Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Еріктілер ел қамын ойлайды

Еріктілер  ел қамын  ойлайды
ашық дереккөз
Еріктілер ел қамын ойлайды
Облысымызда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы іске асырыла бастады. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің Превенция басқармасы басшысының орынбасары Ербол Бақтыхожаевтың айтуынша, жоба сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтауда жұмысты жеңілдетеді. – Жобаның мақсаты – белсенді азаматтарды, қоғамдық бірлестіктерді, жеке және квазимемлекеттік сектор субъектілерін, сондай-ақ басқа да ұйымдарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларға ерікті ретінде тарту. Жоба аясында еріктілер бірнеше бағыт бойынша жемқорлыққа қарсы күресте көмек көрсете алады, – дейді Ербол Жұмақадырұлы. Айтуынша, бірінші бағыт – қоғамдық бақылау. Яғни енді мемлекеттік сатып алу порталында бағаны көтеру мәніне, бюджет қаражатын жұмсау тиімділігіне, өңірдің проблемалық мәселелеріне, тиісті жұмыс сапасы жоқ объектілерге, ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалануға, ұлттық жобаларды, өңірлерді дамыту жоспарларын іске асыруға, ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету бөлігінде заңнама талаптарының сақталуына, әлеуметтік маңызы бар мекемелердің жай-күйіне мониторинг жүргізуге болады. Екінші бағыт – сыбайлас жемқорлыққа қарсы зерттеу және ағарту. Еріктілерге сыбайлас жемқорлық проблемаларын зерттеу, кейіннен оны жою және алдын алу бойынша ұсыныстар әзірлеу ұсынылуда. Сондай-ақ студенттер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, аталған қылмысқа қарсы шешімдерді әзірлеу, форумдар, конференциялар, семинарлар секілді іс-шараларды ұйымдастыру, фильмдер, сериалдар түсіру әдісімен контент жасауға қатысты әлеуметтік роликтер дайындау көзделуде. Ал «Pro bono» волонтерлік бағытының ауқымы кең. Бұл бағытта адвокаттар мен нотариустардың, сот орындаушыларының, кәсіподақтар мен ардагерлер ұйымдары азаматтар мен еңбек ұжымдарына тегін құқықтық көмек көрсетуді жоспарлаған. Комплаенс-офицерлерді практикалық оқыту, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін және оған қарсы мониторингтерді сыртқы талдауға сарапшылар тартылады. Төртінші бағыт – корпоративтік еріктілік. Осы орайда тұтынушыларға берілетін талондар мен түбіртектердің артқы бетіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы баннерлерді орналастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы push-хабарламаларды жіберу жұмыстары атқарылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік жобасының келесі бағыты аясында волонтерлер Тараз қаласындағы «Firkan city» ірі сауда орталығында азық-түлік және тауар өнімдерінің сыртына агенттіктің 1424-call орталығы мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тақырыбында әзірленген таратпа материалдарын орнатады. Осы бағыттағы жұмыстар бұдан былай «Қазпошта» АҚ-ның бөлімшелерінде де жүргізіледі. Қала тұрғындарына таратылатын төлем түбіртектерінде енді сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәтіндегі ақпарат орналастырылады. Корпоративтік еріктілік бағытында жүзеге асырылған бұл бағыттағы іс-шараларды жүргізудегі мақсат – қала тұрғындарын қоғам дерті болып табылатын жемқорлыққа қарсы күреске жаппай шақыру, жемқорлық әрекет орын алған жағдайдағы іс-әрекеттерге бағыт-бағдар беру. А.Орынбасарқызы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар