ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕСТЕ
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның негізгі басымдықтарының бірі – -сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – бұл адамның саналы және адамгершілікпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру қабілетін айтады. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтудің тиімділігін, ең біріншіден, алдын алу шаралары мен қоғамдағы парасаттылық құндылықтарын насихаттау арқылы жүзеге асыруда.
Мәселен, жыл басынан әртүрлі мақсатты топтар арасында 170-ке жуық іс-шара өткізіліп, 22 мыңнан аса адам қамтылды. Департаменттің бастамасымен облыстың барлық білім беру мекемелерінде «Даңқты балуан – Жақсылық Үшкемпіров» тақырыбында кезекті онлайн адалдық сағаты өтті.
Қоғамды ақпараттандыру мақсатында облыс көлемінде call-орталығының «1424» нөмірі бейнеленген 104 баннер және 10 мыңнан аса арнайы жадынама таратылды.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметкерлерін Тараз қаласындағы түзету мекемесіне апару жалғасуда. 2023 жылы 200-ге жуық адам қамтылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметі 342 квазимемлекеттік секторда енгізілді. Барлық ұйымдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат, стандарттар, нұсқаулықтар, әдеп кодексі, шектеулер, жыл сайынғы іс-шаралар жоспары қабылданған. Қазіргі уақытта комплаенс-қызметтері сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізуде.
Тамыз-желтоқсан айлары аралығында бірнеше бағыт бойынша жұмыс жүргізу көзделуде. Бірқатар жобалар қолға алынуда. Атап өтер болсақ, қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға барынша тарту мақсатында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы іске қосылды. Жоба 4 бағытта жұмыс істейтін болады. Біріншісі – қоғамдық бақылау. Белсенді азаматтар салынып жатқан әлеуметтік құрылыс нысандарына, жер қайтару мәселесіне, мемлекеттік сатып алу бағытына өз тарапынан бақылау жүргізеді. Осы аптадан бастап волонтерлер Мемлекеттік басқару академиясының базасында жоғарыда аталған барлық бағыт бойынша оқу семинарына қатысады. Екіншісі – кәсіби көмек көрсету. Әділет департаментімен бірлесіп азаматтарға құқықтық көмек көрсету мақсатында адам көп шоғырланатын орындарда көшпелі консультативтік кездесулер өткізілуде. Аталған іс-шараларға ерікті нотариус, адвокаттар, сот орындаушылар, заңгерлер қатысуда.
Волентерлік жоба негізінде адалдық құндылықтарын насихаттау үшін «Тазалық пен адалдық – адамдықтың қасиеті» атты іс-шара 2023 жылдың тамыз айынан басталмақ. Осылайша қаланың көпқабатты тұрғын үйлерінің аулаларында концерттік, спорттық және үгіт-насихаттық іс-шаралар ұйымдастыру арқылы аула тазалау жұмыстарына қала тұрғындарын кеңінен тарту жоспарлануда. Нәтижесімен белсенді тұрғындарды марапаттау көзделуде.
Жалпы саладағы негізгі мәселелердің бірі – бақылау функцияларын жүзеге асыратын лауазымды тұлғалардың қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері.
Тәжірибеде мемлекеттік мекеме ұжымдарының тексеруші лауазымды тұлғаларға ақша жинайтыны кездеседі. Сондай-ақ тексерушілер салған әкімшілік айыппұлдарды ұжымдық түрде төлеу деректері жиі қоғам таратыпан сынға алынады. Осы бағыттағы профилактикалық жұмысты күшейту мақсатында Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті облыстық департаментімен бірлескен меморандум жобасы әзірленді.
Тағы бір бағыт – тұрмыстық жемқорлыққа қарсы іс-шаралар. Қазақстандағы өңірлік теңсіздікті зерттеу жобасы аясында «Экономикалық зерттеулер институты» акционерлік қоғамы 2023 жылғы сыбайлас жемқорлықтың жай-күйі туралы талдау жүргізді. Талдау нәтижесі бойынша республика бойынша сыбайлас жемқорлықтың ең жоғары деңгейі Жамбыл облысында екендігі анықталған.
Бұл мәселені департамент одан әрі толығырақ зерделеді. Осылайша білім беру саласында жұмысқа орналасу, тест тапсыру, денсаулық сақтау саласында медициналық қызметтер алу, сондай-ақ әлеуметтік гранттар мен кредиттер алу кезінде тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың жиі болатыны анықталды. Мәселен, халық арасында тұрмыстық сыбайлас жемқорлық деңгейін анықтау мақсатындағы сауалнама жүргізу кезінде көп жағдайда сыбайлас жемқорлық субъектілері болып табылмайтын қызметшілер (орта деңгейдегі азаматтық қызметшілер) немесе үшінші тұлғалармен жасалатын алаяқтық белгілері бар құқыққа қайшы әрекеттер кездесетіні белгілі болды.
Агенттік және Ішкі істер министрлігі арасындағы 2022 жылғы меморандум аясында бірлесіп алаяқтық белгілері бар қылмыстың алдын алу шараларын қабылдау туралы іс-шаралар жоспары әзірленіп, полиция департаментіне жолданды.
Егер қолға алынған жұмыстар жүйелі жүргізілетін болса, тұрмыстық жемқорлықты барынша азайтуға мүмкіндік туады.
Ендігі кезекте бұл жұмыстарға мемлекеттік органдарды белсенді атсалысуға шақырамыз. Себебі үлгілік базалық бағыт аясында жемқорлық тәуекелдерін жою шаралары көзделген. Мемлекеттік органдар өз тараптарынан бюджетті асыра пайдалану, жымқыру, мүдделер қақтығысының орын алуы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің бұзылуы, қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық туралы хабарлауы, сыйлық ұсыну бойынша хабарлау, оларды өткізу бойынша жұмыстарды жүргізу қажет.
Дәурен ОМАРОВ,
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігініңоблыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары
Келесі мақала