САПАНЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ – БАСТЫ МАҚСАТ
Мемлекет барлық деңгейде сапа мен бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін істейді. Сондықтан өскелең ұрпақтың алған білімі мен іскерлік қасиеті еліміздің негізгі күшіне айналуы тиіс.
Осы мақсаттарға жету үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қабылданды. Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы және басқа да стратегиялық құжаттар жүзеге асырылуда.
«Педагог мәртебесі туралы» Заңға сәйкес барлық педагогтың еңбек жағдайы жақсарды. «Педагог» кәсіби стандарты педагогтың үздіксіз кәсіби дамуына ықпал етеді. Оның негізінде педагогтарға, аттестаттауға және біліктілікті арттыру жүйесіне қойылатын біліктілік талаптары қайта қаралады.
Еліміздің 620 педагогі 2012 жылдан бастап «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпазы атанды және оның нәтижелері бойынша 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы алды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мектеп педагогтарының жалақысы тағы 25 пайызға өсті және орташа есеппен 450 мың теңгені құрайды. Бүгінгі таңда 217 мың (63 пайыз) мұғалім жаңа жүйе бойынша аттестаттау қорытындысы бойынша негізгі жалақыға қосымша ақы алады.
Ұлттық платформа негізінде аттестаттау процесі автоматтандырылды. Енді мұғалімнің қызметі туралы барлық ақпарат оның жеке кабинетінде жинақталған.
Сонымен бірге педагогика және оқыту әдістемесі бойынша тестілеу алып тасталынды. Мұғалім тек өзі сабақ беретін пән бойынша ғана тестілеуден өтеді.
Педагог-зерттеуші мен шебердің біліктілік санатын растау алып тасталынды. Дегенмен Ұлттық платформа арқылы бақыланатын болады.
Кәсіби қызметке алғаш рет кірісетін немесе жұмыс өтілінен үзіліс алған педагогика мамандығының түлектері педагогтың кәсіби құзыреттілігін диагностикалау бойынша тестілеуден өтеді.
Педагогтарды марапаттау тетігі өзгереді. Енді мұғалімдерге марапаттар олардың оқушыларының жетістіктеріне сәйкес табысталып және соған байланысты біліктілік санаты анықталады. Бұл зейнеткерлік жастағы мұғалімдерге де қатысты.
Бұдан басқа Ұлттық білім беру деректер қоры (ҰБДҚ) арқылы педагогтарды жұмысқа қабылдау рәсімін толық автоматтандыру жоспарлануда.
Бірінші басшылардың кәсіби әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында 1000-ға жуық балабақша меңгерушісі, мектеп және колледж директорлары ротацияланды.
Президенттік жастар кадрлық резервінің үлгісі бойынша білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысын іріктеу және даярлау тетігі әзірленіп, бекітіледі.
Осылайша 2024 жылдан бастап жыл сайын жаңа форматтағы басшылардың кадрлық резерві толықтырылады.
Педагогикалық тәжірибені тарату үшін биыл алғаш рет министрлік жанынан құрамына ең белсенді, белгілі білім беру көшбасшылары кірген педагог ардагерлердің республикалық кеңесі құрылды. Мұндай кеңестер еліміздің әр аймағында құрылуы тиіс.
Орта білім беру мазмұнын жетілдіру бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде. Барлық мектептер критериалды бағалауды қолдана отырып, жаңартылған мазмұн бойынша жұмыс істейді.
Осы жылы оқулықтардың 80 пайызы цифрлық форматқа көшірілді. Жаңа материалды түсіндіру, зерттелген материалды игеруді бақылау, оқу материалын жалпылау және жүйелеу үшін цифрлық білім беру платформалары қолданылады.
Оқушылардың әлеуетін дамыту үшін өткен жылы заңнамалық деңгейде халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына және оларды дайындаған педагогтарға материалдық сыйақы төлеу нормасы енгізілді. Мәселен, өткен оқу жылында қазақстандық оқушылар 312 медаль (43 алтын, 95 күміс және 174 қола) жеңіп алды. 27 жеңімпаз және 26 педагог жалпы сомасы 73 миллион теңгеге 500-ден 1500 АЕК-ке дейін сыйақы алды.
Әлеуметтік осал санаттағы отбасыларды қолдау мақсатында 421 балаға «Білім-инновация» лицейінде, «Дарын», республикалық физика-математика мектептерінде оқуға мүмкіндік берілді.
Білім сапасы білім алушылардың білім жетістіктерін мониторингілеу (ББЖМ) арқылы анықталады. Білім алушылардың білім жетістіктерін мониторингілеу нәтижелері бойынша 1000 мектепке атаулы әдістемелік көмек көрсету мақсатында әдістемелік ұсынымдарды әзірлеу және қолдану, пәндерді оқыту сапасын арттыру, статистикалық деректерді пайдалану және тағы да басқа тренингтер өткізілетін болады.
Оқу-тәрбие жұмысының сапасын қамтамасыз ету мақсатында «2023-2024 оқу жылында ҚР орта білім беру ұйымдарындағы оқу-тәрбие процесінің ерекшеліктері туралы» нұсқаулық-әдістемелік хат дайындалып, өңірлерге жолданды.
Жоғарыда аталған барлық шаралар өңірлерде білім беру сапасын қамтамасыз етуге бағытталған.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде мемлекеттік бюджет есебінен мектептердің нысаналы құрылысы, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін пайдалану, жекеменшік мектептер желісін кеңейту арқылы инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыс жүргізілуде.
Бүгінде елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылуда. Аудандық және ауылдық мектептерді жаңғырту бойынша жұмыстар белсенді қарқынмен жүргізілуде.
Биылғы 1 қыркүйектен бастап барлық білім беру ұйымдарында ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы (ата-аналар академиясы) жұмыс істейтіндігін атап өткім келеді. Олардың басты басымдықтары – балаларды оқыту мен тәрбиелеуде отбасы мен мектептің өзара іс-қимылы бойынша жұмысты күшейту және ата-аналардың позитивті мәдениетін дамыту.
Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы білім беру саласына қатысты бірқатар негізгі міндеттерге тоқталды. Атап айтқанда – патриотизмді, білімпаздықты, нағыз маман болуды, үнемшілдікті, еңбекқорлықты қалыптастыру.
«Ұлттық тәрбие – ел болашағы» тәрбиесінің тұжырымдамалық негіздері енгізілуде.
Білім алушылармен, ата-аналармен және жұртшылықпен идеологиялық жұмысты жандандыруға бағытталған 2023-2025 жылдарға арналған «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» әзірленді.
1 қыркүйектен бастап жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыру мақсатында 5 миллионға жуық бала мен білім алушыны қамтитын Біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асыру басталады.
Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Қорғаныс министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті мамандарымен білім алушылармен тығыз жұмыс істеуіне жағдай жасау үшін «Өркен» адамның үйлесімді дамуының ұлттық институтының және «Өрлеу» БАҰО АҚ базасында 72 сағаттық бағдарлама бойынша арнайы біліктілікті арттыру курстары өтетін болады.
Тек соңғы 2 жылда балалардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталған 2 заң қабылданды.
Баланы жәбірлеудің (буллинг) алдын алу ережелері, білім беру объектілерін терроризмнен қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық және басқа да маңызды нормативтер күшіне енді.
Бұдан басқа балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы әзірленді. Ұлттық мониторинг – Балалардың әл-ауқатының индексі енгізілді. Біз мектептердің психологиялық қызметтерінің автоматтандырылған жүйесін іске қосамыз.
Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарының 90 пайызы ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосылған, лицензияланған күзетпен қамтамасыз етілген, дабыл түймелерімен жабдықталған.
Соңғы 3 жылда жетім балаларға арналған ұйымдар желісі 14-ке азайды, қазір 22 мың жетім баланың 80 пайызы отбасыларда тәрбиеленеді. Отбасылық құрылымның балама түрі – кәсіби патронаттық отбасылар енгізілу жоспарлануда.
Өткен жылы 700-ден астам жетім бала пәтер алды.
Арнайы мектеп автобустарының автопаркі жаңартылуда. Былтырдан бері 515 көлік сатып алынды. Бұл өз кезегінде мектептері жоқ елді мекендерден 27 мың баланы уақытылы тасымалдауға септігін тигізді.
Майра МЕЛДЕБЕКОВА,
ҚР Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету
комитеті төрағасының орынбасары
Келесі мақала