Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жастарға артылар жүк басым

Жастарға артылар жүк басым
ашық дереккөз
Жастарға артылар жүк басым
Ел ертеңі мен болашағының мұрагеріне айналған жастардың бойына жоғары мәдениет пен адамгершілік құндылықтарды, бәсекеге қабілеттілікті қалыптастыру – уақыт талабы. Еліміздегі жастар саясатын жүзеге асырудың негізгі мақсаттарының бірі – жастардың шығармашылық қабілеттерін ашу екендігін ескерсек, мәдениет саласының дамуында да, еліміздің ілгерілеу үрдісінде де жастардың рөлі ерекше. Сондықтан да мәдениет саласында атқарылып жатқан ауқымды істерде жастардың жайы назардан тыс қалған емес. Өңірдегі театр, музей, кітапхана сынды мәдениет және өнер мекемелерінің қызметіне жастардың қолжетімділігі бойынша ешқандай кедергі жоқ десек те болады. Кез келген іс-шаралар кешенінде жастардың өзіндік орны бар. Мәселен, жыл басынан бері А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры мен облыстық орыс драма театры 43 мыңнан аса көрерменге 258 қойылым сахналады. Оның ішінде қазақ театрына келген жас көрермен саны – 4 908. Шын мәнінде, қазіргі таңда «жастар кітап оқымайды, театрға бармайды» деген пікір санада жатталып қалған ескі стереотип. Өз басым жастардың мәдени, рухани дамуға деген ерекше ықыласы мен құлшынысын жиі байқаймын. Маусым айында Тараз инновациялық көпсалалы колледжінің студенттерімен ашық лекция аясында жүздесу барысында да жастардың театрға деген қызығушылығы маған ерекше байқалды. Тіпті облыстық театрда сахналанып жүрген «Шер-Хан», «Мұғалім», «Жәмилә» қойылымдарына қатысты пікірлерін ашық жеткізуі көңіл қуантты. Бұдан кейін жастарға тек мәдени ошақтардың қолжетімділігін арттырудың, тиімді жағдайларды қарастыру жолдарын басты назарда ұстаудың бекер еместігіне көз жеткізуге болады. Жазушы Мұхтар Әуезов «Сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі» деп баға берген театр өнері жастар үшін, олардың рухани әрі жан-жақты дамуы үшін маңызды. Сол себепті театрдың көрерменге қолжетімділігін арттыра түсу, сездіру бірінші орында. Дәл осы мақсатта репертуарлық қойылымдарға көрермен тарту ісі тек әлеуметтік желілердегі хабарландырумен ғана шектеліп қалған жоқ. Тұрақты шақырылатын көрермен аудиториясын ұйымдастыру концепциясына сәйкес театрдың әкімшілік қызметкерлері қаламыздың мектептеріне, балабақшаларына, ақылы жекеменшік мектептерге, ақылы жекеменшік балабақшаларға, колледждерге, қарттар үйлеріне, балалар үйлеріне, оңалту орталықтарына да барып, көрермен тарту мәселесімен айналысады. Сонымен қатар әртүрлі жағдайға байланысты асыраушыларынан айырылып қалған немесе аз қамтылған отбасы балаларын, мүгедектігі бар және мүмкіндігі шектеулі жандармен тығыз қарым-қатынаста болып, оларды қойылымдарға тегін билеттермен кіргізеді. Бұл жұмыстардан бөлек, көпбалалы отбасы балаларына арналған арнайы тегін кіру абонементтерін тарату да қарастырылған. Ал дарынды жастарды қолдау бойынша шаралар кешені десе, талантты жастардың мүмкіндік алаңына айналған «Жаңа есім» жобасы бірден ойға оралады. Биыл да өңірдегі жас таланттарды іздестіру, оларға қолдау көрсету, танылуына жол ашу мақсатындағы дәстүрлі жобамыз жалғасын тапты. «Жаңа есім-2023» жобасының ауылдық, аудандық, облыстық іріктеу кезеңдері өтіп, өңірдегі 14 пен 25 жас аралығындағы 445 талантты жас «Вокал», «Аспапта орындау», «Би» номинациялары бойынша бақтарын сынады. Нәтижесінде 16 өнерпаз жеңімпаз атанды. Жеңімпаздардың қатысуымен маусым айында Қ.Рысқұлбеков саябағында гала-концерт ұйымдастырылды. Мұражайдағы мәдени мұраларды көпшілікке насихаттауда да келушілердің басым бөлігін жастар құрайды. Нақтырақ айтсақ, жыл басынан бері Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне келушілердің жалпы саны – 9 928. Оның ішінде өңірлік жастардың саны – 2 493. 2018 жылы бастау алған «Тарихыңды таны – тұлғаңды құрметте!» атты облыстық жас зерттеушілер байқауы әр жыл сайын жалғасын тауып жүр. Биылғы байқау жас ұрпақты тарихи құндылықтарымызбен таныстыру, мәдени мұраларымызды қастерлеп сақтауға, құрметтеуге шақыру мақсатында «Мәдени ескерткіштер тарихтан сыр шертеді» тақырыбына арналды. Өңіріміздің әр ауданынан 9 қатысушы өздерінің мәдени ескерткіштерін таныстырып, жобаларын ұсынды. Одан бөлек түрлі тақырыптағы көрмелер, экскурсиялар мен іс-шаралар күнделікті жүзеге асуда. «...Біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс», деп Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркістан төрінде өткен Ұлттық құрылтайда айтқан болатын. Мемлекет басшысының сөзін тілге тиек етуімнің де өзіндік сыры бар. Өйткені бәріміз айтып жүрген «Әділетті Қазақстанды» құру үшін қоғамды құратын барша азаматтардың адал болуы, саналы болуы маңызды. Әсіресе жастарға артылар жүк басым. Сондықтан да жастардың кітаппен дос болып, кітапхана табалдырығын жиі аттауы – саналылық пен білім әлеміне қадам басуы деген сөз. Өңірдегі кітапханалардың жұмысына тоқталар болсақ, Жамбыл облысы мемлекеттік кітапханалар жүйесіне қарасты 274 кітапханаға үстіміздегі жылдың 7 айында 220 417 оқырман тіркелген. Оның басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 155 мыңға жуығы жастар. Яғни жалпы оқырманның 70 пайызын жастар құрайды. Кітапханалардағы іс-шаралар кешенін іске асыруда да жастардың үлесі басым. Мысалы, сәуір айында облыстық кітапханалар өткізген ауқымды іс-шараларға жалпы саны 60-тан аса жас волонтер тартылған. «Жастық шақ қанаттарын жайып салу үшін емес, ұшу, жұмыс істеу үшін берілген», деп белгілі тұлға Дінмұхаммед Қонаев айтқандай, мәдениет саласындағы жастардың рөлі мен маңызы туралы айтсақ, жоғарыдағыдай нақты көрсеткіштер легі жетерлік. Ал жастардың еңбекқорлығы мен табандылығы арқылы талай белестерге жететіндігі туралы ой нәтижесінде саладағы жетістікке жеткен бірқатар жастарды атап өткен жөн. Жуырда ғана Қырғызстанда өткен «Мейкин Азия-2023» III халықаралық фестивалінде Айна Қалмағанбетова бас жүлдені иеленіп, 10 жыл бұрынғы Димаш Құдайбергеннің жеңісін қайталады. «Ән-жырым саған, туған ел!» халықаралық конкурсында да филармония әншісі Дулат Жасұзақ бас жүлдеге ие болды. Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туған күніне орай өткен республикалық айтыста да жамбылдық айтыскер Алина Айдаралы жеңімпаз деп танылған болатын. «Асыл домбыраның» да облысымыздағы тарихи-өлкетану музейінің төріне ілінуіне тікелей себепкер болған – жас айтыскерлеріміз. Дәл осындай жалын шашқан, талантты жастарымыз көп. Өңір мәдениетінің оқ бойы озық шығуына жастардың жігері мен еңбекқорлығы серпін беруде. Сол себепті де музей, кітапхана, театр есігін жастар ашса қуанышымыз еселене түседі. Өйткені білімді әрі мәдениетті жастар шоғырының артуы – ел келешегінің көркеюіне жол ашылатындығына мол сенім ұялатады. Ерлан ЖҮНІСБАЙ, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар