«Әулиеата жастары» – байыпты бағдарлама
Жұртшылықтың, оның ішінде жастардың баспаналы болуына арналған ипотекалық бағдарламалар жоқ емес. Алайда «Әулиеата жастары» атты өңір жастарына арналған ипотекалық бағдарламаның орны бөлек. Бұл бағдарламаның шарттарына тоқталсақ, қарыздың ең жоғары сомасы 15 миллион теңгеге дейін. Бастапқы жарна қарыз сомасының 5 пайызынан кем емес. Сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5 пайыз, ал қарыз мерзімі 19 жылға дейін. Сатып алынатын баспана – өңірде бастапқы, қайталама нарықтарда пайдалануға берілген тұрғын үй және жаңадан салынып жатқан үй немесе «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» акционерлік қоғамының кепілдігі бар болған жағдайда үлестік қатысуға болатын тұрғын үйлер.
Осы жылдың наурыз айынан бастап еліміздегі жастар санатының жас шегі 35 жасқа дейін ұзарды. Бұрын жастар санатына тек 29 жасқа дейінгілер ғана жататын. Еліміздегі «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізудің нәтижесінде Қазақстандағы жас буынның саны 3,5 миллионнан 6 миллионға жетсе, өз облысымызда жастар саны 93 мыңға артқан. Бүгінде облыс жастарының саны 327 мыңнан асады. Бұл өңір халқының 26,8 пайызын құрайды. Олардың 41,9 пайызы қалалық болса, 58,1 пайызы ауылдық елді мекендерде тұрады.
– Бағдарламаға баспанаға мұқтаж 35 жасқа дейінгі медицина, мәдениет, спорт қызметкері, журналист және жоғары оқу орны оқытушысы мен ғылыми қызметкер қатыса алады. Үміткерлердің өз өңіріміздегі ресми жұмыс өтілі өтініш берген кезде 12 айдан кем болмауы тиіс. Сондай-ақ бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлкі болмауы керек. «Әулиеата жастары» бағдарламасына қатысу туралы өтінімдер 20 шілдеден 30 шілдеге дейін «www.e-jambyl.kz» порталы арқылы қабылданды, – дейді «Отбасы банк» акционерлік қоғамы облыстық филиалының кеңесшісі Ақбота Бүркітбаева.
Өткен жылы қолға алынған «Әулиеата жастары» бағдарламасы аясында жеңілдікпен несие алып, баспанамен қамтылған жастардың саны арта түскен. Олардың қатарында облыс орталығы Тараз қаласының тұрғындарынан бөлек, барлық ауданның азаматтары да бар.
– Өткен жылы бағдарламаға жергілікті бюджет қаражаты есебінен 500 миллион теңге қаражат қарастырылды. Бағдарлама аясында тұрғын үй алуға барлығы 737 өтінім түсіп, 89 қатысушыға «Отбасы банк» АҚ-ға жолдама берілген. «Отбасы банк» АҚ облыстық филиалы тарапынан 40 қатысушының өтінімі мақұлданып, аталған азаматтар бағдарламаның шарапатын көрді. Жаңа пәтерге қоныстанған жастардың 35-і тараздық болса, қалған бесеуі – аудандарда тұратын азаматтар. Жалпы алғанда, білім беру саласының 12, денсаулық сақтау саласының 21, спорт саласының 2, мәдениет саласының 2, журналистика саласының 3 маманы тұрғын үймен қамтылды. Аталған бағдарлама аясында атқарылатын жұмыс аз емес. Баспанамен қамтылатын жастардың санын арттыру мақсатында жалпы сомасы 2 миллиард теңге қаражат бөлінді. Оның 1 миллиард теңгесі жергілікті бюджеттен, қалған 1 миллиард теңгесі «Отбасы банк» АҚ тарапынан қарастырылды, – дейді облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар.
Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл бағдарлама талаптарында ерекшеліктер бар. Оның ішінде бірқатар сала қызметкерлеріне осы бағдарламаға қатысу құқығы беріліп отыр. Мәселен, биыл жекеменшік балабақшалардың тәрбиешілері, жоғары оқу орнының ғылыми қызметкерлері, діни зерттеу орталығының қызметкерлері, коммуналдық мемлекеттік мекемелердің, денсаулық сақтау саласының бейінді қызметкерлері, мәдениет саласы бойынша – коммуналдық мемлекеттік мекемелердің негізгі сала қызметкерлері, ал спорт саласынан коммуналдық мемлекеттік мекемелердің жаттықтырушылары қатарға ілігіпті.
Биыл облыс әкімдігі мен «Отбасы банк» акционерліқ қоғамы облыстық филиалы арасында 2023-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасын іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы келісімшарт жасалған. Бағдарламаға 2 миллиард теңге қаражат бөлінген. Оның 1 миллиард теңгесі жергілікті бюджеттен, қалғаны «Отбасы банк» АҚ-дан қарастырылып отыр. Жобамен осы жылы 140 жасты баспанамен қамту жоспарланған.
Дайындаған Эльмира Байназарова
Келесі мақала