Тұрмыстық химиядан улану фактілері жиілеуде
Жыл сайын тұрмыстық химияның, күшті әсер ететін дәрілердің, экзотикалық өсімдіктердің саны артып келеді. Сонымен қатар химиялық заттардан балалардың улану жағдайлары да жиілеп кеткен.
Мәліметтерге сүйенсек, 2022 жылы облыстық көпбейінді балалар ауруханасына дәрі-дәрмектен уланған 242 бала түссе, оның 37-сі ауруханаға жатқызылған. Сондай-ақ 13-і күйікпен жеткізілген. Өңештің сірке қышқылынан күйіп қалу салдарынан екі бала аурухана төсегіне таңылды. Тұрмыстық химиялық заттармен улану бойынша 188 бала түсіп, оның 37-сі ауруханаға жатқызылған. Мұндай жағдайлар биыл да қайталануда.
Мамандардың айтуынша, ата-аналардың абайсыздығынан жас балаларда улану жағдайлары көп тіркелуде.
Сондықтан дәрі-дәрмектер мен химиялық заттарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керегін ескертеміз.
Бала жүре бастағанда дәрі-дәрмектерді нәрестенің қолы жете алмайтын жерде сақтаңыз. Есіңізде болсын, үш жасқа толмаған нәрестелер барлық нәрсенің дәмін татуға бейім болады.
Егер мұндай жағдай орын алса, жедел жәрдем қызметіне дереу хабарласу керек.
Балалардағы уланудың алдын алу бойынша ұсыныстар: дәрі-дәрмектерді, косметиканы, тұрмыстық химияны қараусыз қалдырмаңыз. Оларды мүмкіндігінше балалардың қолы жетпейтін жерде сақтап, сақтау шкафтарына құлып орнатыңыз. Мерзімі өткен дәрілерді сақтамаңыз.
Балаларға улы саңырауқұлақтар мен өсімдіктердің бар екендігі туралы айтыңыз. Өз бетінше кез келген өсімдіктер мен саңырауқұлақтарды жеуге және оларға қол тигізуге болмайтынын үйретіңіз.
Бау-бақшаны пестицидтермен, акарицидтік (кенеге қарсы) агенттермен өңдегеннен кейін балалардың ағаштардың, бұталардың жидектері мен жемістерін кездейсоқ жеп алмауын қадағалаңыз.
Тұрмыстық химия, парфюмерия, дәрі-дәрмектерді тек мақсатына сай пайдалану керектігін айтыңыз.
Балаға дәрі берер алдында тәтті кәмпит деп айтпаңыз.
Балалардың қатысуымен дәрі қабылдаудан аулақ болыңыз.
Балаңызға дәрі-дәрмекті тек дәрігер тағайындаған концентрация мен дозада беріңіз. Препараттың дозасын, қолдану жиілігін, концентрациясын, ересектерге арналған концентрацияны және препараттың дозасын қолдану ауыр улануға әкелуі мүмкін.
Бала үшін дәрігердің рецептінсіз қабылданған кез келген дәрі-дәрмек, оның ішінде мұрынға, көзге немесе құлаққа арналған тамшылар, витаминдер, шөптік препараттар, диеталық қоспалар, жануарларға арналған дәрілер қауіпті.
Дәрілік заттың немесе тұрмыстық химияның қаптамасы бұзылған жағдайда оның ішіндегісін таңбаланбаған қаптарға құюға, алкогольсіз сусындардан жасалған ыдыстарға құюға болмайды, бұл балалар үшін ғана емес, ересектер үшін де қауіпті.
Балаларыңыздың денсаулығы сіздің қолыңызда!
Облыс әкімдігі
денсаулық сақтау
басқармасының
баспасөз қызметі
Келесі мақала