Алғашқы қоңырау
Ашылып бүгін білімнің барлық есігі,
Алғашқы қоңырау соғылды тағы сыңғырлап.
Білгенге мектеп – білімнің алтын бесігі,
Білімді болу – түсінген жанға бұл бір бақ.
Бірінші сыныпқа оқушы болар балғынды,
Сүйсіндік көріп келгенін жүзі күлімдеп.
Алдымен солар қатарға тұрды алдыңғы,
Алғашқы мәрте мектепке тұрған бүгін кеп.
Алғашқы қоңырау көрісу күні тәрізді,
Ұстаз бен шәкірт қауышты қайта қуанып.
Жырымен қоса, тілегін арнап бар ізгі,
Жадырап, жайнап келіп тұр бәрі гүл алып.
Тым-тырыс болған жаз бойы іші мектептің,
Сағынып қапты әз қоңыраудың дауысын.
Бұл күнді мен де шабытпен ән-жыр етпекпін,
Ұстаздарыма айтылып шексіз алғысым.
Әдемі әсер қалдырып бір сәт көңілге,
Қыркүйек айы басталар жылда біліммен.
Бүлдіршіндерді бастырар қадам өмірге,
Алғашқы қоңырау, айналдым сенің үніңнен!
Ұстазға шәкірт құрметпен қарап жүретін,
Мектептің кірді сәні мен мәні тағы да.
Мектепті көрсем тарыдай болып кіретін,
Оралам оймен сонау бір балғын шағыма.
Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ,
ақын
Келесі мақала