Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мақтауға лайық Мадалиевтер

Мақтауға лайық Мадалиевтер
ашық дереккөз
Мақтауға лайық Мадалиевтер
Мемлекет мыңдаған отбасыдан құралады. Әрбір жанұяның іргесі берік, керегесі кең, шаңырағы биік болса, елдің де еңсесі көтеріле бермек. Бұл тұрғыда әр әулетте қалыптасқан дәстүр сабақтастығының да айрықша рөл атқаратындығы белгілі. Мұндайда дана қазақ «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп тектен-тек айтпаса керек. Кейінгі кезеңдерде елімізде отбасылық-демографиялық саясатқа да көптеп көңіл бөлінуде. Осы орайда «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қолға алынып, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Байқаудың аудандық, қалалық, облыстық кезеңдерінен іркілмей өткен отбасылар республикалық сайыста өнер көрсетеді.Ал одан мыңнан бірінің ғана бағы жанып, мерейі тасып келетіні ақиқат. Міне,сондай республикалық конкурста жүлдегер атанған жанұялардың бірі – Шу ауданының Балуан Шолақ ауылынан шыққан Мадалиевтер әулеті. Оларды елордамыздың төрінде Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева марапаттап, сахнада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқып берген болатын. Осыдан-ақ мемлекет тарапынан отбасылық құндылықтарға, оның ішінде үлгілі отбасыларға қолдау көрсетілетіндігін аңғаруға болады. Әрі жыл сайын өтетін бұл байқаудың өзі елімізде отбасы мен некенің оң имиджін дәріптейтін ауқымды да маңызды конкурс екендігінен хабар береді. Сондықтан да конкурсқа 10 жыл ішінде Қазақстанның барлық өңірінен 20 мыңнан астам отбасы қатысқан. Жеңімпаз болғандардың 60 пайызы ауылдық жерлерден. Олардың қатарында ұстаздар, қолөнершілер, металлургтер,әскери қызметшілер, кәсіпкерлер, агроөнеркәсіп саласының мамандары бар. Сонымен қатар елге үлгісін таратады деп марапаттап, мадақтаған отбасылардың әрбір мүшесі – ауылдастарының, қала тұрғындарының, әріптестерінің, көрші-қолаңның құрметіне бөленген, Отанына адал қызмет етіп жүрген еңбек адамы, ауылдың, қаланың қарапайым еңбеккерлері екендігін де айта кеткен жөн. Біздің өңіріміздің мақтанышына айналған Мадалиевтер әулеті де солардың қатарынан. Бұл отбасы 5 ұл, 5 қыз дүниеге әкеліп, олардан 31 немере, 21 шөбере өсіріп, тәрбиелеген іргесі кең әулет болып саналады. Отағасы – Нұрмаханбет Мадалиев 1940 жылы 8 мамырда Балуан Шолақ (бұрынғы Ақтөбе колхозы) ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын жүргізуші, механизатор болып бастаған. 1972 жылы малшаруашылығы техникумын бітірген. Кейінгі жылдары сүт-тауарлы фермасының меңгерушісі, колхоз басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін «Қалқа» шаруа қожалығын құрып, жеке кәсіпкерлікпен айналысқан. «Шу ауданының Құрметті азаматы» деген атаққа ие болған адам. Өкінішке қарай, 2018 жылы қайтыс болған. Ауылдастары ол кісіні қолы ашық, жомарт жан еді деп еске алады. Ал сол кісінің артындағы ұл-қыздарын жәутеңдетпей қатарға қосып, тәрбиелеп өсірген отанасы – Шымшық Мадалиева да осы ауылдың тумасы. Еңбек жолын 1960 жылы колхозшы болып бастап, 1965-1976 жылдары балабақша тәрбиешісі, 1976 жылдан зейнет жасына дейін сүт фермасының лабораториясында лаборант болып қызмет атқарған.1990 жылы еңбек демалысына шыққаннан кейін де зейнеткермін деп қарап жатпады. Отбасылық кәсіптің алға басуына аянбай атсалысып, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтті. 2019 жылы Балуан Шолақ ауылының тұрғыны, көпбалалы, аз қамтылған Дәрменбековтер отбасына, 2020 жылы Бәйдібек ауылының Оңланбековтер отбасына және 2021 жылы Көктөбе ауылындағы көпбалалы Ақсақаловтар отбасына демеушілік көрсетіп, үй алып берді. Сонымен қатар 2022 жылы ауылдың 20 тұрғынын өз қаражаты есебінен Түркістан қаласына саяхатқа апарды. Жақсылық жасап жарысқанды жақсы көретін мәртебелі ана мұнымен тоқтап қалмайды. Әлі күнге дейін аз қамтылған, көпбалалы және мүгедектігі бар мұқтаж жандарға азық-түлік ретінде көмектер көрсетіп тұрады. Сонымен қатар ізгілік жолындағы ана қоғамдық жұмыстарға да, елге пайдасын тигізетін әлеуметтік жобаларға да өзінің қол ұшын созып келеді. Мысалы, Шымшық апаның 2018 жылы Балуан Шолақ ауылындағы Қойайдар мешітінің құрылысына 1 миллион теңге, бір түйе, бір жылқы берген жомарттығы тағы бар. Он баланы қатарға қосып, он саусақтай жұмылдырып өсірген батыр анамыз қандай құрметке болса да лайықты. Ол кісінің аты бүгінде «Алтын алқалы аналар», «Зерде» кітаптарына енгізілген. Сонымен қатар «Алтын жұлдыз», «Еңбек ардагері» медальдарының иегері. «Шу ауданының Құрметті азаматы». – Шымшық апамыздың жақсылығын көрген адам көп. Өз ауылымыздан осындай әжелеріміздің шыққанына қуанамыз. Осындай еңбекқор, өнегелі адамдардың үлгісін қоғамда дәріптеген сайын ел ішіндегі ынтымақ-берекенің арта түсетіндігі анық. Бұл кісілер – көненің көзі, асылдың сынығы деуге болады. «Адам адамнан тәлім алады, ағаш ағаштан мәуе алады» деген халқымыздың ұлағатты сөзі тегіннен-тегін айтылмаса керек. Ауылда біреуді байлығы үшін, дүниесі үшін сыйламайды. Қайта оның істеген ісіне, жүрген жүрісіне қарап құрметтейді. Бұл әулет сондай құрметті кісілердің қатарынан. Мұндай адамдардың атын ауылдастары-ақ аңызға айналдырып, ауыздарынан тастамай айтып жүретін болады, – дейді Балуан Шолақ ауылының тұрғыны Оразхан Бәрібаев. Ұлағатын ұрпағына тәрбие қылып сіңірген Шымшық апамыздың бір ұлы Құрманғазы Мадалиев медицина ғылымының кандидаты, жүрек ауруларының жоғары дәрежелі маманы, Қазақ ғылыми ішкі және жүрек ауруларын зерттеу институтының клиника бөлімі меңгерушісінің орынбасары. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі,«Ақ жүрек» номинациясы мен сыйлығының иегері.Тағы бір ұлы Құрманәлі Мадалиевтің де білімі жоғары, Ауылшаруашылығы институтын бітірген. Бүгінде ол жеке кәсіпкер, ауылшаруашылығы саласында. Ал Бағдат есімді ұлы Алматы қаласы бойынша қаржы полициясының қызметкері болып еңбек еткен. Бүгінгі таңда ол да жеке кәсіпкер. Қанаты Алматы қаласында жеке тіс клиникасында стомотолог болып қызмет атқарады. «Алтын дәрігер» төсбелгісінің иегері. Сағадаты болса,1997 жылдан бері «Қалқа» шаруа қожалығында жұмыс істеп келеді. Кейіннен аталған шаруа қожалықтың басшысы болған. Он жылдай уақыт аралығында «Қалқа» шаруа қожалығы қазақтың жабы жылқысын асылдандыруға күш салды. Бұдан бөлек аудан орталығында «Жайсан» мейрамханасы, 40 адамға арналған монша, техникалық байқау орталығы халыққа қызмет көрсету мақсатында жұмыс істеп тұр. Бүгінде бедел жинаған білікті маманның жастарға айтар ақыл-кеңесі мол.С.Мадалиев «Қалқа» шаруа қожалығының басшысы ретінде ауылдық округтегі көптеген отбасыға көмек қолын созып келеді. 2018 жылы 2 миллион 300 мың теңгеге ауылдың кіреберісіндегі зираттарды қоршау жұмыстарын жүргізді. Онда 6 адам жұмыспен қамтылды. Ауыл ішіне кіретін ағын су арығын өзінің қаражаты есебінен тарттырып берді. Сонымен қатар Сағадат Нұрмаханбетұлы ауылдағы аз қамтылған, көпбалалы отбасыға азық-түлік және жылқы етімен көмектесіп тұрады.Осындай ізгі қасиеттерінің нәтижесі болар, ол «Жомарт жүрек» сыйлығының иегері атанды.VIII шақырылған Шу аудандық мәслихатының депутаты болып сайланғаны тағы бар. Мадалиевтер отбасының қыздары да жаман аты шықпаған, жақсы істерімен дос-жаран, туыс-туғандарына үлгі-өнеге көрсетіп жүрген аяулы жандар. – Біз не істесек те адал жолмен, маңдай термен нан тауып жеуді мақсат еттік. Өйткені анамыз бізді тура жолмен жүруге тәрбиеледі. Қыз бала – ұлттың ертеңі. Сондықтан әрбір қыз өсіріп отырған ата-ана өзінің мойнында бір ғана қыз баланың тағдыры тұр деп сезінбеуі керек. Оның қызына берген тәрбиесі ұлттың болашақ тағдырын белгілейтінін білуі қажет. «Бүгінде анамыз біраз жасқа келді. Мінеки, өзіміз де ұл-қыз өсіріп, анамыздың ақ жолымен жүріп келеміз. Қыз бала үшін әкенің жылы мейірімінен, ананың аяулы алақаны мен айтқан ақылынан артық ештеңе де жоқ. Біздің рухани құндылығымыз, отбасылық қазынамыз – әке-шешеміздің бір-біріне жасаған сыйластығы, анамыздың әкеміздің жоқтығын білдірмей, қайсарлықпен бізді осы күнге жеткізуі деп білемін,–дейді Дина Бекебаева. Дина Нұрмаханбетқызы – Шымшық апамыздың тұңғыш қызы. Шу теміржол стансасында қауіпсіздік инженері болып 30 жылдан астам қызмет атқарған, қазіргі таңда жеке ресторатор. Ал одан кейінгі Жанат, Салтанат, Әдемі, Дана да өздерінің бақытты отбасында бала-шағаларын тәрбиелеп өсіріп, әр салада жемісті еңбек етуде. Міне, қарап тұрсаңыз, шынымен де қоғамда осындай адамдардың болғаны қуантады. Олар өз отбасының үлгісін қоғамға айна қылуы керек. Бүгінгі таңда жастар арасында келеңсіз жағдайлардың болуы да ата-ана тәрбиесінің әлсіздігінен. Сондықтан бұл бағытта ата-ана, мектеп, қоғам болып бірге жұмылып, Отанымыздың ертеңгі болашағы саналатын жастардың тәрбиелі, білімді, сауатты болуына жол ашуды бір сәтке де тоқтатпауымыз керек. Шу ауданы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар