Ұлттық рух ұлы істерге жетелейді
Президент ҚасымЖомарт Тоқаев: «Еліміздің әрбір азаматы жұртшылықтың алдына шыққанда ұлттық мүдде мен қазақстандық патриотизм қағидаттарын басшылыққа алуы керек», деген еді 2022 жылғы өткен қолдаушылар форумында.
Сонымен, патриоттық рух, патриоттық сана деген не? Еліміздің әрбір азаматы патриот па? Ол қоғамда қалай көрініс табады? Патриоттық тек елін, жерін сүюмен, тілін және басқа да ұлттық құндылықтарын құрметтеумен ғана шектеле ме? Біз осы сұрақты бірқатар азаматқа қойып, пікірін білген едік. Көпшіліктің пайымдауынша, патриоттық құндылық дегенiмiз – адамның елi мен туған жерiн, Отанын сүюі. Әр адамның өзі тұрып жатқан мемлекеттiң тәуелсiздiгi мен бейбiтшiлiгiнің нығаюына, қоғамның дамуы мен тұрақтылығына, әлемдік тыныштықты сақтауға, өзінің ана тілін, ділін, салт-дәстүрін бүгінгі заман талабына сай ұлттық мүдде негізінде жетілдіруге, қоғамдағы iзгiлiк қарым-қатынасты, табиғат пен адам арасындағы мейірiмдiлiктi, ұлтаралық мәдениеттi дамытуға атсалысуы да патриоттылық белгісі. Отансүйгіштік рух –
тәуелсіз еліміздің әлемдік өркениет көшіне қосылып, дүниежүзілік қауымдастықтан лайықты орнын алуына мүмкіндік беретін бірден-бір күш. Төл тарихы, мәдениеті мен өнері, экономикалық қуаты жоқ ел өзгенің назарын өзіне аудара алмайды. Ал мұны кең таныту үшін, ең әуелі, өз қадір-қасиетіңді өзің жақсы білуің, мақтаныш ете алуың керек. Иә, әрбір халықтың бақыт шекарасын айқындайтын өлшемдер бар десек, оның ең біріншісі – тілі, екіншісі – асыл діні, үшіншісі – ғасырларға созылған тарихы.
Қазақ халқының патриотизмі, қазақстандық патриотизм мəселесіне келер болсақ, ата-бабамыздың аманат еткен жерін қорғау, туған жерді сүю халықтық болмыстан бойға дарыған, ой-сананы жетілдіретін құбылысқа айналып отыр. Елжандылық, отансүйгіштік қасиетті сақтай білу жəне ел, халық, мемлекет мүддесі үшін қызмет етіп, оның дамуына үлес қосу – əрбір исі қазақтың, Қазақстан азаматтарының басты парызы. Патриотизмнің өзін бүгінде жұрт түр-түрге бөліп жүр ғой. Оның бірі – жалпықазақстандық патриотизм болса, екіншісі – қазақ патриотизмі. Шындығында, патриотизмнің талабы қандай? Бұл жөнінде Тараз қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдазимов салмақты ойын жеткізді.
– Жалпыұлттық патриотизм жағдайында əрбір адам өзін сол мемлекет халқының бір бөлігі ретінде сезініп, түрлі ұлттық қауымдастық өкілдерінің ортақ Отанына деген сүйіспеншілігі мен шын берілгендігін көруге болады. Жалпықазақстандық патриотизм дегеніміз – өзіңді республика халқының ажырамас бөлігі, ортақ Отан ретінде Қазақстан Республикасына сүйіспеншілік сезімімен берілгендік, азамат ретінде халық пен елдің мүддесін, қажет болса, қару алып қорғайтын борышты сезіну. Өзімді тұнып тұрған патриотпын деп айта аламын. Елімнің өркендеуіне әлі де атсалысып келемін. Тек елді сүйіп қою жеткіліксіз, Отанымыздың гүлденуіне, өркен жаюына қол ұшын созғандарды мен патриот деп білемін. Бүгінде отансүйгіш жастар өте көп. Олар шетелде оқып келіп, туған жерге ту тігуде. Болашағымыз балалар десек, оларды оқытуда, тәрбие беруде шетелде оқып келгендердің пайдасы тиіп жатыр. Елдің атын шығарып жүрген жастар көп, – дейді С.Сейдазимов.
Рас, бүгінгі жастар ерекше. Өрендер патриотизмді елін білімімен, еңбегімен көркейту деп түсінеді. Жастардың пікірінше, патриотизм Отанды сүю сезімімен ғана шектелмейді, сондай-ақ білімге құштарлық пен еңбекқорлық сияқты қасиеттерді де қамтитын ауқымды ұғым.
– Патриот жас – өз Отанын сүйетін, кешегісін біліп, ертеңін ойлап, бүгін оның дамуы үшін өзі еңбек ететін салаға аз да болса үлес қосуға әрекеттеніп жүрген адам. Менің ойымдағы патриот жас оптимист, еңбекқор және білімге құштар, – дейді жас белсенді Айдана Аби.
Оның айтуынша, патриот болуды әр жас өзінен бастап, кез келген әрекетінің астарында ел мүддесі мен ұлт мүддесі болуына баса назар аудару керек. Осы орайда тақырыпқа қатысты ұстаздар қауымы да пікір білдірді. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің оқытушысы Балмира Мырзабай: «Қазақ жастарының әдет-ғұрыпқа, ұлттық мәдениетке, Отанға деген сүйіспеншілігі жаңғырып келеді. Мұның айқын көрінісінің бірі – қыздар арасында қазақы тақияның қайта трендке айналуы. Жалпы қазақ жастарының киім кию үлгілері этностық стильде болып, белгілі бір ұлттық атрибуттарды қолдануы – ұлттық мәдениетке деген құрмет. Патриоттықтың негізі адамның адамгершілік деңгейінде өз мәдениетіне, тарихына, Отанына деген сүйіспеншілігінен басталады. Сондай-ақ патриотизмнің бір компоненті ретінде тілді алатын болсақ, қазіргі жастардың көбі қазақ тілінде сөйлейді», деді.
Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен ел мен ұлт мүддесіне көңіл бөлмейтін де жастар бар. «Жастардың бойындағы рухты қалай оятамыз?» деген сауалға 25 жылдық тәжірибесі бар педагог-психолог маман Әлия Мсайылқызы жауап берді. Ол: «Патриотизмді қалыптастыру – адамның күш-жігерінен, отбасы, оқу орнынан саяси билік органдарына дейінгі әртүрлі әлеуметтік институттардың қажырлы жұмысын талап ететін күрделі процесс. Патриоттық сезімнің объектісі мен қайнар көзі Отан десек, оның мазмұны – туған жер, табиғат, оның байлықтары, тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер, туған өлкедегі тамаша киелі орындар. Сондықтан патриоттық сезімді қалыптастыру үшін, ең алдымен, ана тіліміздің қолдану аясымен қатар, мектеп кезінен балаларды ішкі туризммен де таныстыру керек. Егер оқушылар сабақ барысында оқыған тарихи жерлерін көздерімен көрсе, басқа да өзі сияқты оқушылармен танысса, өзара пікір алмасу арқылы еліміз туралы көбірек білер еді. Бұл білімге баулиды, әрі елге деген сүйіспеншілікті оятады. Одан қала берді туризм де дамиды», дейді.
Патриоттықты дамытудың басты шарты – отандастардың бір жұдырық болып жұмылып, бірлік пен татулықты сақтауы. Бірақ патриотизм жасанды болмаған жағдайда ғана өз жемісін береді. Сондықтан біздегі патриотизмде ұлттық мазмұн болуы шарт. Патриоттық халықтың табиғатына жақын, өмір сүру салтымен ұштастырғанда ғана ол шынайы болады. Халқымыздың ғасырлардан бергі тарихы, қалыптасқан салт-санасы бар. Патриоттық сонымен үйлескенде ғана Қазақстан жетістікке жетеді.
Келесі мақала