Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қаламы - алтын қазығы

Қаламы -  алтын қазығы
ашық дереккөз
Қаламы - алтын қазығы
Қордайда Құрманбек Әлімжанды танымайтын жан жоқ шығар. Тіпті Жамбыл жұртшылығы да ол кісінің журналистік қырынан хабардар. «Aq jol» газетінің Қордай ауданындағы меншікті тілшісі болып жүріп сол Қордайдағы қордаланған талай мәселені газет бетінде қаузап, елдің ықыласына бөленді. Алғысын арқалады. Бірақ жоғары жақтың да қысымы болмай қойған жоқ. Соған қарамастан журналистік қызметіне адалдық таныта білді. Әлі күнге дейін сол райынан қайтқан емес... Журналистер одағының мүшесі Құрманбек Әлімжанұлын мен бала күнімнен сырттай танимын. Аудан­дық газеттің беттерінен мақалалары үзілмейтін. Өндіртіп жазатын. Қызыға қарайтынмын. Мектеп бітірер жылдары болашақта нақты қай мамандықтың тізгінін ұстаймын деген таңдау туып, бір байламға келер шақта көп ойланбадым. Журналист болуға бірден бекіндім. Ол шешіміме Құрманбек Әлімжанның да сырттай болса да сеп болғаны жасырын емес. Мектеп өмірінен сыр шертетін тырнақалды дүниелерім алғаш аудандық газетте жарық көрді. Ол кезде Құрекең бас редактордың орынбасары. Мен ол кісіні газет беттерінен танысам, ол кісі мені жіберген материалдарымнан біледі екен. ... 2003 жылы университеттің бірінші курсының алғашқы семестрін тәмамдап, Алматыдан ауылға жол тарттым. Бір айлық тәжірибеден өту үшін аудандық «Қордай шамшырағы» газетінің табалдырығын сол жолы алғаш рет аттадым. Бас редактордың кабинетінде басшының міндетін атқарушы болып Құрекең отыр екен. Амандасқаннан соң өзімді таныстырып, келген мақсатымды айта бастап едім, «Әй, Жасұлан деген сен бе едің? Әйтеуір бір келер деп ойлап едім. Кел, төрлет» деп жылы қарсы алды. Сол күні газет шығып жатқан болу керек, алды толған шимайланған беттер. Ол жолы ұзақ әңгімелеспедік. «Міне, мына беттерді бір қарап шық, тақырыптың, суреттердің орналасуына назар сал, қателері болса көрсет» деп бірден жұмысқа салып жіберді. Осылайша бір айлық өндірістік тәжірибеден өту барысында бас редактор мені отқа да салды, суға да салды. Журналистиканы меңгерген бес жылда аудандық газеттің редакциясында бірнеше рет тәжірибеден өттім. Сақа журналистің көңілінен шыққан болармын, «Оқу бітіріп жатсаң бізге кел» деп арқамнан қағып, ақ жол тілеп шығарып салған-ды. Міне, сол студент кезден бері менің тілшілік ғұмырымдағы алғашқы ұстаздарымның бірі бола білген Құрманбек Әлімжанмен әріптестік, ағалы-інілі бауырлық байланысымыз бір үзілген емес. Журналист, редактор, публицист, өлкетанушы деген журналистикадағы қиын шаруаның шашауын шығармай еңсере алған Құрманбек Әлімжан биыл 70 жастың белесіне шығып отыр. Осы жасқа келгенше Құрекең ауданның тыныс-тіршілігін, күрмеуі қиын күрделі мәселелерін, өлкенің арғы-бергі тарихы мен тарихи тұлғаларын, есімі елге елеулі ерлерін жазудай-ақ жазды. Бірнеше кітабы да жарық көрді. Аудан, облыс, республикадан алған марапаттары да бір төбе. Ең бастысы елге сыйлы, ешкімнің ала жібін аттамайтын ақ адал пейілі ақсақалдық жасқа жетелеп келеді... Құрманбек Әлімжан 1953 жылы Қордай ауданының Қаракемер ауылында дүниеге келген. 1960 жылы ауылдық жеті жылдық мектепке барып, 1970 жылы Чапаев атындағы орта мектепті бітіре сала еңбекке ерте араласқан. Алғашқы еңбек жолын кеңшарда құрылысшы болып бастап, кейінірек ағаш ұстасы, қырықтықшы, комбайнердің көмекшісі, мектепте еңбек пәнінің мұғалімі болып түрлі жұмыстарды атқарды. 1971-1972 жылдары Забайкалье әскери округінің Чита қаласындағы 212 ВШП-да курсант болып, Борзя қаласындағы 64552 әскери байланыс бөлімінде борышын өтеп, 1976 жылы аудандық газетке қызметке орналасты. 1983 жылы Киров атындағы ҚазМУ-дың (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) журналистика факультетін сырттай оқып бітіріп, тілшілік ғұмырына жол тартты. 1979 жылдан КСРО Журналистер одағының, 1992 жылдан бері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. 1976-1994 жылдары аудандық «Қордай шамшырағы» газетінде аудармашы, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары болып абыройлы еңбек етті. Ал 1994 жылы аудандық «Қордай жаңалықтары» газеті редакторының орынбасары, 2004 жылғы мамыр айынан 2007 жылғы қазан айына дейін осы аудандық газеттің редакторы болып қызмет етті. Ал 2005 жылғы наурыз айынан Жамбыл облыстық «Aq jol» газетінің Қордай ауданындағы меншікті тілшісі қызметін қоса атқарды. 2011 жылдың қаңтар айынан облыстық «Aq jol» газетінің басшылық құрамына шақырылып, бас редактордың орынбасары, 2013 жылдың шілде айында бас редактордың бірінші орынбасары болып тағайындалды. 2016 жылдың тамыз айында зейнетке шығуына байланысты облыстық газеттің Қордай ауданындағы меншікті тілшісі қызметіне қайта келді. Жоғарыда Құрекеңнің еңбегіне сай марапаттан да кенде емес екенін айтып өттік. «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медальдарымен, ҚР Журналистер одағы басқармасының, Жамбыл облысы әкімінің, Қордай ауданы әкімі мен аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталған. 2021 жылы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін алып, сол жылы «Қордай ауданының құрметті ардагері» атанды. Әр жылдары туған өңірдің тарихы, кешелі-бүгінгі танымал перзенттерінің өмірі мен тағдыр-талайы туралы газеттік очерктер мен эсселерден тұратын «Киелі Қордай», «Кебекбай шешен», «Қаламым – алтын қазығым», «Қазыналы Қордай», «Парасат биігінде» атты кітаптары жарық көрді. Сондай-ақ Құрманбек Әлімжанұлының туған жеріміздің тарихына арналған бірқатар жарияланымдары облыстық энциклопедиялық жинақтарға енгізілген. 2009 жылы Жамбыл облысының 70 жылдығына арналған «Шуақты өлке» альбом кітабына Қордай ауданынан дайындаған материалдары мен фотосуреттері кеңінен пайдаланылса, 2019 жылы облыстың құрылғанына 80 жыл толуына орай жарық көрген «Тараз мұралары» тарихи-танымдық 80 томдық жинақтың 19-томында «Тарихы терең, тұлғалары ерен өркенді өңір» деген тақырыппен Қордай ауданы тарихын баяндайтын очеркі басылған болатын. Қ.Әлімжан бүгінде Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің пленум мүшесі және Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып келеді. Туған өлкесінің терең қатпарлы тарихынан, нар тұлғалы азаматтарының жасампаздық тірлігінен, түрлі тағдырынан сыр шертетін туындылары облыстық, республикалық түрлі басылымдарда жарияланып тұрады. Облыстық және аудандық газеттердің ардагері ретінде де бүгінде ағалық танытып, жас журналистерге ақыл-кеңесін аямай, тәжірибесін бөлісіп, тәлімгерлік етіп келеді. Одан бөлек немерелерінің де ортасында ақылын айтып, қылықтарын қызықтап, рақатына бөленіп жүрген жайы бар. Зайыбы София Халыққызы екеуі төрт ұл тәрбиелеп, бүгінде оншақты немере сүйіп отыр. Әрине, қай салада болмасын өмірден көргені мен түйгені бар алдыңғы буын өкілдерінің бір уақыт жастарға көз қырын салып қойғаны жөн. Кезінде Құрекеңнің өзі де редакцияның есігін алғаш ашқанда үлкендердің үлгі-өнегесін көріп өскені рас. – Мен газетке 1976 жылы наурыз айында келдім. Ол кезде әр ауылдан газетке мақала жазып тұратын «селолық тілшілер» болушы еді. Мен де Қаракемерден шағын хабар-ошар, ара-тұра өлең, әңгіме жазып тұратындықтан аудармашылық жұмысқа шақырды. Сөйтіп, колхозда жыл он екі айда бір саябыр таппайтын сан салалы жұмыстардан босап, қызығы да, қиындығы да мол мүлде басқа өмірге «күмп етіп» қойдым да кеттім. Газетші ағалар да «әй, осыдан түбі бірдеме шығар» деп ойласа керек, маған бос тұрған аудармашы қызметін ұсынды. Бірақ өз жаныңнан шығарма жазу бөлек те, орыс тіліндегі мәтінді қазақшаға аудару мүлде басқа шаруа екен. Таза қазақ ауылында өскен менің орысшам болса да саяз, әр сөздің мағынасын сөздіктен тірнектеп іздеп отыруды уақыт көтермейді. Соны сезген редакция басшылығы маған жарты жалақымен үш айлық сынақ мерзімін белгіледі. Бастапқыда аударып үйренуге шағын хабарларды ғана беріп, көлемді дүниелерді өздеріне алып жатты. Қысқасы, бұл екі-үш айда «Қордай шамшырағының» тәжірибе мектебінен өтіп, газет жұмысында қалдым. Менің аударма ісін меңгеріп шығуыма мәтінді қазақшадан орысшаға аударатын Тәңірберген Майжанов, редактор Анатолий Андреев, редактордың орынбасары Жапар Көпбаев, бөлім меңгерушісі Мақан Боқаев, жауапты хатшы Несіпбек Дәутаев, хат бөлімінің меңгерушісі Сағыныш Медетбекова, тілші Қырықбай Мақаметжанов сынды алдыңғы буын әріптестерімнің үлкен көмегі тиді. Жазу өнерін меңгеруге деген ішкі жан қалауым мен аға журналистердің көмек-қолдауының арқасында редакцияға «тастай батып, судай сіңдім» ақыры, – деп Қ.Әлімжан газет өміріндегі алғашқы кездерін сағынышпен еске алды. Үлкендердің айтуынша, ол заманда екінің бірінің мақаласы газетке шыға бермейтін көрінеді. Жастайынан жазуға ебі бар Қ.Әлімжан мектеп қабырғасында жүріп-ақ аудандық, облыстық, тіпті республикалық газеттерге қаламынан туған дүниелерін жіберіп отырған екен. – Ғасырлық тарихы бар «Жас Алаш» бүгінде қалам ұстап жүрген неше буын журналистер қауымының рухани ұстазы саналады. Еліміздің әр шалғайында жергілікті газеттерде жұмыс істеп жүргендердің де көбі «Лениншіл жасқа» қарап бой түзеді. Оның қаламы ұшқыр тілшілерінің жазғандарынан үлгі алды, соларға еліктеді десем, еш артық айтқаным емес. Мен де жазу өнерімен мектеп қабырғасында жүріп «ауырғандардың» бірімін. Там-тұмдап жазған өлең, әңгімелерім аудандық газетте жарық көрген сайын оларды енді облыстық, республикалық басылымдарға да жолдайтынмын. Әрине, бәрі бірдей жариялана да бермейтін, көбіне «Балдырған» журналының, «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» газеттерінің атауы қызыл бояумен басылған әдемі конвертпен келетін тілдей жауап хаттардың өзіне мәз болатынбыз. Ондағы ескертулер мен ақыл-кеңестерге сүйеніп, қайталап жазудан жалықпайтын едік. Осылай журналистикаға келдім. ҚазМУ-да оқып жүргенде «Көк базардың» сыртындағы тоғыз қабатты баспа үйіне жиі баратынбыз. Ол кезде ауылдас ағайымыз Әшірбек Көпіш «Лениншіл жастың» насихат бөлімінің меңгерушісі болатын. Ара-тұра жазғандарымызды апарамыз. «Лениншіл жаста» мақаласының жариялануы кім үшін де үлкен қуаныш еді. Газеттің 1982 жылғы 16 ақпандағы нөмірі бірінші беттегі менің «Сүмбіледен шыққан соқпақ» деген очеркіммен ашылғаны қанат бітіргендей болды. Ол тебінгіге тер қатырған құс ұйқылы жылқышы Сәрсен Төрегелдиев туралы болатын. Тіпті сол сарғайған газет әлі күнге дейін менде сақтаулы тұр. Сондай-ақ «Жекен жайсаң жігіт», «Қордайдан келген делегат», «Жамырайды қозылар», «Жаңа басталған өмірбаян», т.б. суреттеме, мақалаларым жарияланып жатты. «ЛЖ» тілшілерінің тақырыпты ашудағы тың тәсілдері, баяндау еркіндігі, шұрайлы тілі қызықтыратын, соларша көсіле жазуға тырысатынбыз. Бір сөзбен айтқанда, жастар газеті біз сияқты шалғайдағы тілшілер үшін де шеберлік мектебі болған-ды, – дейді Құрекеңнің өзі. Қ.Әлімжан университет бітірген соң бірден аудандық газетке қызметке тұрады. Айтпақшы, соңғы курста қорғаған дипломдық жұмысы да «Лениншіл жасқа» қатысты болған екен. Таңдаған тақырыбы – «Жас журналист Жарылқап Бейсенбаевтың «Шоқан ізімен» кітабының публицистік сипаттары хақында». – Тағы бір жайт еске түсіп отыр. 1982 жылы күзде біздің аудандық «Қордай шамшырағы» газетінің 50 жылдығы аталып өтетін болды да, мерекелік қосымша шығару жоспарланды. Соның алдында ғана аудандық газеттен облыстық «Еңбек туына» меншікті тілші болып ауысқан марқұм Несіпбек Дәутайұлы ағамыздың ықпалымен мерекелік қосымшаға қажетті фотосуреттер түсіру және достық әзіл суреттер салғызу үшін астанадан мамандар шақыртылды. Көп ұзамай «Лениншіл жастың» фототілшісі Алашыбай Есмағамбетов арнайы келіп, редакция мен баспахана қызметкерлерінің жұмысын бейнелейтін тамаша суреттер топтамасын түсіріп еді. Ал әзіл суреттерді сол фотоларға қарап отырып-ақ Еркін Нұразханов салып жібергені есімде. Ол кезде қылшылдаған жас едік. Арада қырық жылдан астам уақыт өтті. Аудандық «Қордай шамшырағы», одан кейін облыстық «Aq jol» газетінде қызмет атқарып, зейнетке шықтым. Алайда жазуға төселуімде өзіндік әсері болған «Жас Алаштан» қол үзген емеспін, – дейді Қ.Әлімжан. Биыл «Жамбыл облысының үздік журналисі» төсбелгісіне ие болған Құрманбек Әлімжанұлы «Aq jol» газетінде де өзіндік қолтаңбасын қалдырған. Облыстық газетпен орнатқан шығармашылық байланысына да қырық жылдан асыпты. Жетпісінші жылдардың орта шенінде университет бітіріп, газет жұмысына жаңа араласып жүрсе де алақандай аудандық газетті місе тұтпай, тәуір дүниелерін облыстық, республикалық басылымдарда жариялауға құштар болыпты. Ол кісі үшін «Лениншіл жас» пен «Еңбек туы» және облыстық радио осындай «сыныптан тыс» шыңдалу мектебі болды. – Аталған басылымдардағы қаламының желі бар танымал журналистердің жазғандарын жібермей оқыдық. Соларша жазуға ұмтылдық та. Ол кезде аталған газеттердің үздік очерктерге шығармашылық конкурстар жариялайтын жақсы дәстүрі болатын. Бұл ізденімпаз жас журналистерді ынталандырып, қаламын ұштауына зор әсер ететін. 1979-1981 жылдары менің де «Еңбек туының» осындай байқауларына арналып жазылған қарапайым еңбек адамы туралы «Нан иісі», «Оралу», «Мәртебе», т.б. суреттеме, очерктерім жүлдегер атанған еді, – деген Қ.Әлімжан кейін осы облыстық газеттің аудандағы меншікті тілшісі, зейнетке шыққанға дейін бас редактордың орынбасары, бірінші орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Құрманбек Әлімжан туралы үлкенді-кішілі әріптестері де жылы пікірін білдіріп, лайықты бағасын берген. Әсіресе оның нені жазса да өндіртіп, тап-тұйнақтай етеп жазатын өзіндік өрнегіне тәнті. Елімізге белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері марқұм Несіпбек Дәутайұлы кезінде Құрекеңнің 60 жылдық мерейтойына орай әдемі естелігін қалдырып кетіп еді. «Құрманбекті сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бері білемін. Ол кезде газет материалдарының 80 пайызға жуығы орыс тілінде дайындалатын. Екі газет бір мәтінмен шығатындықтан сол сексен пайыз орысша қазақшаға аударылуы тиіс. Сондықтан аудармашы құтая қоймайтын. Тәжірибесі мүлде жоқ, оның үстіне орысшасы нан сұрап жерлік қана деңгейдегі Құрманбек қызметке аудармашы болып қабылданды. Сонда көрген көресісін сөзбен айтып жеткізу оңай емес. Академик Нығмет Сауранбаевтың басшылығымен 1949 жылы жарық көрген талайлар талай жылдар пайдаланып түте-түтесі шыққан «Орысша-қазақша сөздікті» қолынан күні-түні түсірмей, бас алмай аударма жасады. Әуел баста әбден діңкелеген кезде жұмыстан кетпек те болды. Бірақ олай етпеді, шыдады, төзді, көнді. Жазу өнерінде басқа жол жоқ еді. Журналистикаға қанша бейімің болғанымен, оның қаның мен теріңді қатар сығып алатын ұстанымдары бар. Әсіресе аудандық газетте, егер ол аударма басылым болса, ертеңнен кешке дейін ес жиғызбайды. Бірақ бұл – үлкен мектеп. Редакцияда қызметін аудармашыдан бастап, әдеби тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, редакторлығына дейін жүріп өтіп, облыстық «Aq jol» газеті редакторының бірінші орынбасары қызметін атқарған Құрманбек өз туған өлкесі, өскен ортасы жайында үнемі терең таныммен тебіреніп келген. Ол Қордай тарихындағы, Қордай елі туралы бұлай еткен бірден-бір журналист десем, артық айтқаным емес», деген Н.Дәутайұлы Құрманбектей іні-бауырының бәріне өзінің қалам қуатымен жеткенін, оны ешкім де жетелеп, жебемегенін де қаз-қалпында жеткізіпті. Ал Құрекеңді сонау оқушы кезінен білетін, бүгінде аймаққа танымал ардагер журналист Көкен Оршабеков те әріптес досы жайлы тереңінен тебіреніпті. – Журналистика – жүрек қалауымен келетін мамандық. Сол қалау әріптесіміз Құрманбек Әлімжанды да осынау сара жолға түсірді. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ ол аудандық газет беттерінен көрініп жүрді. «Айтқанның аузы жаман» демей ме қазақ? Жазғаны кейбіреулерге жақпаған кезі болса да өз бетінен қайтпады. Өйткені шыншылдық пен адалдықты оның адами һәм кәсіби ары талап етіп тұрды. Журналист Қ.Әлімжанның мақалалары аудандық дәрежедегі үлкен жиындарда талқылауға түсіп, қоғамдық ойтолқулар да аз тудырған жоқ. Жұмысқа деген құштарлығы мен адалдығы оның қызметіндегі жоғарылауына үлкен сеп болды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Құрманбек Әлімжан мақтауды талап етпейтін, қарапайым жан. Алайда жоғарыда айтылғанның барлығы да оның тынымсыз тірлігінің әділ бағасы деп білу қажет, – дейді К.Оршабеков. Қордайда туып, Алматыда танылған дарынды журналистердің бірі, бүгінде қоғамдағы өзекті мәселелерді КТК арнасынан және әлеуметтік желіден жұртқа жария етіп, талай жанның тағдырына араша болып жүрген Гүлмира Әбіқай да бір кездері Құрекеңнен тілшілік тәлім алған екен. – Қордай өңірінде туып-өскен талантты қаламгерлер аз емес. Арасынан Құрманбек Әлімжанды ерекше атап айтқым келеді. Қаламгер жерлесіміз биыл жазиралы 70 жасқа толып отыр екен. Құрманбек ағамыз десе, әрине, еске түсер әсем естелік көп. Қазіргі тілмен айтсақ, шығармашылықтағы менің мативаторым, коучым. Бала жастан ертегі, кітап, журналды көп оқып өстім. Өтеген ауылындағы мектептің 5-сыныбына келгенде өзімді ақын сезініп, ұйқастардың басын құрап шумақтатып «өлең» жаздым. «Құласаң, нардан құла» деп, оларды топтап Алматыға «Ақ желкен» журналына бір-ақ жібердім. Әне-міне өлеңім жарық көреді деген оймен журналдың әр санын асыға күтіп қараймын. Бірақ менің «шедеврім» жоқ. Сөйтіп жүргенде журнал редакциясынан тілдей хат келді: «Әлі де жазып шұғылдана бер, өнерің талмасын». Шамасы осындай. Менің өлеңімді жарияламағаны несі деп одан әрі «керемет» жырларымды тағы да жібердім. Тағы да дәл сол жауап. Алматыдан редакцияның мөрі басылған сол конверт 3 рет келді. Мен де қоймадым. Келесі бір өлеңімді аудандық «Қордай шамшырағы» газетіне жібердім. О,тоба! Көп ұзамай 9 мамырға арналған мерекелік шығарылымда менің өлеңім жарияланыпты. Өз көзіме өзім сенбей сан қайтара оқыдым. Негізі 6 жол өлеңнің екі жолы ғана менікі. Қалғаны бүтіндей өзгеріске ұшыраған. Бастысы соңында «Гүлмира Әбіқай» деп менің аты-жөнім жазылып тұр. Бұл сәтте менен артық бақытты жан болмады. Осылайша қаламыма қанат бітіп, кейінгі өлеңдерімді, одан соң әңгімелерімді аудандық газетке жібере бердім, жібере бердім. Сөйтсем, менің мектеп қабырғасындағы олпы-солпы оқушылық жазбаларымның тігісін жатқызып, газетке лайықтап, оймақтай қылып даярлайтын бүгінгі мерейтой иесі Құрманбек ағамыз екен. Жерлес ағамызбен кейін журналистік өмірде талай түйістік. Дегенмен менің жазу өнеріне бет алуыма бағыт беріп, жол сілтеген алғашқы қолдауы ешқашан жадымнан шықпас. Содан бергі жылдары «Қордай шамшырағымен» де, Құрманбек ағамызбен де байланысымыз үзілген жоқ. Қазір қарап отырсам, бұл кісінің жаны балаларға жақын екен. Басылым редакцияларында баланың маңдайынан сипайтын үлкен кісілер сирек. Жылдар бойы жазбасының жартысын балаларға арнап, қарадомалақтардың маңдайынан сипаса, енді Құрманбек Әлімжанның маңдайынан ел сипап жатыр. Әркез елі әлдилеп, қаламы тербеп, алты Алаштың ықыласына бөлене беруіне тілекшімін. Әркез жазарыңыз көп, өзіңіз аман болыңыз, қамқоршы ағам, – дейді КТК арнасының мемлекеттік тілдегі хабарлардың, «Дау-дамайсыз» бағдарламасының жетекшісі Гүлмира Әбіқай. Кезінде аудандық газеттің редакциясына «тарыдай болып кіріп, таудай боып шыққан» Құрманбек Әлімжанұлы бүгінде талай «тарыдай» тілшінің томағасын сыпырып, түлетіп ұшырды. Олардың қатарында біз де бармыз. Мерейтойлық жасқа жетіп, елге есеп беріп отырған әріптес ағамызға зор денсаулық, бақытты ғұмыр тілейміз. Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ jasulan_20@mail.ru
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ефрейтор  Альфия
Алдыңғы мақала
Ефрейтор Альфия

Ұқсас жаңалықтар