Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Жасыл ипотека» жайлы не білеміз?

«Жасыл ипотека» жайлы не білеміз?
ашық дереккөз
«Жасыл ипотека» жайлы не білеміз?
Бүгінгідей нарық заманында ипотекалық бағдарламаның түр-түрі бар. Тек үй сатып аларда олардың бағасын, лайықтысын, нені көздейтінін білуіміз қажет. Биылғы жылдан бастап «Отбасы банк» қазақстандықтарға «жасыл стандарттар» бойынша салынған, энергия үнемдейтін тұрғын үй кешендерінен пәтер сатып алуға несие бере бастады. Бағдарламаның негізгі шарттары мен талаптары қандай екені жұртты қызықтыратыны анық. Сондықтан біз осы ипотекалық бағдарламаның артықшылығын зерттеп көрген едік. Жасыл ипотека – бұл «жасыл стандартқа» сәйкес келетін нысаннан тұрғын үй сатып алуға берілетін банк заемы. Яғни нысанның ұлттық «ӨМІР», ресейлік «Р МЕМСТ», халықаралық «BREAM» немесе «LEED» стандарттарына сәйкестік сертификаты болуы керек. Ипотека талаптарын сөз етсек, аталған стандарттарға сай сәйкестік сертификаттармен қатар, заем мерзімі – 6 айдан 25 жылға дейін. Бастапқы жарна – шарттық соманың 20 пайызы мен 50 пайыз аралығында. Бағ­дарламаға қатысушы қарыз сома­сының 50 пайызын жинақта­ған­нан кейін заем мөлшерлемесі төмен­­дей­ді. Мысалы, жылдық 3,5 пайыз­дан 5 пайыз мөлшерінде. Заем бойынша сый­­ақы мөлшерлемесі – жылдық 12,5 пайыз. Банк қарызының ең жоғарғы сомасы – 35 миллион теңге көлемінде. Несие тек жаңа баспана сатып алу үшін ғана беріледі. «Жасыл ипотека» бойынша бас­тапқы жарна 20 пайызды құрайды. Мұндай несие бойынша пайыздық мөлшерлеме 12,5 пайызға тең болады. Алайда 10 жылдан кейін ол төмендей бастайды. Осы кезең аралығында қарыз алушының ай сайынғы төлемдері екі бөліктен тұратын болады. Төлемдер­дің бі­рінші бөлігі – несиені өтеуге, ал екіншісі – депозитті толықтыруға аудары­лып отырады. Депозитке жинақталып жат­қан алғашқы жарна 20 пайыздан 50 пайызға жеткенде «Отбасы банкінің» клиенті тұрғын үй заемына ауысады. Бұл салымда жинақталған қаражат ипотеканы өтеуге жұмсалып, несие бойынша пайыздық мөлшерлеме бағалау көрсеткішіне байланысты 3,5 пайыздан 5 пайыз аралығында төмендейді. – «Отбасы банк» клиенттеріне алғашқылардың бірі болып «Best building» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Grand Victoria» тұрғын үй кешенін ұсынып отыр. «Жасыл ипотека» сәйкестік стандарттарына сай салынған жаңа үйлерден банк клиенттері таңдауындағы пәтерлерді сатып ала алады. Бұл нысанға «ӨМІР» – ғимараттарды экологиялық бағалаудың қазақстандық жүйесінің сертификаты берілген. «Жасыл ипотека» – бұл азаматтардың денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған, жылжымайтын мүлікті сатып алуға арналған заем. Яғни құрылыс барысында құрылыс салушы қауіпсіз және экологиялық таза материалдарды пайдаланады, айналасындағы аумақты ландшафтар мен жасыл желектермен безендіреді. Сонымен қатар қалдықтарды жою жүйесін ұйымдастырады, суды үнемдейтін технологияларды пайдаланады және энергияны үнемдейтін шешімдерді қолданады, – дейді «Отбасы банк» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова. Бұл ипотекаға баспана алу үшін не істеу қажет? Ең біріншіден, «Отбасы банк» акционерлік қоғамының облыстағы филиалының кеңсесіне барып немесе мекеменің қашықтан жұмыс істеу бөліміне бейнеқоңырау шалып, табысыңызды есептетесіз. Табысыңыз жетсе, несие алуға өтініш бересіз. Өтініш мақұлданса, банк бөлімшесіне келіп, шарт жасасып, ақшаны құрылыс компаниясына аударасыз. Табысыңыз жетпеген жағдайда екі бірдей қарыз алушыны тарта аласыз. Осы жерде көпшіліктің тарапынан «Жасыл ипотекаға үйі барлар да қатыса ала ма?» деген сұрақ туындайды. Атыңызда үй болса да «Жасыл ипотекаға» қатыса аласыз. Жаңа бағдарлама үміткерлердің үйінің бар-жоғына қарамайды. Сондай-ақ жасқа да қатысты шектеу жоқ. «Жасыл ипотекаға» Қазақстанның табысы жеткілікті кез келген азаматы қатыса алады. «Жасыл ипотека» мемлекеттік бағдарлама болмағандықтан несие алушының тұрғылықты тіркеу деректері де талап етілмейді. Бағдарлама аясында несие беру қадамы қарапайым. Алдымен қарыз алушы алғашқы төлемді құяды және тұрғын үйді таңдайды. Одан кейін қарыз алушы екінші деңгейлі банкке барып, мақұлдау алуы қажет. Үшіншіден, банк қарыз алушыны тексеріп, бәрі дұрыс болған жағдайда заем келісімшартын жасасады. Сөйтіп, қарыз алушы тұрғын үйді сатып алады. Сондай-ақ бұдан былай бір адам «7-20-25» арқылы бір реттен артық ипотекалық несие рәсімдей алмайды. Бағдарлама арқасында банктердің ипотекалық портфелі 1,6 триллион теңгеге дейін артып, 2030 жылға дейін 100 мың отбасы баспаналы болады деп жоспарланып отыр.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар