Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шахмат шеберлері сынға түсті

Шахмат шеберлері сынға түсті
ашық дереккөз
Шахмат шеберлері сынға түсті
Шахмат деп аталатын ғаламат өнердің жеке тұлғаны қалыптастыруда алатын орны ерекше. Ойлы ойынды тіпті ғылымға теңейтін шахматтың майын ішкен үздіктер мен жүйріктердің пікірі мен уәждері де ақиқатқа айналып келеді. Бұл зияткерлік ойынның спорттағы орнын асқақтатып, беделін биіктетуге бағытталған жарқын істер облысымызда көрініс беруде. Жамбыл жерінде осы спорт түрін өрге сүйреп, дәріптеп, насихаттап, дүйім жұртқа үлгі боларлық беделді бәсекелер ұйымдастырып, қалың еліне паш етіп жүрген қасиетті әулет бар. Ол – Қожамжаровтар әулеті. Осынау өнердің бастауында Пернеш Сәдуақасұлы ағамыздың тұрғандығын айту парыз. Ол кісі шахмат десе ішкен асын жерге қоятын, бұл ойынға жан-тәнімен берілген, шаршы тақтадағы шайқастардан тауы шағылып көрмеген нағыз сайыскердің бірі де бірегейі еді. Ағамыз шахмат додасының қалың ортасында жүретін. Бұл ойынның тылсым құпияларына үңіліп, қиындықтан жол табатын сансыз комбинацияларды ойлап тауып, талай сындарда мерейін асырып, мәртебесін биіктетіп, содан ерекше қанағат табатын. Пернеш Сәдуақасұлы Жамбыл технологиялық институтын бітіргеннен кейін осындағы ет комбинатында ұзақ жылдар еңбек етті. Кәсіпорында шебер болып бастаған жас маман кейіннен аға шебер, технолог, директордың орынбасары секілді жауапты қызметтер атқарды. Зейнетке шыққаннан кейін қоғамдық жұмыстарға араласты. Көбіне шахмат деген сиқырға арбалып, қалған ғұмырын осы ойынға арнады. Жұбайы Әтіркүлмен 45 жыл бірге өмір сүріп, 66 жасында дүниеден қайтты. 7 бала тәрбиелеп өсіріп, оларды азамат қатарына қосты. Ардагер ағамыздың ұлы, белгілі заңгер, елге танымал азамат Қайрат Пернешұлымен кездесіп, әңгімеге тартудың сәті түсті. – Әкеміз дана азамат еді. Терең білім иесі болуға, алдымызға үлкен мақсат қоюға тәрбиеледі. Өмірге деген көзқарасы мен қажырлы еңбегі біз үшін өмір бақи сабақ пен тура жол өнегесі болып қалды. Ол кісінің шахматқа деген құмарлығы – өзінің терең ойлау қасиеті мен жандүниесінің бір ғана көрінісі. Әкеміздің арманы Тараз қаласында жасөспірімдерге арналған шахмат мектебін ашу болды. Сол себепті бүгін өткізіліп жатқан дәстүрлі ашық турнир әкеміздің биік рухына деген құрмет деп білемін. Келешекте сол мектепті ашу мәселесі отбасының жоспарында бар, – деді Қ.Қожамжаров. Жуырда Тараз төрінде Пернеш Қожамжаровты еске алуға арналған жылдам /рапид/ шахматтан дәстүрлі 7-халықаралық ашық турнирі басталды. Екі күнге созылған бұл аламан сайысқа 5 мемлекеттен 230-ға жуық шахматшы қатысты. Ерлер арасында шахматтан халықаралық дәрежедегі шебер, Алматы қаласының өкілі Иван Мезенцев топ жарды. Алматылық Азамат Дәрімбетов пен шымкенттік Әбілмансұр Әбдіқайыр II және III орындарды бөлісті. Әйелдер арасындағы бәсекеде халықаралық дәрежедегі шебер, шымкенттік шахматшы Зейнеп Сұлтанбек жеңімпаз атанды. Халықаралық дәрежедегі гроссмейстер, жамбылдық шахматшы Мәдина Дәулетбаева II орынды қанағат тұтты. Түркістан облысының өкілі Әсия Асылхан III орынға ие болды. 12 жасқа дейінгі ұлдар арасында өткен жылдам ойында алматылық және шымкенттік жас өрендер ешкімге дес бермеді. Қыздар арасында Қырғыз Республикасының өкілі Розел Аманбекованың мерейі үстем болды. Жамбылдық шахматшылар Бибісара Абылайқызы мен Ақбота Амангелді II және III орындарды иеленді. Тараздық ойыншылар Дінмұхамед Дауылбай, Әлихан Сарман, Дарын Төребаев 10 жас деңгейіндегі тартыста үздіктер қатарынан көрінді. Қыздар арасында шымкенттік Злата Смелкова жеңімпаз атанса, Байзақ ауданының шахматшысы Динара Әлімқұл мен шымкенттік Нұрсая Жұмабек жүлделі орындарды бөлісті. Осынау аламан жарыста Пернеш Қожамжаровтың 8 жасар шөбересі Садуали шеберлігімен көзге түсті. Жеңістің биік тұғырынан көрініп, үлкен бабасының жолын жалғап, тілеулестерін қуантты. Түркістандық оқушылар Диас Аманбек пен Нұрислам Сұлтанхан жүлдегерлер қатарынан көрінді. Қыздар арасында Қырғызстаннан келген Әлия Темірбекова бұл сында топ жарды. Жамбылдық жас өрендер Айару Қайыпова мен Айзере Дәулетбаева жүлделі орындарға ие болды. Облыстық шахмат федерациясының төрағасы Әлібек Утеулиев пен Пернеш Сәдуақасұлының ұл-қыздары жеңімпаздарды құттықтап, дипломдар мен медальдар тапсырды. Ең ізгі тілектерін арнады. Мақұлбек БІЛӘЛБЕКҰЛЫ, ардагер журналист
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар