Отбасымыздың иесі, аяулы жарым Әмірқұл Исабеков 1984 жылы өмірден өткен. Жолдасым ұзақ жылдар бойы білім саласында қызмет атқарды. Марқұм екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері болатын.
Батырдың шаңырағын шайқалтпай, ошағының отын өшірмей осы күнге дейін жеткізгеніме де тәубе деймін. Бүгінде 5 ұл, 6 қызымнан 28 немере, 44 шөбере, 1 шөпшек сүйіп отырмын. Тіпті балаларымның алды зейнетке шығуда. Ал мерейлі отбасы болудың үш діңгегі бар деп есептеймін. Біріншісі – қандай қиын жағдайға қарамастан шаңырақты шайқалтпай, балаға жақсы тәлім-тәрбие бере білу. Екінші – ешқашан еңбектен қол үзбеу керек. Ұдайы ізденісте болу, алға ұмтылу маңызды. Қазақ отбасында әке балаға қолының ұшын көтеріп, сабамаған. Керісінше әкенің ызғарын ұл-қызы қабағынан ұғатын болған. «Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала –
жағасындағы құрақ» деген сөзге отбасындағы тәрбие тұтас сыйып кетеді. Әкесін пана тұтып, ана мейіріміне қанып өскен ұрпақ өнегелі болады. Біздің отбасында да солай. Әкесі келгенде балалары алдынан шығып, әкенің тапқан табысы қанша болса да қанағатпен, ризашылықпен қарайтын. Ал бала тәрбиесіне құрсақтан бастап мән беру керек. Сәби бойға біткеннен бастап тәлім-тәрбиесі мол кітаптар оқып, ұлттық ән-күйді тыңдап, тек жақсы сөздер айту қажет. Біздің отбасының ұстанатын басты қағидасы –
ешқашан ата-баба салып кеткен жолдан таймай өмір сүру, әдет-ғұрыпты, дәстүрді ұстану. Байқауға отбасымыздың өнегесі жас отбасыларға үлгі болсын деген ниетпен қатыстық, – дейді Саракүл Исабекова.
Көненің көзі, асылдың сынығы болған Саракүл Рахметілдақызы «Алтын алқа» төсбелгісінің иегері. Баян, Бекзада, Әзиза қыздары ұстаздық қызмет атқарса, Күміскүл – жеке кәсіпкер, ал Ғазизасы – есепші, Лиза – «Бурундаевка» акционерлік қоғамының бюджеттік жоспарлау және сараптама бөлімінің басшысы. Ұлы Шахикерім Исабеков – зейнеткер, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, Шәкір – ауған соғысының ардагері, 2012 жылы өмірден өткен. Бәкір болса – Қылышбай ауылдық округінің әкімі, Әбдікерім –
«Private clinic» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары.
Ал Баян Исабекова ата-анасының тәрбиесі өмірлеріне мәңгілік азық болып келе жатқанын жеткізді.
– Бала үшін отбасының басты құндылығы – ата-анасының аман болуы болса, ата-ана үшін де баласының амандығы қымбат. Сондықтан бір отбасындағы адамдар бір-бірінің қадіріне жеткенде ғана ол отбасында береке мен бірлік болады. Сыйластықтың басты шарты – түсінісу. Біз көпбалалы отбасында тәрбиеленіп өскендіктен өмірдің қиыншылықтарын байқамай да қалғандаймыз. Қайта ерте бастан еңбекке араласып, бір-бірімізге сенім, шабыт беру арқылы тез ержеткен сияқтымыз. Енді бір жағынан, анамыздың қатаң тәрбиесі бізді бір-бірімізге бауырмал, мейірімді, қайырымды болуға баулыды. Біз ол тәрбиеден жаман болған жоқпыз. Кейде ата-ананың тәрбиесінің қаталдығы баланың тағдырының қорғанышы болатыны да жасырын емес. Сондықтан ата-анасы ұрысқанда балалар оны кек қылып кеудесіне сақтамау керек. Қайта оның да өзінің бір себебі бар екендігіне назар аударғаны жөн. Сонымен қатар қаталдықты қатты ұрсу немесе ұру деп те түсінбеу керек. Өйткені қатігездік пен қаталдықтың арасы жер мен көктей,– дейді Баян Исабекова.
Иә, әр отбасы өзінше бір мемлекет. Оның өзінің ішкі тәртібі, ережесі болатыны ақиқат. Ешбір ата-ана баласының жаман болғанын қаламайды. Дейтұрғанмен де үлгілі отбасы тәрбиелі бала өсірген шаңырақ болып есептеледі. Ал ондай шаңырақ құру біздің өз қолымызда. Өзіміздің ұстанған жолымызда. Сондықтан әр отбасы өз ішіндегі жандармен бақытты екендігін ұмытпайық.
Мойынқұм ауданы
Келесі мақала