Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қоғам белсендісінің қомақты ісі

Қоғам белсендісінің  қомақты ісі
ашық дереккөз
Қоғам белсендісінің қомақты ісі
Елімізде азаматтық қоғамды дамыту мәселесіне баса назар аударылған. Соның арқасында үкіметтік емес ұйымдар өңір-өңірде экономика, саясат, әлеумет, руханият, спорт, өнер секілді тағы да басқа бағыттар бойынша үздіксіз жұмыс істеп келе жатыр. Біз сөз етіп отырған бағыттардың кез келген түрі бойынша құрылған қоғамдық бірлестіктердің кез келген азамат мүшесі бола алады немесе сол ұйымды басқара алады. Өңірде үкіметтік емес ұйымға мүше болу арқылы қоғамның дамуына атсалысып жүрген немесе белгілі бір заңды тұлғалар бірлестігінің филиалын басқару арқылы ірі істердің жүзеге асуына мұрындық болып жүрген мүгедектігі бар азаматтар да жетерлік. Олар саяси, құқықтық, рухани-мәдени, қайырымдылық секілді салалар бойынша мемлекет пен халық арасында алтын көпір боларлықтай шаруалар тындырып жүргені баршаға мәлім. Мәселен, Жуалы ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Гүлшат Наурызованың айтуынша, «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Жуалы ауданындағы филиалының өкілі ретінде Айдар Қаңтарбаев есімді мүгедектігі бар азамат бірнеше жылдан бері аудандағы мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсетумен айналысып келеді. Жасы 35-тен асқан жігіт елді жақсылық жасауға шақырып, жағдайы жоқ азаматтардың, оның ішінде зағиптардың жоқ-жітігін түгендеп, кем-кетігін бүтіндеуде айтарлықтай іс тындырып жүр. – Айдар Қаңтарбаевтың есімі «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің аудандағы филилалының өкілі ретінде жуалылықтарға кеңінен танымал. Көбіне жұртшылықты игі іске жұмылдырып, зағип жандардың отбасына қарайласып жүреді. Сонымен қоса ол ауданда жеке кәсіпкер ретінде де тіркеліп, пластикалық есік-терезе жасап, оны халыққа сатумен айналысады. Биыл жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру мақсатында екі лек бойынша осал топтағы 36 азамат мемлекеттік қайтарымсыз грант алса, соның бірі – Айдар Ерғалиұлы. Ол пластикалық есік-терезе жасайтын цехы арқылы бір адамды жұмыспен қамтып отыр. Өз ісіне пысық, қоғамдық жұмысты да жанын сала атқарып, жұрттың алғысын алып жүрген елгезек жанның еңбегі ел алдында. А.Қаңтарбаевтың «Абилитациялау және жеке оңалту» бағдарламасына сәйкес санаторлы-курорттық емдеуге жіберіп, жыл сайын сапалы ем-дом алуы назардан тыс қалған емес. Мұндай ем-домды ауданда биыл он екі азамат алды. Сонымен қатар оған жеке көмекші тағайындалған және ноутбук, оқитын машина, Брайль әліпбиі берілген, – деді ол. Кейіпкеріміздің айтуынша, «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Жуалы ауданы филиалында көзі көрмейтін және нашар көретін 56 азамат тіркеліпті. Олар әртүрлі жағдайларға байланысты көз жанарынан айырылған мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қатарына жатады. Кейіпкеріміз басқаратын аудандағы қоғамдық бірлестіктің негізгі міндеті – көз мүгедектерін тіркеуге алып, оның ішінде қиын жағдайға тап болған көңілі қаяу жандарға жұртшылықтың жомарттығы арқылы қолынан келгенше көмек беру. Моральдік және адамгершілік тұрғысынан, сонымен қатар материалдық жағынан да қайырымдылық көмек жасап, қол ұшын беру – бірлестіктің алға қойған басты мақсатының бірі. – Әрине, қайырымдылық жасау үлкен қаражатты талап етпейді. Көңілі қаяу болса да көкірегі ояу осындай ерекше қажеттілігі бар жандарға жылы сөзбен қатар, аз ғана болса да қайырымдылық көмек беру – бұрыннан келе жатқан ата салтымыз. Нақты айтқанда, қайырымдылық ұғымы біздің бойымызға сонау ерте заманнан-ақ, ата-бабамыздың ауыл ішіндегі жарлының теңін тауып беріп, ел қатарына қосуы, кедей-кепшікке қайыр сұратпай, кем-кетігін бүтіндеп беруі секілді ұлы қасиеттер арқылы қанмен дарып, сүтпен сіңген. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған бабаларымыз қолымен жасаған ісін өзгеге бұлдап немесе елдің алдында мақтанып, атын шығару үшін қайырымдылық жасамаған. Халқымыздың осынау бір ұлы ісін әркім өз ықтиярымен жасайтынын, оны көпшілігі жарияға жар салғысы келмейтінін атап өткім келеді. Сондықтан да қолы ашық азаматтарды суретке түсуге қолқалауға шара барысында қиналасың. Дегенмен жұрт «елден қайырымдылыққа деп оқта-текте болса да қаражат жинап жатады, ол ақшаны қайда жұмсап жүр екен?!» деп ойға батуы мүмкін. Сондықтан кімнің қандай көмек қолын созғанын, ол қайырымдылық қай отбасының жоғын түгендеуге жұмсалғанын «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің аудандағы филилалының «Instagram» әлеуметтік желісіндегі «jualy_zagiptar_kogamy» атты парақшасында жариялап отырамыз. Өйткені қай нәрсенің болмасын есебі болуы қажет, – деді Айдар Ерғалиұлы. Былтыр 13 қараша – Халықаралық зағиптар күнінде аудан әкімі Жалғас Мұртаза аудандық мәдениет үйінде бірқатар жуалылық зағипты қабылдап, бүкіл қоғам болып мүгедектігі бар азаматтарды қолдаудың баршаға міндет екенін жеткізген болатын. Жалғас Әлижанұлы тағдырдың сынына мойымай, нұрлы кеудесінің күш-жігерімен еңбек етіп, өмірге деген құлшынысымен айналасына үлгі бола білген жандарға амандық, отбасыларына жақсылық, елімізге ынтымақ, бірлік тілеген. Сонымен бірге атаулы күнге зағиптарға сый-сияпат тапсырған. Сөз кезегі Айдар Қаңтарбаевқа берілгенде ол ауданнан аталған қоғамдық бірлестіктің филиалы ашылғалы зағип жандарға қайырымдылық жасаған барша жомарт жандарға, мерекеге орай арнайы қабылдап, көңіл бөлгені үшін аудан басшылығына және мәдени демалыс сыйлаған аудандық мәдениет үйі мен кітапхана қызметкерлеріне алғысын білдірген еді. Сол кезде де қоғамдық бірлестік атынан зағип жандарға өзі де сыйлықтар тапсырған. Осы тектес қайырымдылық бағытындағы іс-шаралардың тағы бірін сөз етсек, «Бурное сүт өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі зағип жандарға қол ұшын созып, азық-түлік үлестіру арқылы қайырымдылық жасапты. Одан бөлек аталған филиал атынан 14 зағипқа орталық кітапханада электрлі шәйнек таратылған. «Жүрекпен сезем жаһанды», «Жақсылық жасап жарысайық», «Кең болсаң, кем болмайсың» деген секілді іс-шаралар әр кез сайын ұйымдастырылып тұрады. Соның бірі – Б.Момышұлы ауылындағы «LF Company» және «Қаратас» азық-түлік дүкені атынан кембағалдарға азық-түлік, қаржылай көмек көрсетілуі. – Айналып келгенде әрбір жасалған қайырымдылықтың жақсылығы мен сауабы оны жасаған адамға екі есе болып қайтатынын да естен шығармауымыз керек. Қиналғанға қол ұшын беру, оларды жылы сөзбен демеу – адамдардың бір-біріне деген жанашырлығы мен мейірімділігін оятып, әрбір жүрекке тыныштық сыйлайтын ұлы күш, – дейді А.Қаңтарбаев. Жақсылық жасау – имандылықтың, тәрбиелік пен парасаттылықтың айқын көрінісі. Сондықтан да қайырымдылық шарасын кіршіксіз ниетті адамдар ғана жасай алады. А.Қаңтарбаев өз кәсібінен бөлек, қоғамдық жұмысты да қоса атқарып жүрген азамат. Нұрым Сырғабаев
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар