Оқу жылы оң өзгерістермен басталды
Бүгін еліміздің білім ошақтарында жаңа оқу жылы басталды. Биылғы жаңа оқу жылында еліміздегі 494 мектепке (мемлекеттік – 446, жекеменшік – 40, мектеп-интернат – 5, кешкі мектеп – 3) болжаммен 249 мыңнан аса оқушы келеді деп күтілуде. Ал 22 861 оқушы 1-сынып табалдырығын аттамақ.
Жалпы өңірде білім саласын қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді. 2022 жылы білім саласына 244,1 миллиард теңге қаржы қарастырылса, биыл 284,8 миллиард теңге қаражат бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға артқан.
Осы жылы 25 білім нысанының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 9 мектептің құрылысы мен 5 мектептің жапсарлас құрылысы пайдалануға беріледі. Ал 11 нысан құрылысы 2024 жылы аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар Білім күніне орай Жамбыл ауданының Шоқай ауылында 100 орындық мектеп есігін айқара ашуда.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтің айтуынша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын 12 мектептің 7-еуінің құрылысы биыл, ал 5-еуі келесі жылы басталмақ.
– Бұдан бөлек 4,4 миллиард теңгеге 17 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтуде. Оның 15-і мектеп, 1-еуі балабақша болса, 1-еуі колледж. Бүгінгі күні 1 мектеп-интернаттың күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.
Ал 3 мектепте жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімі мемлекеттік сараптамада 2023 жылдың қазан-желтоқсан айлары деп белгіленген. Олар Тараз қаласындағы №28 және Мойынқұм ауданындағы №2 және Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектептер.
Күрделі жөндеу жұмыстарын мерзімінен бұрын аяқтау бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Осы мектептердің оқушыларын жақын орналасқан мектептерге оқыту бойынша тиісті жұмыстар қолға алынды. Атап айтқанда, Тараз қаласындағы №28 орта мектептің оқушылары жақын орналасқан №20 орта мектепке тасымалданып оқытылатын болады. Мойынқұм ауданы бойынша айтатын болсақ, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан мектептердің жақын орналасқан елді мекендердегі мектептермен арақашықтығы 16-18 шақырым және «Шу-Бурылбайтал» республикалық тасжолы арқылы қатынау керек.
Республикалық жолда көлік қозғалысының көп болуы тасымал кезінде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қиыншылық тудырады. Осыған орай мектеп оқушылары осы ауылдардағы мемлекеттік мекемелерде оқытылады. Қазіргі таңда оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде, – дейді Нұржан Календеров.
Бүгінгі күні білім нысандары жылыту маусымына 90 пайызға дайын. Сондай-ақ 2,5 миллиард теңгеге мектептер жаңғыртылуда. Оның ішінде 90 модификациялық кабинетпен қамтамасыз ету үшін 776,4 миллион теңге, білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 1 765,7 миллион теңге бөлінген. 22 модификациялық кабинет сатып алынған.
Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбектің айтуынша, жаңа 2023-2024 оқу жылынан бастап «Құндылықтарға негізделген білім беру» педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру бағдарламасын облыс бойынша 12 мектепке пилоттық жоба ретінде енгізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар кәмелетке толмағандар арасында буллингтің алдын алуға бағытталған «Komek Stop Bullying» ақпараттық жүйесін жаңа оқу жылынан бастап облыс мектептеріне пилоттық жоба ретінде енгізу, психология ғылымдарының кандидаты Г.Вероцкаяның «Бестерек» жобасы арқылы облыс психологтарының білімін көтеру қолға алынған.
– Оқушыларды әлеуметтік-психологиялық диагностикамен ақпараттық жүйе арқылы қамтуға, ерекше педагогикалық назар аударуды талап ететін балаларды анықтауға және оларға уақытылы әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету бойынша шаралар қабылдауға мүмкіндік беретін HR+ психологиялық-педагогикалық мониторингтің автоматтандырылған жүйесін облыс мектептеріне жаңа оқу жылынан бастап пилоттық жоба ретінде енгізу жұмыстары ұйымдастырылуда.
Бала қауіпсіздігін сақтау – баршамызға ортақ міндет. Білім беру ұйымдарында балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, бейнебақылау камераларын интеграциялау, мамандандырылған күзет қызметімен, дабыл түймесімен, турникеттермен қамтамасыз ету жұмыстары атқарылуда, – дейді Мейірхан Азатұлы.
Сонымен қатар өңірде мемлекеттік мектептің барлығы интернет желісімен қамтылған. Байланыс операторларымен бірлескен жұмыстар нәтижесінде 28 мектепте интернет жылдамдығы көтерілген.
Биыл «Мектепке жол» дәстүрлі жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясы 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Жақсылық жаса!» ұранымен өтті.
Акция бойынша аудандар мен Тараз қаласында биылғы 29 шілдеден бастап орталық алаңдар мен саябақтарда, сауда орталықтарында жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Мектеп жәрмеңкелерін өткізу 26 тамызға дейін жалғасты. Акция аясында 2023 жылғы 1-14 тамыз аралығында облыс бойынша 445 рейдтік іс-шара жүргізіліпті.
Сондай-ақ «Мектепке жол» акциясы аясында 2023 жылдың 1-28 тамыз аралығында жекелеген санаттағы 2 130 балаға 68 миллион 377 мың теңгеге демеушілер есебінен көмек көрсетілген.
– Осы жылға жалпыға бірдей міндетті білім қоры есебінен аз қамтылған отбасынан шыққан 49 137 оқушыны әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен 6,1 миллиард теңге бөлінді. Ал балаларды киім-кешек және кеңсе тауарларымен қамтамасыз етуге биыл әр балаға 40 567 теңгеден бөлініп, ата-аналардың жеке шоттарына аударылды.
1 қыркүйектен бастап, яғни бүгіннен бастап барлық 1-4 сынып оқушылары бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылады. Оған облыстық бюджеттен 2,5 миллиард теңге қаржы бөлінді.
Мектепке дейінгі ұйымдардағы әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 11 326 баланы 1 қыркүйектен бастап тегін тамақпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 425 678 мың теңге қарастырылды.
Өңірдегі «Мейірім» жобасы аясында 96 мекеме 137 ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға әлеуметтік қолдау көрсетуде. Жоба аясында 1331 баланың «Отбасы банкінде» ашылған шоттарына бекітілген мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындар 65 миллион теңгеден астам қаржы аударды. «Бұл жобаға қолдау көрсету – жастардың өмірден өз орнын табуға зор септігін тигізері анық, –дейді Нұржан Сәбитұлы.
Міне, жаңа оқу жылы осындай оңды істермен басталып отыр. Ұлы дала ұландарын тәрбиелеуде ұлағатты ұстаздар қауымының аянып қалмайтындығы ақиқат. Егемен еліміздің ертеңі саналатын өскелең ұрпақтың зейіні ашылып, биік белестерді бағындыра беруіне тілектеспіз.
А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ
Келесі мақала