Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЕГІЛГЕН КӨШЕТТЕРДІҢ ЕСЕБІ ҚАЙДА?

ЕГІЛГЕН КӨШЕТТЕРДІҢ ЕСЕБІ ҚАЙДА?
ашық дереккөз
ЕГІЛГЕН КӨШЕТТЕРДІҢ ЕСЕБІ ҚАЙДА?
Экологиялық ахуал сан жылдардан бері дүниежүзі бойынша ең өзекті мәселе ретінде күн тәртібінен түспей келе жатқаны баршаға мәлім. Біздің мемлекет тарапынан да бұл мәселе назардан тыс қалмай, ұзақ жылдардан бері қоршаған ортаның амандығы, яғни елімізде экологиялық апат орын алмас үшін әркез елдік деңгейде түрлі іс-шаралар қабылданып, оны мақсатты жүзеге асыруға ден қойылып келеді. Аталған іс-шаралар аясында жұртшылық сенбілікке шығып, әртүрлі акциялар мен ірі жобалар аясында жылда тал-дарақ көшеттерін егу дәстүрге айналған. Мақсат – осы арқылы атмосфералық ауа сапасын жақсартуға бірден-бір себепкер жасыл екпелердің санын, олардың алаң аумағын ұлғайту. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: « Ү кі мет э к ол о г иян ы ж а қс а рт у, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды кеңейту, қоршаған ортаны сақтау ісін дәріптеу жұмыстарын жандандыруы керек. Осы орайда «Бірге – таза Қазақстан» науқаны – қолдауға тұрарлық жоба. Бұл жұмысты жалғастыру керек», деген еді. Президент одан кейінгі 2020 жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында да Үкіметке бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызу ісін қолға алуды міндеттеген болатын. 2021 жылдың көктемінде Президент пәрменімен «Таза табиғат» жалпыұлттық жоспары еліміз бойынша жүзеге асырылды. Сондай-ақ елімізде бірнеше бағытты қамтитын 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы әзірленіп, іске қосылғаны белгілі. Аталған ұлттық жобаның «Экология» бағытында жасыл екпелер алаңын ұлғайту міндеті атап көрсетілген. Біздің айтайын дегеніміз, экологиялық ахуалды қалыпты деңгейде сақтау үшін әрбір елді мекен, әрбір азамат атсалысуы керек. Көп жағдайда көктем шыға жұртшылық алаулатып-жалаулатып тал көшеттерін отырғызғанымен, бірақ жыл өтпей қурап кететінін көзіміз көріп жүр. Егілген көшеттердің уақытылы суарылуы, оның мал-жаннан қорғалуы, күтіпбапталуы ұйымдастырылмайтын болса, бейнетке, шығынға батып көзбояушылық жасаудың не қажеті бар? Сөзіміз дәлелді болуы үшін алысқа бармай-ақ, Жамбыл ауданын мысалға алсақ болады. Аталған ауданның көпті жинап тал-дарақ көшеттерін отырғызып, ал оны күтіп-баптауға келгенде шаруаны шатқаяқтатып алғанын көпшілік көріп-біліп отыр. Мәселенің мәнісіне толығырақ тоқталсақ, Жамбыл ауданының орталығы – Аса ауылына Тараз қаласынан бара жатқандағы кіреберіс оң жақ беткейінен 2019 жылы саябақ құрылысын жүргізу үшін 10 гектар жер телімі бөлінген болатын. Сол жылы аталған жер учаскесін қоршау үшін аудандық бюджеттен 34 миллион теңге қарастырылып, қыруар қаржы сол саябақты қоршауға жұмсалды. 2019 жылдың күзінде осы ауданды басқарып отырған Бақыт Қазанбасов басқа қызметке ауысып, орнына қазіргі ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәкен Арубаев әкім болып келген еді. Сәкен Қаланұлы аталған ауданды 2022 жылдың ақпан айына дейін басқарды. Сол кезде С.Арубаев дәл сол саябақта көпшілікпен бірге тал егу науқанына қатысқаны әлі көз алдымызда. Ол ж ө н і н д е о бл ы с т ы қ « J A M B Y L » телеарнасында арнайы ақпарат жалпақ жұртқа жария болды. Сәкен Қаланұлы өз сөзінде «Таза табиғат» акциясы аясында аудан бойынша 3 500 тал көшеті отырғызылып жатқанын, жоба ары қарай жүзеге асырылатынын қысқаша баяндаған болатын. Аталған ауданның елді мекендерінде тал көшеттерін егу науқаны жыл сайын жүргізіліп тұрады. Бірақ дәл біз сөз етіп отырған саябақта тал егу науқаны одан кейін жалғасын тапқан жоқ. Ал Сәкен Арубаевтың жұртты жұмылдыра отырып еккен тал-дарақ көшеттері сол кезде-ақ көктей солды. Мұны біз аудандағы жауаптылардың көшетке де, бюджетке де жаны ашымағандығы деп білеміз. Әлде тал егу ісінің басықасында жүргендер саябаққа егілген көшеттерді күтіп-баптаудың орнына «Әулиеата топырағына шыбық қадасаң, шынарға айналады» деген нақылды тура мағынасында түсініп, бір Құдайға тапсырды ма екен? Себебі саябақта оны күтіп-баптайтын адам тұрмақ, көшет тамырын ылғалдандыратын ағын су да жоқ. Осыдан 4 жыл бұрын саябақты қоршау үшін қазына қаржысынан 34 миллион теңге жұмсалғанда, одан кейінгі жылдары көшеттерді күтіп-баптауға, суаруға қаржы табылмай қалғаны ма? Қалай десек те сырты қоршалған, іші жерге қадалған қу шыбыққа толы саябақ сананы сан саққа жүгіртпей қоймайды. Мәселенің мәнісіне қанығу үшін біз жаз айында Жамбыл ауданына арнайы ат арытып бардық. Бізді аудан әкімі аппаратының басшысы Самат Селеубаев қарсы алған еді. Мәселемізге бейжай қарамай, с а у а л ы м ы з ғ а ж а у а п ж а з ба ш а түрде берілетінін сөз етіп, кейіннен аталған мәселе бойынша Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбековтің атынан жауапхат келген болатын. Аталған жауапхатта жалпы саябақтың жобалық құны 157 миллион теңге екені атап көрсетілген. Онда: «Саябақтың құрылысы бюджеттік қолдау таппауына байланысты қазір тоқтап тұр. Осы жылы аталған жобаны қайта жалғастыру үшін қазіргі таңда қайта жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2021 жылы 755 мың теңгеге 155 сәндік ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстарын «Береке» жеке кәсіпкерлігі жүргізді. Талдарды күтіп ұстау шаралары тиісті деңгейде ұйымдастырылмағандықтан егілген тал көшеттерінің 20 пайызы ғана өнген. Жоспар бойынша, саябақ аумағында заманауи үлгідегі аудандық орталық кітапхана, аудандық орталық мұрағат, жасөспірімдер демалыс кешенінің құрылысы және инженерлік желілерін жүргізу үшін жобалық құжаттары әзірленуде», делінген. Мақалаға арқау болған саябаққа қатысты жауапхатта 155 сәндік ағаш көшеттері отырғызылғаны атап көрсетілген. Ал саябақты біз барып көргенде ондағы көшет саны бұдан да көп екені байқалды. Біз 155 сәндік ағашты жеке кәсіпкер ексе, қалғаны әр жылдары аудан орталығындағы мекемелердің сенбілік не басқа да акция аясында ұйымдастырылған ісшараларға қатысу арқылы отырғызған көшеті шығар деген ойға келдік. Өйткені саябақта тек қана сәндік ағаш емес, қараағаштың да, алма, өрік секілді жеміс ағашының да көшеттері бар. Жауапхатта көрсетілгендей, саябақтың құрылысының қайта қолға алынып жатқаны құптарлық-ақ іс. Дегенмен қазіргідей қымбатшылық бүйірден қысқан заманда қайтақайта жобалық-сметалық құжаттама жасатуға, оны сараптамадан өткізуге аз қаржы жұмсалмайтыны белгілі. Саябаққа қатысты жобаның қайта жаңғыртылып, жандануы өз алдына бір бөлек әңгіме. Ондағы кейбір тамырында нәр бар көшеттер жоба сараптамадан оң шешім алып, құрылыс жұмысы жүргізіледі дегенше тағы қурап кететіні анық. Негізінде осы іс ортада үзіліс болмай, дер кезінде жалғасын тапқанда мұндай мәселе туындамас еді. «Бәрін айт та, бірін айт», 2021 жылы көктемде егілген тал көшеттерін 2022 жылдың ақпанынан бастап аудан әкімі қызметіне кіріскен (оған дейін аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған) Ерлан Қыдыралыұлы аман алып қалуына болмас па еді? Ағын су жоқ болса, кәсіпкерлерге өтініш жасап, су таситын техниканы жұмылдырып, көшеттерді көктетсе болар еді ғой. Өйткені қазақта «Әмірші мықты болса, уәзірлері қайықты қара жермен сүйретеді» деген сөз бар. Саябаққа егілген тал-дарақтың көшетін аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы қалай қуратып алды? Осы жөнінде өзі бір жауабын берер деген ойдамыз. Нұрым СЫРҒАБАЕВ nurymsyrgabaev28@gmail.com    
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар