Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жұмыс десе жанын салған

Жұмыс десе жанын салған
ашық дереккөз
Жұмыс десе жанын салған
Халық тәуір тұрмыс кешуі үшін жұртшылық жаппай жұмыспен қамтылуы немесе белгілі бір кәсіппен айналысуы тиіс. Өйткені халқы еңбекқор елдің ырысы артып, сол мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жағдайы көтерілетінін көзіміз көріп отыр. Колының кірі бар көрінгеннің аузындағысына көзін сүзетін кедейдің күні баяғыда артта қалған. Ебі болса, мына заманда әркімнің бақуатты өмір сүруіне мүмкіндігі көп. Еңбекке жарамды адам бейнет етсе, иен байлыққа ие болмаса да өзгелермен терезесі теңеліп, босағасына бақыт байланып, шаңырағына шаттық ұялайтынын дәлелдеп жүргендер арамызда жетерлік. Мәселен, Жуалы ауданындағы Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны Рахымжан Тасқожаев туабітті тірек-қимыл аппараты бұзылған, ІІІ топтағы мүгедектігі бар азамат болса да еңбек етуден еш уақытта қашпаған. Негізінде елімізде мүгедектігі бар адамдардың жұмысқа орналасуына, кәсіппен айналысуына, спортпен шұғылданып, қоғамдық жұмысқа араласуына арналған сан түрлі бағдарламалар мен жүйелі жобалар бар. Сондай мүмкіндікті пайдалануда Рахымжан өзінің қарым-қабілетін, қажыр-қайратын көрсете білген маман. Жалпы Жуалы ауданында мүгедектігі бар 1 581 адам бар болса, оның ішінде Рахымжан Замирұлы орта мектептен кейін жоғары оқу орнында білім алып, бүгінде мамандығына сай жұмыс істеп отырған еңбексүйгіштің бірі. Ол қазір облыс әкімдігі білім басқармасының Жуалы аудандық білім бөлімінде экономист қызметін атқарып жүр. – 1990 жылы Жуалы ауданының орталығында дүниеге келдім. 1998 жылы қыркүйек айында №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясына (бұрынғы №1 Г.Орджоникидзе мектеп-гимназиясы) алғашқы рет қадам бастым. Осы аталған мектепте 9 жыл оқып, 2007 жылы Тараз қаласындағы Тараз политехникалық колледжіне «Экономика, бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2010 жылы экономист-бухгалтер біліктілігін алып шықтым. 2010 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне «Есеп және аудит» мамандығы бойынша оқуға қабылданып, 2013 жылы аталған жоғары оқу орнында «Есеп және аудит» бакалавр дипломын қолыма алдым. 2010 жылы қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында Б.Момышұлы ауылы әкімінің аппаратында «Жастар тәжірибесі» бойынша жұмыс атқардым. 2011-2012 жылдары сақтандыру компаниясында сақтандыру агенті болып табыс таптым. Одан кейін жұмысымнан босап қалдым. Әкем Замир Тасхожаев осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын өмірден өткен еді. Анам Ақмарал Сатаева үшін бала-шағасын жеткізу, бізді қатарға қосу оңайға соқпады. Өзі әлі де «Қазпошта» акционерлік қоғамының облыстық филиалының Жуалы аудандық пошта байланыс торабында техперсонал болып қызмет етеді. 2013 жылы анам жұмыс істеп жүрген мекемеге от жағушы болып орналастым. Сол кезде айына 25 мың теңге айлық алып жүрдім. Жұмыс қиын болған жоқ, нысан газбен жылытылатын. Кешкі сағат 18:00-ден таңғы сағат 09:00-ге дейін жұмыс істейтінмін. Сол кездегі бар мақсатым – өзіме қажетті қаражатты анама салмақ салмай, өз еңбегіммен табу және табысымнан анама қаржы беріп, оны қуанту. Сол үшін қолымның қары жететін кез келген қара жұмысты істеуге дайын болдым. Үйде екі ұл баламыз. Анам бізге үнемі адамды бақытқа тек адал еңбек қана жеткізетінін, нанды адал жолмен тапқанда ғана адамның көңілі көншіп, жүрегі байыз табатынын, еңбек адамды есейтіп, өзгенің алдында жүзін жарық ететінін, абыройлы болатынын өсиет етіп айтып отыратын. Мұндай ақылды айтудан анам әлі де жалыққан емес. Маған дұрыс тәлім-тәрбие беріп, үнемі қамқорлық танытып, қолдау көрсете білген анама айтар алғысым шексіз! Осындай жетістікке бірінші Алла, екінші анамның арқасында жеттім. Бізді тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай өсіріп- жеткізгеніне қарыздармын, – дейді Р.Тасқожаев. Ол от жағушы болып бір жыл еңбек еткеннен кейін 2018 жылға дейін бұрынғы өзі еңбек етіп кеткен сақтандыру компаниясында тағы да 4 жыл сақтандыру агенті болып жұмыс істепті. Одан кейін тағы бір жыл Б.Момышұлы ауылы әкімінің аппаратында қоғамдық жұмысшы болып еңбек еткен. 2019 жылдан бастап облыс әкімдігі білім басқармасының Жуалы ауданы білім бөлімінің жоспарлау және жобалау секторында экономист болып қызмет атқарып келеді. – Біздің жұмыс қызығы мен қиындығы қатар жүретін жұмыс. Ауданымыздағы білім бөліміне қарасты мемлекеттік мекемелердің бюджетін жоспарлап, жобалаймыз. Сонымен қатар оқу жылының басында мекемелердің тарификациялық кестелерін қабылдаймыз. Отбасын құрғанмын. Бұрнағы жылдың желтоқсан айында үйлендім. Келіншегім Айдана Тастемірова – Байзақ ауданының тумасы. Ол «Қазпошта» акционерлік қоғамының аудандық пошта байланыс торабының кассирі болып еңбек етеді. Өзімнен 9 жас кіші. Қазір 100 мың теңгеден аса жалақы аламын, ІІІ топтағы мүгедектігім үшін және асырушысынан айрылғаныма берілетін жәрдемақы мен еңбекақыны қосқанда кірісімнің барлығы 200 мыңнан асады. Жұбайымның еңбекақысы – 90 мың теңге. Мемлекеттің қамқорлығына рақмет, жыл сайын аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы емдік шипажайға жолдама алып, емделіп тұрамын, – дейді Рахымжан Замирұлы. Аудандық білім бөлімінің жоспарлау және жобалау секторының меңгерушісі Наргиза Исмаилова әріптесі Рахымжан жайлы жылы пікір білдірді. Өзі 2010-2012 жылдары осы мекемеде есепші болып еңбек етіпті. Одан кейін 6-7 жыл басқа салада еңбек етіп, 2019 жылы сектор меңгерушісі болып осында қайта келген екен. – Рахымжан Замирұлы – өз ісіне аса жауапты әрі еңбекқор азамат. Жұмысқа уақытылы келіп, уақытылы қайтады. Оның өмірден түйгені мол, санасында да сәуле, жүрегінде мейірім, бойында ақыл-қайрат, ар-намысы бар адам. Еңбегімен, биязы мінезімен маңайын сүйсінткен Рахымжандай әріптесімнің өзгеге үлгі болатыны анық, – дейді Н.Исмаилова. Біз сөз етіп отырған тақырып қоғамда аса құндылыққа ие. Өйткені қоғам осындай еңбекқор азаматтар арқылы дамиды, адамның да беделі адал еңбек арқылы көтеріледі. Нұрым Сырғабаев
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар