МЕРКІЛІКТЕР КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕЛЕР ДЕР КЕЗІНДЕ ШЕШІЛУДЕ
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог –Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауына арқау болған негізгі бағыттардың бірі. Президент басты құжатта: «Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады.
Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет» деп, азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз екенін, ең бастысы дұрыс және әділ шешім шығару қажеттігін нықтап айтты.
Жолдау жарияланғаннан бергі уақытта, Президент айтқандай-ақ, тұжырымдама көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан кең қолдау тапты. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұғымына сай барлық деңгейдегі билік өкілдері әлеуметпен етене болуға қадам жасап, тұрғындардың талап-тілегі мен ұсыныс, пікіріне құлақ асу үрдісі қалыптасты. Мәселен, өткен жылы облыстағы түрлі деңгейдегі әкімдердің қатысуымен 1 200-ден аса кездесу өтсе, 2023 жылдың басынан бері 1 000-нан аса кездесу ұйымдастырылған (80-нен астам облыс әкімінің қатысуымен).
Бұған дейін біз Жамбыл, Талас аудандарындағы орындаушылық тәртіп мәселесіне тоқталып, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жүктеген маңызды міндеттердің, талапты тапсырмалардың орындалуын, жемісі мен нәтижесін саралап көрген едік. Ендігі кезекте облыс әкімінің Меркі ауданына сапары кезінде, аймақ тұрғындарымен кездесулері барысында берген тапсырмалардың қалай орындалып жатқанына талдау жасап шықтық.
Мемлекет басшысы 2020 жылы Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Әлеуметтік желі жұмысына ерекше көңіл бөлу қажет. Әр мемлекеттік қызметкер әлеуметтік желіде өз саласы бойынша белсенді болуы керек. Ғаламтор ғасырында бұл – міндет. Олар онлайн-режимде желідегі пікірталастарға қатысып, халық пен қоғамның сұрақтарына жауап бере алады», деген болатын. Осы орайда алдымен аудан атқамінерлерінің технология ұсынған мол мүмкіндікті қаншалықты тиімді пайдаланып жүргеніне назар аудардық.
Меркі ауданы әкімдігінің ресми парақшасы «Facebook», «Instagram» желілерінде тіркелген. Жыл басынан бері «Facebook»-та 469, ал «Instagram» парақшасында 1029 пост салынған. Облыс әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Данияр Асқарұлының айтуынша, Меркі ауданы әкімдігінің «Instagram» парақшасына жүргізілген талдау нәтижесінде жыл басынан бүгінгі күнге дейін салынған посттарға жазылған 26 өтініштің 22-сіне жауап берілмеген, ал 4 өтінішке ресми түрде жауап берілген. Аудан тұрғындары тарапынан балалар ойын алаңының жоқтығы, интернет және жол сапасы сынды мәселелер жиі көтерілген. Сол секілді «Facebook» парақшасындағы посттардағы пікірлер бөліміне 18 өтініш түскен. Өтініштердің 4-еуіне жауап беріліп, 14-іне жауап берілмеген. Ең жиі көтерілетін мәселе – аудандағы тазалықтың жай-күйі.
– Аудан әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшалары белсенді жұмыс істейді. Өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы ақпарат үздіксіз жарияланады. Алайда желі қолданушылардың өтініштері жауапсыз қалады.
Ал аудан әкімі Жорабек Нұрмергенұлы 2023 жылдың 1 қаңтары мен 13 шілдесі аралығында «Facebook»-та 32, «Instagram»-да 37 пост жариялаған. Белсенділігі жақсы. Аудан әкімінің «Instagram» парақшасына талдау нәтижесінде жыл басынан бүгінге дейін 5 өтініш түссе, екеуіне тиісті тараптан ресми жауап қайтарылған, 3-еуіне жауап берілмеген. Сондай-ақ «Facebook»-ке 9 өтініш түсіп, екеуіне жауап беріліп, жетеуіне жауап берілмеген.
Аудан әкімі орынбасарларының да (Нұрсұлтан Нәрікбаев, Қайрат Арғымбаев және Бақытжан Абжапаров) әлеуметтік желіде парақшалары бар. 2023 жылдың 1 маусымы мен 13 шілдесі аралығында Қ.Арғымбаев 5 жазба жарияласа, Н. Нәрікбаев пен Б.Абжапаров мүлдем жазба салмаған.
Аудан әкімі мен әкімдігінің ресми парақшалары жүйелі жүргізілгенімен, тұрғындарға пікірлерде жауап беру жолға қойылмаған. Сондай-ақ аудандағы оқырманы көп пабликтерде жариялаған тұрғындар өтініштерінің барлығына дерлік жауап берілмеген, – дейді Д.Асқарұлы.
Ал облыс әкімі аппараты өңірлік бақылау және ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің бас инспекторы Сандуғаш Байқошқарованың келтірген деректеріне сүйенсек, Меркі ауданында облыс әкімінің қатысуымен өткен жылы 4, ал биыл 2 кездесу өткен. Тұрғындар тарапынан барлығы 50 мәселе көтерілген. Бүгінге дейін 30 тапсырма орындалған, 19-ы орындалып жатыр. 1 тапсырма орындалмаған. Орындалған тапсырмалардың бірқатарына тоқталып өтер болсақ, тұрғындар мал басы көп шаруа қожалықтарды орман қоры жерлеріне шығара отырып, жайылым жер мәселесін шешуді ұсынған болатын. Осы ретте аймақ басшысы облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровке, облыс әкімдігінің жер қатынастары, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармаларының басшыларына, Меркі ауданының әкіміне тиісті тапсырмалар беріп, бүгінде мәселе толығымен шешілген.
Сонымен қатар тұрғындардың Меркі ауылында саз мектебін салу туралы өтініші негізінде Құрманбек Жандарбеков атындағы №1 балалар өнер мектебінің ғимараты аудан бюджеті есебінен сатып алынған. Қазіргі таңда саз мектебі ретінде қызмет көрсетуде. Жаңа спорт нысанын салу туралы ақермендіктердің де өтініші аяқсыз қалған жоқ. Спорт кешенінің құрылысын жүргізу бойынша Меркі ауданы әкімдігі құрылыс бөлімі мен «ЖАН-КАЙР-ТАС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында келісімшарт жасалған. Келісімшарт құны – 122,4 мың теңге.
Аймақ басшысымен кездесулерде көтерілген негізгі мәселенің бірі – қоғамдық көліктің жайы. Тұрғындарды толғандырған мәселе бойынша аудан аумағында екі ай зерделеу жұмыстары жүргізіліп, «Меркі-Ақжол», «Меркі-Ойтал», «Меркі-Ақермен» және «Меркі-Т.Рысқұлов» елді мекендері облыстық мәслихатқа ұсынылып, шешім бекітілген. Нәтижесінде аталған бағыттар тұрақты қоғамдық көлікпен қамтылған.
Жалпы тұрғындар көтерген әрбір мәселе назарға алынып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімінің жеке қабылдауында болған азаматтардың да өтініш, талап-тілектері назардан тыс қалмаған. 2022 және 2023 жылдары Нұржан Молдиярұлының жеке қабылдауына 49 азамат кіріп, 49 мәселе көтерген. Аймақ басшысынан көмек сұрап қайырылған 19 азаматтың мәселесі толық шешілген. 19 мәселе бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қалған тапсырмалар бойынша заңнама аясында түсініктеме берілген.
Әрине, баға беретін біз емес, бірақ ауданда халық үніне құлақ асып жұмыс істей білгеннің нәтижесінде көпшілік көтерген көптеген күрмеулі мәселе оң шешілген. Бірақ баспасөз хатшысы жоғарыда атап өткендей, Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруда негізгі тетіктердің бірі саналатын әлеуметтік желілерді тиімді әрі белсенді қолдана білсе, көп мәселе ушықпай-ақ шешілген болар еді.
Талғат Нұрханов
Келесі мақала