Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

АУЫЗ ӘДЕБИЕТІМІЗДЕГІ АҚ БАТАНЫҢ ОРНЫ

АУЫЗ ӘДЕБИЕТІМІЗДЕГІ АҚ БАТАНЫҢ ОРНЫ
ашық дереккөз
АУЫЗ ӘДЕБИЕТІМІЗДЕГІ АҚ БАТАНЫҢ ОРНЫ
«Қарғыс алма, алғыс ал, қарғыс алған қан құсар» дейді қазақ. Ал алғыстың атасы ақ бата десек, еш қателеспейміз. Бата – аңқылдаған ақжүректің сөзі. Сондықтан жүректің сөзі жалған болуы мүмкін емес. «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деген атам қазақтың батаға деген құрметі қашаннан да бөлек болған. «Әкенің қарғысы оқ» деп атадан жаман сөз естудің өзін жамандыққа балаған. Бата – ауыз әдебиетіміздің ең ежелгі түрі десек те болады. Ежелгі түрік дәуірінде «алкыш» деп атаған екен. Яғни «алкыш» алғыс деген сөзіміздің арғы тегі болуы да әбден ықтимал. Өйткені «Көне түркі сөздігінде» «алкыш» сөзіне екі мағына береді. Бірі – мақтау, тілек болса, екіншісі – діни мазмұндағы жалбарына мадақтау өлеңі, жалыну, жалбарыну. Ал енді Алтай халықтары аңға шыққанда: «Алас, алас, Отыз басты от ене, Қырық басты қыз ене, Шикі болса пысырған, Тоңды болса еріткен, Ата болып айланып түс, Ене болып иіліп түс!» деп алкыш айтатын болған. Сондай-ақ Алтай халықтарының келінге айтатын тұрмыстық тілек жыры біздің батаға ұқсас болып келеді. Мысалы: «Алдыңғы етегін бала бассын, Артқы етегін мал бассын. Жақтыға айттырма, Иықтыға бастырма, Ішкен асың ас болсын, Ішер жерің көп болсын!» деген жыр жолдарынан біз батаның үлгісін көреміз. Қазақ бата бергенде екі қолын жайып береді. Яғни мұндағы қол жаюдың өзі ризашылықтың, Жаратқаннан тілек тілеудің белгісі. Ал алғыс айтқанда, бүгінгі тілмен айтсақ, жай ғана «рақмет» дей салады. Немесе үлкендер келіні сәлем жасағанда қолын жайып бата беріп тұрмайды. Жай ғана «мың жаса, қарағым» деп сәлемін алады. Бұл алғыс. Ал тілекке келсек: «Әуелі Құдай жар болсын, Қораң толған мал болсын, Жасың ұзақ болсын, Күнің шуақ болсын. Басыңа бақыт қонсын, Үйіңе жақұт толсын» деген секілді қаратпа сөздермен айтылады. Ал батаның жөні бөлек. Онда тікелей Жаратушыдан беруші адам алушы адамға тілек тілейді. Ел-жерді жарылқауын, сақтауын тілейді. Бабаларымыз батаны сауыт қылып жауға аттануының да сыры осында. «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» деп жалаң қолмен жауға кіріп, жалаң жейдемен оттан аман шыққан оғландарымыз қаншама?! Міне, сондай елдік мәселелердің басында жүретін ерлерге арнаған батада төмендегідей жолдар кездеседі: «Әуелі Құдай оңдасын, Қыдыр болсын жолдасың. Елім деген ерімнің, Сүріндірме Алла жорғасын. Бесіктегі сәбидің, Бақайшағы тоңбасын. Пәле, қаза болмасын, Бейбітшілік орнасын». Ал батаның да ақ батасы және қарғыс батасы болады. Жолға, дастарқанға, ат мінген балаға, жаңа түскен келінге, отау үйге берілетін түрлері көп. Ең көп таралғаны – көкпаршыларға беретін төмендегідей үлгідегі бір бата бар. «Батам, батам батпасын, Батам жерде жатпасын. Атқа мінген бал(а)ларды, Құдай өзі сақтасын. Лақты тартқан жігіттің, Берекесін жау тартпасын» деп жалғасып кете береді. Ал қарғыс батасына келсек, оны берудің өзінің жолдары болған. Ашулана салып немесе ренжісе сала қарғыс батаны екінің біріне бермеген. Мұндай батаны әбден қорлығы өткен тексіздерге, әке тілін алмаған, ана тілін қорлаған арсыздарға беретін болған. Бергенде де екі қолын теріс қаратып тұрып, ашулы жүзбен «Құдай сені қор қылсын, дұшпаныңды зор қылсын. Көз жасыңды көл қылсын» деген сияқты уытты сөздермен айбарланып беретін болған. Сондықтан да сөздің құдіретіне жай қарамаған халқымыз «Қарғысы аспандағы айды іріткен, алғысы қаңтардағы қара тоңды жібіткен» деп суреттейді. Бұдан біз сөз құдіретінің барлық тәлім-тәрбие мен киенің бастауы екендігін түсінеміз. «Алғыстың арты – ақ май, қарғыстың арты – қара қан» деген бабаларымыз сөз сөйлегенде қарғанып сөйлеуден аулақ болған. Біздің ұлттық санамызда сол дәстүр әлі күнге дейін сақталып келеді. Өйткені біз әлі күнге дейін сөздің киесіне сенеміз. Ақсақал көрсек, батасын алғымыз келіп тұрады. Бата алып, оның жолын беретін дәстүр тағы бар. Бір сөзбен айтқанда, ақ батаның арғы жағында біздің ұлттық болмысымыз, халықтық сеніміміз, ата дәстүріміз, ұятымыз бен иманымыз жатыр. Шапағат Әбдір
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар