Жұмыс көп, маман тапшы
Мемлекеттің басты бас ауруы ол жұмыссыздықты жою. Қазір біздің елде ғана емес, әлемде осы жұмыссыздықты жою жолында күрес жүріп жатыр. Адам саны жылдан-жылға артқан сайын әрине, бұл тізімнің төмендемейтіні де белгілі. Алайда оның салдарымен күресіп, азаматтардың нұрлы болашағы үшін Үкіметіміз барын салып жатыр. Тіпті арнайы жұмыссыздар мен жұмыс берушілер бос орнын тіркейтін сервистік орындар да ашылған. Ай сайын бос жұмыс орындары туралы жәрмеңкелер де өтіп тұрады. Мысалы, Тараз қаласында осы жылға арналған «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бойынша 11029 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Ал жыл басынан бері 3755 адам жұмыс іздеуші ретінде тіркелген.– Жыл басынан бері Тараз қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-ға 1397 жас жұмыссыз ретінде тіркелген болатын. Оның ішінде NEET санатына жататын 801 азамат бойынша «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту мақсатында 343 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал белсенді шараларға 252 адамды тарттық. Оның ішінде Жастар практикасына 105 азамат, Әлеуметтік жұмыс орындарына 2 азамат, алғашқы жұмыс орындарына 4, мемлекеттік қайтарымсыз грант 29, қоғамдық жұмыс орындарына 141 азаматты орналастырдық. Ал NEET санатына жататын 177 азаматты қазіргі таңда орталыққа шақырып тұрақты жұмыстар ұсынылып жатыр. Сонымен қатар біз арнайы мемлекеттен квота бөлінген санаттарды да санадан тыс қалдырмадық. Мысалы, мүгедектерді жұмыспен қамту бойынша 12 адамды, жетімдерді жұмыспен қамту бойынша 1 азаматты, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметі есебінде тұрған адамдарды жұмыспен қамту бойынша жалпы 63 адамды жұмысқа орналастырдық. Мұнда тағы бір айта кететін жайт, жастар практикасы бойынша тек қана 18 жас пен 29 жас аралығындағы дипломы 3 жылдан аспаған, бұрын еш жерде жұмыс істемеген жастарды ғана жұмыспен қамтуды қарастырамыз. Бүгінгі таңда бұл жағында бос жұмыс орындары бар, алайда мамандар тапшы болып жатыр. Мысалы, 33 заңгер маманының иесі, 13 бастауыш сынып мұғалімі, 14 тігінші жас керек болса, 26 бағдарламашы жастарды іздейтін орын бос тұр. Сондай-ақ биылдан бастап жаңа жобалар қосылып жатыр. Мысалы, «Күміс жас жобасы» деген қосылды. Оған зейнеткерлік жас алдындағы адамдар тіркеле алады, – дейді Тараз қалалық «Халықты жұмыспен қамту орталығы» бойынша ақпараттық бөлім басшысы Жанерке Досжанова. Халықты жұмысқа орналастырудың тағы бір тиімді әдісі ол бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі. Мысалы, биылғы өткен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне 500-ден астам қатысып 291 адамға жұмысқа орналасуға жолдама алған. Бұл ай сайын жоғары оқу орындарын бітірген азаматтармен және жұмыс берушілермен жұмыс іздеушілердің басын қосып тұрады. Мысалы, мамыр айының соңында өткен жәрмеңкеде 55 жұмыс беруші 272 бос жұмыс орындарын ұсынылған. – Қазіргі таңда жұмыссыз ретінде тіркелудің еш қиындығы жоқ. Өйткені бәрі электронды түрде жүргізіледі. Егер дипломы жоқ болып жатса, оларды өздерінің ыңғайына қарай арнайы бөлімнен оқытамыз. Ал мамандығы болмаса онда мамандықты қажет етпейтін жұмыс орындарына жібереміз. Жалпы, біздің тараптан жұмыссыз болып тіркелген адамдар үшін қолымыздан келген көмектің бәрі жасалады, – дейді Тараз қалалық жұмысқа орналасуға жәрдемдесу бөлімінің басшысы Нұрбек Байдәулетов. Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналасқан адамдар көбінде жалақының аздығына байланысты жұмыстан бас тартады екен. Ал жұмыс берушіге айлықты көтер деп бұл орталық талап қоя алмаймыз дейді. Бірақ мемлекет тарапынан субсидиялауға бөлінетін қаржы қомақты. Мысалы, биыл жастар тәжірибесі бойынша 325 адамды жұмыспен қамтуға республикалық бюджеттен 91,9 миллион теңге және жергілікті бюджеттен 137,8 миллион теңге бөлінді. Қаржыландыру кестесіне сәйкес есептік кезеңде 91 мекеменің тізбесі бекітіліп, 1 маусымға дейін 139 түлек жалақыны толығымен субсидиялау шарты бойынша 30 АEK яғни 91890 теңге көлемінде жастар тәжірибесіне жолданды. Қазірге дейін игерілген қаражат 25,1 миллион теңгені құрап отыр. Ал алғашқы жұмыс орындарына 30 жұмыссызды жолдауға жергілікті бюджеттен 22 миллион теңге бөлінген. Әлеуметтік жұмыс орындарына 25 жұмыссызды жолдауға республикалық бюджеттен 7,7 миллион теңге, ақылы қоғамдық жұмысқа республикалық бюджеттен 137,8 миллион, жергілікті бюджеттен 478,1 миллион теңге бөлінген. – Менің жасым 50-ден асты. Жұмыспен қамту орталығы арқылы күзетшілік жұмысына орналастым. Айлығым 65 мың теңге. Осыған да қанағат қылып отырмын. Әрине, бұл айлықпен күн көру қиын. Алайда адамға төзім керек. Біз ғой жасымыз бел ортаға келген адам болғандықтан жүре береміз. Алайда жастар үшін мұндай жалақы аздау болады. Өйткені олардың жүріс-тұрысы, телефоны бәрі де ақшаға келіп тіреледі. Ал енді 90 мың теңгеден жоғары айлықты да жаратпай жұмыстан шығып кететін жастардың тірлігі ол – масылдық. Сондықтан жастарға не айтамыз? Олар құлшыну керек, қиыншылыққа төзу керек, – дейді Болат Аюшаев. Демек істеймін деген адамға жұмыс көп. Мәселе соған деген ынта болса, адамдар өз бойындағы жалқаулыққа жалақы аз деген сөзді қалқан көрмесе екі қолға бір күрек қайдан болса да табылады. Алайда маман тапшылығына да көп назар аударылғаны жөн шығар. Сонымен қатар көп жастардың жұмыстың жалақысын аз көруіне қазіргі кездегі жалдамалы үй құнының өте жоғары болуымен қатар ішіп-жемнің қымбаттығы болып отыр. Сондықтан да жастарға түрлі бағдарламалар арқылы көмек қолын созу керек. Қазір жеңілдетілген несие беретін түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатқанмен, 18-29 жас аралығындағы әлі отбасын құрмаған қолы қысқа жандардың қолы көп нәрсеге жетпей келеді. Сол себепті де жастарымыз көбінде шетел асып кеткісі келеді немесе жалақысы аз жұмысты істегісі келмейді. Сондықтан мемлекет тарапынан жұмыс берушілерге де жалақының тұрақты бір деңгейін бекітіп беру керек шығар мүмкін.
Шапағат ӘБДІР
Келесі мақала