Балабақша – бақыт мекені
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел дамуының ең басты бағыттарын айқындап берген болатын. Аталған Жолдаудың жетінші бағытында: «Жаңа экономикалық саясатты дамыту үшін Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің (МЖӘ) жаңа моделіне көшіп, осы тетіктің тиімділігін арттыру үшін тиісті заң қабылдау қажет» деп атап көрсетілген еді.
Өткен жылы «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» Ұлттық экономика министрлігі және сарапшылар қауымдастығымен бірлесе отырып, «2022-2031 жылдарға арналған мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту стратегиясын» әзірледі. Стратегияның басты миссиясы – мемлекет пен бизнес мүдделерінің теңгерімін ескере отырып, мемлекеттік инвестициялық саясатты жүргізуге жәрдемдесу арқылы МЖӘ-нің орнықты озық практикаларын әдіснамалық қолдау және тираждау жолымен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ету.
Жалпы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі қоғамда жоқ-жітіктің түгенделіп, кем-кетіктің бүтінделуіне, сонымен қоса кәсіпкерлік секторлардың дамуына айтарлықтай септігін тигізіп отыр. Себебі маңызды жобаларға инвестиция тартуда, бюджет шығынын азайтуда осы бағыт үлкен рөл атқаруда. Мәселен, еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары ауыл-ауылдағы балабақша, дүкен, монша іспетті әлеуметтік нысандар жеке қолға өтіп, иелері құрылыс материалын сату мақсатында нысанды бұзып, орны топырақ үйіндісіне айналғаны әлі есте. Кейін ел етек-жеңін жинап, еңсе тіктегеннен кейін қалада да, далада да балабақшаға деген халық тарапынан қажеттілік қайта туындады. Қолда бар бұрынғы балабақша нысандары мемлекет меншігіне қайтарылса, кейбір жерде өзге ғимараттар балабақшаға айналдырылды немесе басқасы жаңадан салынды. Халықтың табиғи өсімі балабақшаға деген сұранысты жоғарылатқандықтан осы мәселені шешуде мемлекет кәсіпкерлік секторлармен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін қолданды. Өз кезегінде кәсіпкерлер екі қабатты еңселі үйлерін балабақшаға айналдырды. Бұл бүлдіршіндердің мектепке дейінгі біліммен қамтылуына оң әсер етті.
Бүгінде облыс бойынша жекеменшік 280 балабақша, ал Тараз қаласында 86 балабақша бар екен. 2022 жылдан мемлекеттік балабақшаға бүлдіршіндерді 3 жастан емес, 2 жастан бастап ала бастады. Ал жекеменшік балабақшалар сәбилерді 1 жастан бастап қабылдады. Балабақша жайлы айтқанда мектепке дейінгі баланың баратын басты ордасы туралы ойлайтынымыз белгілі. Түсінігімізше, балабақша – әр ата-ананың еркесінің, алақанға салып аялап отырған тентегінің үйден тыс тәлім алатын, үйренетін жері. Түптеп келгенде, барлық тәрбие мен білімнің ең алғашқы баспалдағы. Балабақша – баланың өмірге аттаған алғашқы қадамы. Сондықтан мемлекет бүлдіршіндерді кәсіпкерлік секторлар арқылы заманауи үлгідегі балабақшалармен қамтуға аса ден қойып отыр.
«Сен не деген бақытты едің, келер ұрпақ
«Қараймын келбетіңе мен таңырқап», деп ақын Қасым Аманжолов айтқандай, бүгінгі буын ерекше. Олар дарынды әрі қабілетті. Айтқанды тез ұғып, санасына сіңіріп алады. Қағылез ұрпақтың көңілінен шығу үшін бүгінгі балабақшалар бар жағдайды жасауда. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деуге болады. Бұл бағдарлама аясында кәсіпкер тұрақты, ұзақ мерзімді табыс алады және халықты балабақша, мектеп, тағы да басқа қажеттіліктермен қамтамасыз ету туралы мәселені шешеді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бұл тәрбие саласындағы тиімді жобаға айналды. Мектепке дейінгі ұйымдардың үлгілік қағидатына сәйкес балаларды тәрбиелеу, оқыту, дамуындағы ауытқуды түзету, әлеуметтік бейімдеу, дамыту, медициналық бақылау, сауықтыру және басқа да қызмет түрлерінің шығыстарын мемлекет қаржыландырады. Ал ата-аналардың ай сайынғы төлемақысы балалардың ас-ауқатына жұмсалады.
Балабақша да бизнес көзі. Мұнда жеке кәсіпкерге қойылатын талап – мектепке дейінгі ұйымда бала үшін қолайлы, қауіпсіз жағдай жасау. Балабақша ашу үшін бірінші кезекте жеке немесе жалға алынған ғимараттың санитарлық-эпидемиологиялық тазалығы, өрт қауіпсіздігі, ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алуы үшін жағдай жасау, балабақшаны жиһаз, жабдықтармен жарақтандыру, медициналық қызметке лицензияның болуы, тиісті бейіні бойынша педагогикалық немесе өзге де кәсіптік білімі бар педагогтармен қамтамасыз ету жайы стандартқа сай болуы тиіс. Сонымен қатар балабақшада бейнебақылау камерасы, дабыл түймесінің болуы сынды тағы бірнеше талап бар.
Тараздағы «Алтын сақа» балабақшасы 2016 жылдан бері жұмыс істеп жатыр. Өткен жылдан бері балабақшаны басқаруды Нүркен Өмен қолға алған. Осы жылдан бастап онда жаңа өзгерістер көп. Балабақшаға отбасында еркелеп, өз дегенін, қалауын орындатып қоятын бір-бір үйдің еркелері келеді. Бірі – үйдің кенжесі, бірі – тұла бойы тұңғышы. Бірақ бұл ортада балаларға бірдей тәрбие беріп, бірыңғай тәртіпке баулиды. Күн тәртібі реттелген. Ас-ауқаты құнарлы. Балабақшадағы оқу қызметтері бес сала бойынша іске асып, барлығы ойын түрінде балалар бойына сіңіріледі, бүлдіршіндерді осылай білім нәрімен сусындатады. Тілін дамытып, ортаға бейімдеп, қарым-қатынасқа икемдейді. Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру арқылы оң мен солын, ұзын-қысқа, үлкен-кішісін ажыратуға, жапсыру, мүсіндеу, сурет салу арқылы шығармашылығы дамып, түрлі ойындар арқылы әлеуметтік ортаға бейімдейді, қоршаған ортада табиғат құбылыстарымен жақынырақ танысады. Өздері түрлі рөлдерді сомдай отырып, салмақтауды үйренеді. Сонымен бірге шынығып, салауатты өмір салтын ұстап өсуі жолында да берілетін осы балабақша жұмысының еңбегі ұшан-теңіз. Білікті тәрбиешілер Қымбат Беккулиева, Бәтес Усманова, Ділбар Мухатова, Сонүнбі Жұмашева, әдіскер Гүлбаршын Бекбаевалар бірлесіп балалардың көңілін табуда.
– Тәрбиеші балаларға білім беру үшін ойын арқылы ойлау дағдыларын, таным белсенділігін арттырып, көздеген мақсатқа жеткізуші. Сондықтан қиыны мен жеңілі, қызығы мен қуанышы мол болған еңбек жолындағы педагогикалық ұстанымым – үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну және әр баланың бойынан жақсылық тауып, бұлақтың көзін ашу арқылы биік мақсаттарға жетелеу. Бақшаны бала бағбандарының мекені деп тани отырып, балабақшаны болашақтың қақпасы деп білуіміз керек. Болашақтың қақпасы әрбір бақша табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің қадамдарында ертеңге деген нық сенім, жүректерінде патриоттық сезімдері жалындаған ұлт ұрпағын тәрбиелейтін білім мен тәрбие беретін алтын қақпа болуы тиіс,– дейді тәжіррибесі мол тәрбиеші Қымбат Беккулиева.
Сонымен қатар мұнда қағаз бүктеу, өлең айту арқылы оқыту, оқу арқылы жазуға үйрету сынды жаңа технологиялар қолдалынады.
Шаһарымыздағы ең жақсы балабақшаның бірі – «Аю» бөбекжай-бақшасы. Мұнда балаларға арналған ойын-сауық орталығы бар. Басшысы Бағдат Майлыбаеваның айтуынша, 40 миллион теңгеге сатып алынған әткеншек, аттракцион, батут, түрлі ойын-сауық орталығына қажетті бұйымдар бүгінде кішкентайларды зор қуанышқа бөлеуде. Бұрын бақшаға бармаймын дейтін балалар қуана-қуана келіп жүр екен. Балалар мұнда 5 мәрте тамақтанады. Мемлекеттік стандартқа сай жұмыс істейді.
– Халқымыздың «Тәрбие –тал бесіктен басталады» деген дана сөзі бар. Тал бесіктен бастау алған тәрбие ғана жемісті болмақ. Демек, баланың тәрбиелі ұрпақ болып жетілуіне бірден-бір ықпал ететін орын – балабақша. Бала тәрбиелеу – біздің өміріміздегі ең маңызды міндет. Біздің қызметіміз де, өміріміз де бала өмірімен өте тығыз байланысты. Қыркүйек айынан бастап балабақша тәрбиешілерінің айлық жалақысы көтерілетін болды. Соған қуанып жатырмыз. Бала деген мөлдір бұлақтың көзін, оның бойындағы талантын ең бірінші ата-ана мен тәрбиеші аша білуі керек. Дарынды баланы сол бағытқа қарай икемдесе, үйретсе, бала жайқалып өседі. Бөтеннің баласы жоқ. Біз барлық баланы жақсы көреміз, – дейді Бағдат Асаубайқызы.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деген тәмсіл бекер айтылмаған. Сондықтан әрбір бүлдіршінге балабақшадан бастап тәлім-тәрбие беріп, ұлтжандылыққа тәрбиелейік. Балабақша – баланың болашағы. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікте мемлекет те, жекеменшік кәсіп иесі де ұтылмайды. Оның екі жаққа да пайдасы жетерлік. Тек бұл арада жобаға салынар қаражат нақты бақылауда болғаны абзал. Мемлекеттік- жекеменшік әріптестіктің міндеттерінде көрсетілгендей, осы жобалар арқылы елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік және жекешелік әріптестіктің өзара тиімді іс-қимылы үшін жағдайлар жасау маңызды. Инфрақұрылымды және халықтың тіршілігін қамтамасыз ету жүйелерін дамыту үшін де мемлекеттік және жекешелік әріптестіктің ресурстарын біріктіру арқылы мемлекет экономикасына инвестициялар тарту, халықтың, сондай-ақ өзге де мүдделі тұлғалардың қажеттіліктерін ескере отырып, тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қолжетімділік деңгейін және сапасын арттыруға болады. Қысқасы, Қазақстан Республикасындағы жалпы инновациялық белсенділікті арттыруға, оның ішінде жоғары технология мен ғылымды қажетсінетін өндірістерді дамытуға жәрдемдесу өзекті бола бермек. Сондықтан да бұл жобаның сауатты жүзеге асуы маңызды.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Келесі мақала