Нысандар біртіндеп бейімделуде
Елімізде мүгедектігі бар адамдардың тәуір тұрмыс кешуіне, олардың спортпен тұрақты айналысуына, білім алуына, қоғамдық ортаға кірігіп, белсенділік танытуына, заңды құқықтарының қорғалуына, кез келген нысанға өзгенің көмегінсіз емін-еркін кіріп-шығуына, оңалту орталықтары арқылы ем-дом алуына барынша жағдай жасалып жатыр.
Бұл халықаралық келісімдер аясында жүзеге асырылып отырған шаруа болғанымен ерекше қажеттілігі бар азаматтардың тұрмыс сапасының жақсаруына негізінен мемлекетіміз жүзеге асырып отырған қолжетімді орта қалыптастыру саясаты, оның ішінде «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы айтарлықтай септігін тигізіп отыр. Мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді орта қалыптастыруда жүзеге асырылатын негізгі шаруаның бірі – нысандарды бейімдеу.
Жуалы ауданы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Гүлшат Наурызова аудан аумағында орналасқан мемлекеттік мекемелер мен қызмет көрсету орындарында мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдайлар жасату, олардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жүйелі жолға қойылғанын айтады. Осы мақсатта «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасын іске асыру шеңберінде инфрақұрылымды жақсарту және бейімдеу ісін жүзеге асыру үшін аудан бойынша 2021-2025 жылдарға 86 нысан жоспарланған екен. Мысалы, 2021 жылдан бастап 2024 жылға дейін әр жылдары 17 нысанды, 2025 жылы 18 нысанды бейімдеу көзделген.
Осы жылы «AMANAT» партиясының аталған жобасы аясындағы үшінші кезеңде бейімдеу жұмыстарын жүргізу іс-шара жоспарына 17 әлеуметтік маңызы бар нысан енген. Оның ішінде мемлекеттік басқару саласында екі нысан, яғни Қарасаз ауылдық округі мен Нұрлыкент ауылдық округі әкімі аппараты, білім беру саласында №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы, №11 Т.Тастандиев атындағы орта мектеп, №6 А.Пушкин атындағы орта мектеп, №5 М.Ломоносов атындағы орта мектебі, №28 Амангелді атындағы орта мектеп, №25 Ақтөбе ауылы тірек мектебі, №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектеп, №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектепті бейімдеу жоспарланған. Сонымен қатар бұл жоспарда денешынықтыру және спорт саласы бойынша №15 Б.Момышұлы ауылындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, денсаулық саласында Амангелді ауылдық фельдшерлік-акушерлік пункті, Шақпақата ауылдық дәрігерлік амбулаториясы, Бәйтерек ауылдық дәрігерлік амбулаториясы, Қарасаз ауылдық дәрігерлік амбулаториясы, Жұрымбай ауылдық медициналық пункті мен мәдениет саласы бойынша Қайрат ауылдық мәдениет үйі бар. Бүгінгі таңда бекітілген 17 нысанға қазынадан арнайы қаржы бөлініп, бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, мәдениет саласына қарасты Қайрат ауылдық мәдениет үйі – жаңадан салынатын нысан. Бұл бойынша республикалық бюджеттен 2 миллион 200 мың теңге қаралыпты. Денсауылық сақтау саласы бойынша облыстық бюджеттен 498 мың теңге Амангелді ауылдық фельдшерлік-акушерлік пунктіне бөлінген. Сол секілді Шақпақата ауылдық дәрігерлік амбулаториясына, Бәйтерек ауылдық дәрігерлік амбулаториясына, Қарасаз ауылдық дәрігерлік амбулаториясына, Жұрымбай ауылдық медициналық пунктіне де қаражат бөлінген.
Жалпы бейімдеу жұмыстарына 6 нысанға 2 миллион 698 мың теңге қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізіліпті. Бүгінгі күнге бекітілген 17 нысанның 14-і толық бейімделген. №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы, №11 Т.Тастандиев атындағы орта мектебі, №6 А.Пушкин атындағы орта мектебі, №5 М.Ломоносов атындағы орта мектебі, №28 Амангелді атындағы орта мектебі, №25 Ақтөбе ауылы тірек мектебі, №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектебі, №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектебі, №15 Б.Момышұлы ауылындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебі бейімдеу жұмысын өздерінің меншікті қаражатын үнемдеу есебінен жүзеге асырған. Амангелді ауылдық фельдшерлік-акушерлік пункті, Шақпақата ауылдық дәрігерлік амбулаториясы, Бәйтерек ауылдық дәрігерлік амбулаториясы, Қарасаз ауылдық дәрігерлік амбулаториясы, Жұрымбай ауылдық медициналық пунктіне де 498 мың теңге жұмсалған. 2 нысан ішінара бейімделген, яғни Қарасаз ауылдық округінің және Нұрлыкент ауылдық округінің әкімі аппараты өздерінің меншікті қаражатын үнемдеу арқылы ішінара бейімдеу жұмысын атқарған. Қайрат ауылдық мәдениет үйі жаңадан салынып жатқандықтан нысанның құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылыпты. Қазіргі таңда жұмыстарды қайта бастап, жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау» ақпараттық порталына осы жылға жоспарланған 17 нысанның 16-сы енгізіліпті. Бір нысан, яғни Қайрат ауылдық мәдениет үйі бейімдеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жаңа деректер қайта жасалып, порталға содан кейін ғана енгізіледі екен.
– Бүгінгі күнге аудан бойынша мүгедектігі бар 1 мың 581 адам тіркелген. Біздің бөлім арқылы мүгедектігі бар азаматтарға бірқатар арнайы қызметтер көрсетіледі. Мәселен, медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге құжаттар рәсімдеу ісін сөз етсек, бірінші, үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге құжаттар рәсімделеді. Екінші, мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектігі бар адамдарды протездік-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдармен, арнаулы жүріп-тұру құралдарымен, оларды ауыстыру мерзімдерін қоса алғанда, қамтамасыз ету қарастырылған. Сонымен қатар мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес есту кемістігі бар мүгедектігі бар адамдар үшін ымдау тілі маманының қызметтері ұсынылады. Мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін жеке көмекшінің қызметтерін ұсыну тәртібімен осы көмекті алып отырғандар бар. Мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларға санаторийлік-курорттық емдеу де тұрақты ұсынылып келеді, – дейді Гүлшат Әбілқызы.
Осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін ауданда медициналық әлеуметтік мекемелерге 12 азамат жолданып, тиісті оңалту бағдарламасымен ем қабылдапты. Үйде күтім көрсету жағдайындағы әлеуметтік қызмет көрсету қызметі бойынша 88 жалғызілікті қартқа және 35 мүгедектігі бар балаға әлеуметтік қызметкерлермен қызмет көрсетілген. Протез-ортопедиялық құралдар алу үшін 177 азаматтың өтініші қабылданып, оның ішінде 123-і орындалған. Кресло-коляска алуға 35 азаматтан 46 кресло-қорапқа өтініш тіркеліп, 43-інің мәселесі шешілген. Міндетті гигиеналық құралдарға 173 адамнан 432 керек-жарақ затқа өтініш қабылданып, жеке абилитациялау және оңалту бағдарламасы аясында 407 өтініш орындалған. Санаторлы-курорттық емделуге 259 өтініш тіркеліп, 136 адам осы қызметті тұтынған. Сурдотехникалық құралдарға тифло 14 азаматтан 20 құралға өтініш тіркеліп, 17 азамат керегіне қол жеткізсе, тифлотехникалық құралдарға 17 адам 62 құрал үшін өтініш жолдап, оның ішінде 54-і аталған құралды алыпты. Үйде оқытылатын баланың шығындарын өтеуге 61 адамның өтініші тіркеліп, толығымен орындалған, ал ымдау тілі маманын қажет ететін 15 адамға қазіргі таңда тиісті қызмет көрсетіліп жатыр.
Мүгедектігі бар адамдардың денсаулығын қалпына келтіру, олардың өмірдегі, қоғамдағы жеке азаматтық тұлғасына құрметпен қарау, әлеуметтік мәртебесін ескере отырып мәселесін шешу ауданда назардан тыс қалған емес. Ерекше қажеттілігі бар адамдарға медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсету, жұмысқа жарамдыларын еңбекпен қамту, кәсіп ашу немесе қоғамдық жұмыспен айналысуына жағдай жасау ісі жалғаса береді.
Нұрым Сырғабаев
Келесі мақала