Жаңа нысандар пайдалануға берілді
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында ілгерілеушілік бар екенінен хабар беретін жайттар жетерлік. Соның бірі – облыс орталығымен қатар, аудандарда, шалғай елді мекендерде жолдардың жөнделіп, тұрғын үйлердің бой көтеруі, мәдениет үйі, медициналық мекеме, мектеп секілді тағы да басқа сан түрлі әлеуметтік нысандардың салынып, ел игілігіне ұсынылуы. Мұндай жетістік жұртшылықтың көз алдында десек қателеспейміз. Облыста 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында халық игілігі үшін бірқатар нысан пайдалануға берілген болатын. Бұл жыл ішінде ел игілігіне ұсынылған нысандардың бір парасы ғана.
Тұрғындардың мерейі тасыған күн
Меркі ауданында қос бірдей жаңа нысанның лентасы қиылды. Қ.Жандарбеков атындағы өнер мектебіне жаңа ғимарат қажеттігі аудан тұрғындарының біраз уақыттан бергі сұранысы болатын. Тұрғындар тілегі ескеріліп, биыл осы мәселе шешімін тапты. Мерекеге орай жас өнерпаздарға жаңа ғимарат пайдалануға берілді.
Ашылу салтанатына аудан әкімі Жорабек Баубеков және жергiлiктi зиялы қауым өкілдері қатысты. Аудан әкімі жас өнерпаздарды мерекемен құттықтап, сәттілік тіледі. Өнер-білім мен мәдениетті қолдау – мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі екенін атап өткен аудан басшысы аудандағы кез келген саланы жаңғырту жұмыстары жалғаса беретінін жеткізді.
Салтанатты іс-шара барысында Жорабек Нұрмергенұлы мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев нысанның лентасын қиып, өнер мектебі ресми түрде ашылды.
Мектептің ашылу рәсiмiне қатысқан қонақтар қобыз, айтыс, шертпе күй секілді бiрқатар кабинеттердi аралап көрді. Қонақтарға арнап жас өнерпаздар өз өнерлерін тарту етті.
Өнер мектебінде еліміздің төл өнері мен мәдениетін дамыту үшін жүйелі жұмыс атқару және дәстүрлі өнердің түрлi салаларын жан-жақты жандандырып, оны жастар арасында кеңінен насихаттау жұмыстары жүргізіледі.
Алғашында саз мектебі, кейіннен дәстүрлі ұлттық өнер мектебі болып қайта жасақталған өнер мектебi 10 бағыт бойынша жұмыс істейді. Мұнда ақындық өнерге қатысты айтыс, поэзия, әншілік өнерден дәстүрлі ән, жыр-терме, ал күйшілікке баулитын домбыра, қобыз, жетіген, шешендік өнер – көркем сөз, көшбасшылық секілді үйірмелер жұмыс істейді. Сондай-ақ баланы актерлік өнерге бейімдейтін сахна тілі, кино және театр, би өнерінен ұлттық, қолөнер бойынша ағаш, былғары, тоқыма, тігіншілік, бейнелеу өнерінен кескіндеме, графика, композиция, вокал бойынша эстрада, классика, фортепиано, сольфеджио, мультипликациядан анимация, кино, ролик сынды бағыттар бар. Өнер мектебіне мектеп жасындағы балалар мен 6-17 жас аралығындағы жасөспiрiмдер мен жастар да қабылданады. Үйірмелердің барлығы тегін жұмыс істеп, бітірушілерге арнайы куәліктер беріледі. 300 орынға арналған өнер мектебінде 34 педагог пен 12 техникалық қызметкер жұмыс істейді.
Конституция күніне орай қуанышты жаңалықтар Ойтал ауылдық округінде жалғасты. Мұнда «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының аясында 180 орынға арналған ауылдық мәдениет үйі ел игілігіне ұсынылды.
Бұл көптен күткен қуаныш болғандықтан ашылу рәсіміне ауыл жұрты көптеп жиналды. Қуанышты бөлісуге барған аудан әкімі Жорабек Баубеков тұрғындарды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін арнады.
Аудан әкімі өз сөзінде: «Құрметті ауылдастар, биыл ауданда бірқатар әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Солардың бірі, міне, осы мереке қарсаңында пайдалануға беріліп отыр. Бұл мемлекеттің ауылды көркейтуге, ауыл балаларының өнерін дамытуға жасап отырған қолдауы деп білемін. Осы мәдениет ошағынан еліміздің атын әлемге әйгілі ететін өнер азаматтары шығады деген сенімдемін. Мереке құтты болсын! – деді.
Одан кейін ауыл ақсақалы Әшір Ибақов ақ батасын беріп, ауыл тұрғындары ізгі тілектерін арнаған соң салтанатты түрде лента кесу рәсімі өтті.
Жаңадан ашылған ауылдық мәдениет үйінде қазіргі уақытта домбыра, көркемсөз және вокал үйірмелері жұмыс істейді. Сондай-ақ 5 штаттық бірлікпен қызметкерлер жұмысқа алынған.
Сарысуда оңалту және бейімдеу орталығы ашылды
Елімізде мүгедектігі бар азаматтарға қамқорлық жасау басты назарға алынған. Мүмкіндігі шектеулі балаларды болашақта қоғамдық ортада өзін-өзі ұстауға, адамдармен емін-еркін қатынас жасауға, өзін тең дәрежеде сезінуге үйрету, арнаулы әлеуметтік қызмет сапасын жақсарту жүйелі жолға қойылған.
Айтулы мереке қарсаңында аудан орталығы – Жаңатас қаласынан мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту және бейімдеу орталығы ашылды.
Орталықтың ашылу салтанатына аудан әкімі Сәкен Мамытов, облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ғалижан Мейірманов, аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, аудан әкімінің орынбасарлары, мекеме, кәсіпорын басшылары, кәсіпкерлер және қала тұрғындары қатысты.
Салтанатты шарада аудан әкімі С.Мамытов құттықтау сөз сөйледі. Ол Конституция күні қарсаңында ауданда игі бастама қолға алынғанын тілге тиек етті.
– Бұл орталық бүлдіршіндердің өмір сүру сапасын жақсарту үшін қызмет ететін ерекше үлгідегі орталық болмақ. Келешек ұрпақтың ойы озық, білімі терең, тәлім-тәрбиесі жоғары болуы үшін мемлекетіміз ерекше көңіл бөлуде. Бүгінгі нысанның ашылуы соның айқын бір дәлелі. Мүмкіндігі шектеулі балалардың осында емделуі оларға пайдасын тигізеді деп ойлаймыз. Әр жыл сайын балаларға деген қолдауымызды арттыра береміз, –деген аудан басшысы осы нысанды ашуға мүмкіндік жасаған облыс басшылығына, атсалысқан барлық азаматтарға алғыс білдірді.
Бұдан кейін облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ғалижан Мейірманов сөз сөйлеп, ашылып отырған орталықтың мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту мен бейімдеудегі маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, нысанды ашуға атсалысқандардың атынан жеке кәсіпкер Мұрат Төлепбеков сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.
Жаңадан ашылған оңалту және бейімдеу орталығының лентасын Ғ.Мейірманов пен Ш.Мұсабеков салтанатты жағдайда қиды.
Айта кету керек, жаңадан ашылған орталықта 2 балалар дәрігері, дефектолог, логопед, музыкант, психолог мамандары балаларға сапалы қызмет көрсетпек. Орталық заманауи, медициналық оңалту жабдықтарымен қамтылған. Бүгінде 25 орындық орталыққа 23 бала тіркеліп, емдеу курстарын бастап кетті.
Құлан жеріндегі қуаныш
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде азаматтардың тұрғын үйлерге қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй қатынастарын реттеп, дамыту мәселелеріне үнемі баса назар аударып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы Т.Рысқұлов ауданында да оңтайлы іске асырылуда.
ҚР Республикасы Конституциясы мерекесі қарсаңында Луговой ауылында да қайта жаңғыртудан өткен қызметтік пәтерлердің кілті бюджеттік мекеме қызметкерлеріне салтанатты жағдайда тапсырылды. Салтанатты шарада аудан әкімі Ернар Есіркепов қуаныш иелерін құттықтаса, ардагерлер жылы лебіздерін білдірді.
Дәл осы күні аудандағы Көгершін ауылында денешынықтыру-сауықтыру спорт кешені пайдалануға берілді. Заманауи кешен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынды.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Ернар Есіркепов қатысып, елді мекен тұрғындарын қуанышымен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде жаңа нысан жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, салауатты өмір салтын қалыптастырып, бұқаралық спортты дамытуға жасалып отырған зор мүмкіндік екенін жеткізіп, ауыл жастарын спортты жанына тұрақты серік етуге шақырды.
Қоныстой
Мерекедегі жағымды жаңалықтар Жуалы ауданында да жалғасын тапты. Кәріқорған ауылының тұрғыны Дорош Василий «Асарлатып үй салу» жобасы аясында баспаналы болды.
Мүгедектігі бар жанға шаруа қожалық иелері мен кәсіпкерлер және ауыл тұрғындары күш біріктіріп, 4 бөлмелі баспананы сыйға тартты. Көптің көмегімен күрделі жөндеуден өткен тұрғын үй жылу жүйесімен, ауызсумен қамтылған.
Айта кетейік, облыста бірнеше жылдан бері халқымыздың асар дәстүрі қайта жаңғырып, бұл игі іс ауқымды түрде жүзеге асуда.
Бүгінде өңірлік «Асарлатып үй салу» жобасы арқылы тұрғын үй салу, баспанасын күрделі немесе ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстары өңірде қарқынды жүруде.
Бұл тұрғыда 2020-2022 жылдар аралығында 338 отбасы баспаналы болса, биыл 105 мұқтаж отбасын жеке тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделген.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Келесі мақала