Бөлке нанның салмағы неге азайып кетті?
2020 жылы Тараз қаласындағы ірі деген 6 наубайхананың 5-еуі нанның бағасын негізсіз көтеруі салдарынан сауда орындары 85 теңгеден сатылып жатқан әлеуметтік нанды (бөлке нан) 95 теңгеден саудалағаны есте. Осы кезде халық өре түрегеліп, өңірде арнайы құрылған жедел штаб өкілдері іске кірісіп, нан бағасының қымбаттауына қатысты мониторинг жұмыстарын жүргізу кезінде нан өндіруші кәсіпкерлердің бөлке нанның бағасын 85 теңгеден 95 теңгеге дейін өсіргенін анықтаған. Сол кезде «тараздық наубайхана иелері жергілікті билікпен ақылдаспай, өз бетінше әрекет етті» деген кесімді пікір айтылған. Нан бағасын ұстап тұруға бағытталған алдын алу шараларын қабылдаудың арқасында дүкендерде нан қайтадан 85 теңгеден сатыла бастаған.
Содан бері де екі жыл өтіпті. Қазір бір бөлке нан 90 теңге тұрады. Бір қарағанда нан екі жылдың ішінде бес-ақ теңгеге көтерілгендей болып көрінеді. Алайда нан өндірушілердің бөлке нанды кішкентай қалыпқа құйып пісіре бастағанына да біршама уақыт болды. Ас атасының бағасын бірден 10-15 теңгеге көтерсе қоғамда шу шығатынын жақсы білетін нан өндіруші кәсіпкерлер 600 грамдық бөлке нанның 100 грамын алып тастап, 500 грамдық нан өндіре бастады. Қазір кез келген дүкенге бас сұқсаңыз 600 грамдық нан емге табылмайды. Алайда облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бас маманы Ельяр Құрманбек мұның мүмкін еместігін айтады.
– Облыс аумағында бүгінгі таңда 11 ірі ұн тарту кәсіпорындары бар.Сонымен қатар өңірімізді күнделікті 1-сортты бидай ұнынан жасалған нанмен қамтамасыз етіп жатқан 59 ірі және орта наубайхана кәсіпорындары жұмыс істеп тұр. Облыста орналасқан наубайханалар ішкі сұранысты 100 пайыз нан өнімімен қамтуда. Облыстағы наубайханалардың бір айдағы 1-сұрыпты ұнға деген орташа сұранысы 2000 тоннаны құрайды, бидайға шаққанда бұл 2857 тонна дән.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке жататын 1-сортты бидай ұнынан жасалған нан мен 1-сортты бидай ұнының бағасын тұрақтандыру мақсатында ағымдағы жылдың қаңтар айында тұрақтандыру қорына 3000 тонна 1-сортты бидай ұны сатып алынып, наубайханаларға келісі 117 теңгеден үлестірілді. Сонымен қатар мамыр айында 3000 тонна 1-сортты бидай ұнын сатып алып, наубайханаларға 117 теңге келісіне өткеру жұмыстары жалғасып жатыр. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жататын 1-сортты бидай ұнынан жасалған нанның салмағы 600 грамм. Бұл Тараз қаласында орналасқан әрбір әлеуметтік дүкенде және кез келген сауда орындарында бар. Өйткені тұрақтандыру қоры арқылы нан өндірушілерге төмендетілген бағада үлестіріліп жатқан 1-сортты ұннан наубайханалар тек 600 грамдық бөлке нан өндіріп, кез келген дүкенге таратып жатыр, – деді Ельяр Телқожа.
Ал қала тұрғыны Гүлмира Көркемғалиқызы 600 грамдық бөлке нанды көрмегеніне 1 жылға жуықтағанын айтады.
– 15 ықшамауданының тұрғынымын. Жұмысым қала орталығында. Кешке үйге қайтарда нан ала бару үшін жолай сан түрлі дүкенге соғамыз. 600 грамдық бөлке нанды әзірге көрген жоқпын. Өзім тұратын үй маңындағы дүкендерде де нанның мұндай түрі жоқ. Шынын айтқанда, 600 грамдық нан тек әлеуметтік дүкендерде ғана болмаса, басқа дүкендерде жоқ, – деді ол.
Осыдан кейін біз бірқатар кішігірім азық-түлік дүкендері мен ірі сауда орындарын араладық. Олар 600 грамдық бөлке нанды тауып бере алмады. Тұтынушылар көп бас сұғатын Тараз қаласындағы Ташкентская көшесінде орналасқан «Нұрислам» сауда орнына да барып, ондағы нан өнімдері қойылған сөреден 600 грамдық бөлке нанды іздеп таба алмадық.
– Бұл сауда орнына нан өнімі «Тараз сдоба», «Халық», «Алтын орда» іспетті бірнеше наубайханалардан жеткізіледі. Мұнда нан өнімінің сан түрі бар. Соның ішінде бір бөлке нанның салмағы қазір 500 грамм болып қалды. Ал тура осындай түсі қара бөлке нанның салмағы 520 грамм. Біз нан өнімінің сапасына көңіліміз толмаса, оны кері қайтаруға құқымыз бар. Себебі бізде нанның салмағына, қышқылдығы мен ылғалдығына, бағасына жіті көңіл бөлінеді. Қай кезде екені есімде жоқ, осы нандар алғаш келгенде көлемі кішкентай, салмағы кем екені бірден байқалды. Жеткізіп берушілермен тілдесіп, нан өндірушілерге хабарласқанымызда олар ұн қымбаттағанын, алайда нанның бағасын өсірмеу үшін 600 грамм нанның салмағын 500 грамға түсіргендерін айтты. Нанның көлемі кіші демесек, сапасына шағым жоқ. Содан бері сөрелерде салмағы 500 грамдық нан саудаланып келеді. 600 грамдық нан біздің сауда орнында жоқ, – деді аға сатушы Жанар Белгібай.
Шаһарды аралап, бірнеше әлеуметтік дүкенге бас сұғуға тура келді. Алайда ондағы «Хлебный Дар» наубайханасынан жеткізілген әлеуметтік нанның бағасы 80 теңге екенін көрдік. Бірақ салмағы – 500 грамм. Сатушылар аты-жөнін айтудан қашқақтағанымен. 600 грамдық нанды былтыр қара күзден бері көрмегендерін жасырмады. Ендеше облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы маманының «кез келген дүкенде салмағы 600 грамдық әлеуметтік нан бар» деп жалған сөйлеуіне не себеп болды екен? Демек олар тұрғындар қанша грамм салмақтағы бөлке нан тұтынып отырғанынан хабарсыз. Бұл аталған мекеменің жағдайды зерделемегенін көрсетеді.
90 теңгеге сатып алып жүрген бір бөлке нан 500 грамм, демек осы салмақты теңгеге шаққанда бір бөлке нанның 100 грамы 15 теңгеден айналады екен. Егер наубайханалар бұрынғы бөлке нанның салмағынан 100 грамды алып тастамағанда нанның дүкендегі қазіргі бағасы шамамен 105-110 теңге болар еді. Міне, қулық қайда жатыр? Демек осы істің басы-қасында жүргендер нанның салмағын азайту арқылы бағаны тұрақтандырып отыр деген сөз. Осыдан екі жыл бұрын жергілікті билік өкілдері «нан бағасын наубайхана иелері жергілікті билікпен ақылдаспай көтерді» деп уәж айтқан еді. Ал 600 грамм наннан 100 грамды нан өндірушілер кіммен ақылдасып алып тастады екен? Осыны біз наубайханашылардың өзінен сұрауға тырыстық.
– 500 грамм салмақтағы нанның бағасы былтыр 95 теңге болуы керек еді, біз қайта билік өкілдері «шыда-шыда деген соң, осы уақытқа дейін шыдамдылық танытып келдік. Мәселен, бір бөлке нанға 50 теңгенің ұны жұмсалса, оған кететін газ, электр энергиясы, ашытқы секілді бас-аяғы 29 теңгенің шығынын қоссаңыз нанның цехтан шыққан бағасы 79 теңгеден айналады. Оған 12 теңге жеткізіп беру қызметі қосылғанда, бір бөлке нан 91 теңгеге бағаланады. Арғы жағында дүкен иесі әр нанға 3 теңге қосқанда, бір бөлке нан 94 теңге болады. Ал енді осының ішіне жұмысшылардың жалақысын қоссаңыз нан пісіріп сатудан өзіңізден-өзіңіз түңілесіз. Біздің қандай қиындықты бастан өткеріп отырғанымызды прокуратура да, басқасы да бес саусақтай біледі. Олар бізге бағаны негізсіз көтердің деп шара қолдануына негіз жоқ. Тек, нан бағасын қымбаттатпауды өтінумен келеді.
Қазір біз тұрақтандыру қоры арқылы бірінші сұрыпты ұнды 117 теңгеден сатып алып отырмыз. Оған жеткізілу құны ретінде 2 теңге қосылғанда бір келі ұн 119 теңгеден айналуда. Бір келі ұннан салмағы 500 грамм 2 жарым бөлке нан шығады. Сонда нанның өзіндік құнына қанша теңге болғанын бажайлауға болады. Базбіреулер «дамыған елдерде жеке кәсіпкерлер газ, су, электр энергиясын тұтынғаны үшін оның ақысына тиын төлейді. Соның арқасында олар өндірген өнім құны қымбат болмайды» деп ойлайды. Бұл қате ұғым. Бар мәселе шикізатта. Біз жақын арада облыс әкімімен кездеспекшіміз. Себебі біз осы күнге дейін шыдап келдік. Бір амалын таппаса нанның бағасын 5 теңгеге көтереміз. Егер осы 500 грамм салмақтағы нанның бағасын 90 теңгеден асырмай ұстап тұру үшін не қажет десеңіз, онда бізге бір келі ұн 108 теңгеден босатылуы керек. Бірақ бұл бюджет үшін тиімсіз. Сондықтан билік нанның бағасын еркіне жіберуі керек. Тараз қаласында 450 мың тұрғын бар десек, соның 36 мыңы жағдайы жоқтар. Билік осы жағдайы жоқ адамдарға күніне бір бөлке нанды 79 теңгеге сатып алуға жағдай жасаса, сол әділетті болады. Біз мұны да есептеп көргенбіз. Нанның бағасын ұстап тұру үшін миллиондаған қаржыны мемлекет арзандатылған ұнға жұмсап отыр. Ал сондай ұн есебінен пісірілген нанды елдің жағдайы бары да, жоғы да сатып алып жатыр.
Осы күні дүкен иелері де қулыққа басқан. Нан зауыты өндірген бөлке нанды аздау алып, есесіне таба нан, батон, лепешка, тандыр нанды сауда қатарында самсытып қояды. Өйткені олар бір бөлке наннан 2 теңге көреді. Ал таба наннан құрығанда 15-20 теңге пайда табады. Егер билік ұнды 117 теңгеден беріп жатырмыз деп, нанның бағасын өсірмеуге бекініп, наубайханалар бір күн жұмысын тоқтатса, халық нан іздеп көшеге шығып кетеді. Бір таба нанның бағасы мұндай жағдайда адам сенгісіз сомада шарықтауы мүмкін және тандыр пешке нан пісіріп нәпақа тауып жүргендер халықтың бір пайызында қанағаттандыра алмайды. Ал біз осыны болдырмау, халық арасында дүрбелең тудырмау үшін билікке бар жағдайды түсіндірумен келеміз. Бір жылда инфляция 8 теңгені құрады. Ал біз жұмысшылар жалақысыз қалмас үшін нанның бағасын 5 теңгеге көтере алмай отырмыз, – деді «Бидай Нан» жеке кәсіпкерлік иесі Болат Ниязов.
Бар мәселе шикізатта болса, облыста шаруалар өндірген бидайды неге арзан бағада ұн тартатын диірмендерге таратып бермеске?» Осыны біз облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Мұқашевтан сұрағанымызда ол өңірдегі бидай атаулы тек мал азығы үшін жарамды екенін айтты. Бұл да бір өз алдына қозғайтын мәселе екен.
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушы, PhD докторы Лилия Алашбаева мемлекеттік стандарт бойынша бір бөлке нанның салмағы 500-800 грамм аралығында болуы қажеттігін айтады. «Бидай Нан» наубайханасының өкілдері КСРО дәуірінде әлеуметтік нанның салмағы 750 грамм болғанын тілге тиек етті. Демек осы уақытқа дейін нан бағасын шарықтатпас үшін бөлке нанның салмағы бара-бара азайып, 500 грамға жетіп отыр. Мына түрімізбен алдағы уақытта «жан қалтаға салып жүргенге ыңғайлы екен» деп, әлеуметтік нанның салмағын 300-400 грамға түсірмесек болғаны. Базбіреулер салмақта тұрған не бар деуі мүмкін. Басқа-басқа саудагер тұтынушыны таразыдан қыспауы керек.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Келесі мақала