Жастар саясаты жүйелі жүзеге асуда
Ел болашағын жарқын етуде жастардың үлесі зор. Бір сөзбен айтсақ, жастар – қоғамның қозғаушы күші, елдің ертеңі. Көзі ашық, көкірегі ояу кез келген жас ұрпақ өз елінің даму жолында аянып қалмауы тиіс. Көзінде от, кеудесінде намысы бар, елім дейтін білімді ұрпақты ортақ іске ұйыстыруда Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы да үдеден шығып келеді. Өрендердің шығармашылығын дамытуға, жаңашыл жобалардың жүзеге асуына сеп болып отырған мекеменің мүмкіндігіне орталық директоры Абзал Есіркеповпен сұхбаттасу барысында қанықтық.
– Абзал Есенұлы, әңгімемізді қалада тұратын жастардың статистикасынан бастасақ. Таразда жастардың үлес салмағы қанша?
– Өздеріңізге белгілі, өткен жылы елімізде депутаттардың ұсынысымен «жастар» ұғымының жас шегі 29-дан 35 жасқа дейін ұлғайтылған болатын. ҚР «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңға енген өзгерістер жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Соңғы өзгерістерге байланысты қаламыздағы жастар саны айтарлықтай өсіп отыр. Бүгінгі таңда Тараз қаласының жалпы тұрғындар саны 429 103 адамды құраса, оның 120 902-сі 14 пен 35 аралығындағы жастар. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, өткен жылы қаламызда 14-29 жас аралығында 76 175 жас болса, қазір 35 жасқа дейінгі жастар санатымен салыстырғанда олардың саны 44 727 адамға ұлғайған. Яғни қала халқының 28,3 пайызын жастар құрап отыр. Қала жастарының 64 008-і – мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының, арнаулы орта оқу орындарының студенттері.
– Сіздің бұл қызметке келгеніңізге үш жылға жуықтапты. Осы уақытқа дейін қаладағы жастарды қаншалықты таныдыңыз? Олармен қай бағытта жұмыс істеп жатырсыздар?
– Орталықтың жұмысы маған бұрыннан таныс. Олай дейтінім, осы қызметке дейін өзім де белсенді жастардың қатарында болдым. Сәті түсіп «Ақсұңқар» жастар қоғамдық бірлестігінің де төрағасы болдым. Белсенді жастардың басын қосу, оларға қолдау жасау бойынша көптеген жұмыстар атқардым. Түрлі іс-шараларға белсене араласып, өзім де жалынды жастармен бірге жүрдім. Студент кезімде қоғамдық шараларға жиі атсалысып жүргенімде де осы орталықпен бірлесе талай жұмысты атқардық. Сондықтан осы салаға төселіп, тәжірибе жинақтауымның өзі маған көп көмегін тигізді.
Қазіргі уақытта жастармен жұмыс істеу тәсілі едәуір жүйеленіп, бір жолға қойылған. Біздің мекеме өрендермен жас ерекшеліктеріне қарай 4 санат бойынша жұмыс істейді. Бірінші категорияға 14 пен 16 жас аралығындағы жастар, яғни мектеп оқушылары мен колледж студенттері енген. Екінші санатты 16 мен 22 жастың арасындағы жастар құрайды. Үшінші санат жастары 22 мен 29 жас аралығындағылар. Төртіншісі бойынша 29 бен 35 жас аралығындағы жастар қамтылған.
Қала жастарымен жұмыс істегенге қолайлы боландықтан осыны жөн көрдік. Себебі категориядағылардың барлығы да жастар санатына енгенімен жас ерекшеліктеріне қарай олардың мәселелері әртүрлі болып келеді. Мысалы, оқушылардың басты проблемасы – мамандық таңдау мен ҰБТ болса, 35 жастағы адамның мәселесі – баспана қамы мен тұрақты жұмысқа орналасу. Бүгінгі уақытта аталған 4 санаттағы барлық жастың алаңдатып жүрген нақты мәселелерін зерттеп-зерделеу жұмыстарымен айналысып жүрміз. Өйткені әр санаттан үш-төрт адамды ғана бөліп алып, солардың ғана проблемасын шешіп беру дұрыс емес деп ойлаймын. Сондықтан орталық қызметкерлері көшпелі кеңес беру алаңдарын жиі өткізіп тұрады.
Қалада жұрт көп шоғырланған қоғамдық орындарда ұйымдастырылатын кеңес беру алаңдарында блиц-сауалнама жасау арқылы жастарды қандай мәселе толғандырып жүргенін анықтай аламыз. Кеңес беру алаңында «Отбасы банк», жер қатынастары, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары, кірістер департаменті, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысып, жастарға тегін кеңес беріп жатады. Олар мемлекеттік бағдарламалар, жұмысқа тұру, грант пен жеңілдетілген несие алу, тұрғын үй мәселелері, түлектердің оқуға түсу мүмкіндіктері, жеңілдіктер, мамандық таңдау және тағы да басқа мәселелер бойынша ақпаратқа қанығады. Осындай кеңес беру алаңдарының нәтижесінде өз кәсібін бастап, баспаналы болып жатқан жастар көп. Демек, бұл жұмыс өз жемісін беріп жатыр деген сөз. Менің ойымша, осындай іс-шаралар көбірек ұйымдастырылуы керек. Өйткені жастарға не керек? Ақпарат керек. Ақпараттың жетіспеушілігінен көптеген сұрақтар туындайды. Сол сұрақтардың жауабын осындай кеңес беру алаңдарынан таба алады деп ойлаймын.
– Таразда жастар арасындағы түйткілді мәселелер шешімін қалай тауып жатыр?
– Елімізде ең өзекті мәселенің бірі – жұмыссыздық. Сондықтан ең алдымен осы жағдай басты назарымызда тұр. Қазір NЕЕТ санатындағы жастардың үлесін төмендету бағытында түрлі шаралар қолға алынды. Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы Тараз қаласында 11 743 жұмыссыз, NEET санатындағы жастар бар екенін анықтап, бізге тізімін жолдады. Негізінде жұмыссыз жастардың үлесі мұнан да көп болуы мүмкін. Себебі базада тіркелген жастардың біразы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Бұл кейбір жастардың тұрақты жұмысы жоқ деген сөз. Орталық мамандары анықталған 11 743 жасқа тізім бойынша адрестік жұмыстар жүргізіп, олардың әлеуметтік портреті әзірленді. Бұл мақсатта біздің мекемеде «NEET жастары және жас отбасылар» секторы жұмыс атқаруда. Қаңтар айынан бастап орталыққа жүгінген қолы бос жастардың 1 371-і тұрақты жұмыспен қамтылып, 1 453-і жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды.
Жастарға мемлекеттік қолдаудың жыл сайын артып отырғанының тағы бір айғағы – биылдан бастап жастардың кәсіпкерлік бастамаларына 2,5 пайыздық шағын несие беріліп отыр. Орталық мамандары қала маңында орналасқан «Құмшағал», «Шөлдала», «Көлтоған», «Жиделі», «Қайнар», «Барысхан» тұрғын алқаптарында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар наурыз айынан бастап қала жастарын жұмыспен қамту, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында «Жасыл ел» еңбек жасағына 150 жас уақытша жұмыспен қамтылып, қарқынды жұмыс атқарып келеді.
– Жұмыс жоспарларыңызға сәйкес биыл нендей маңызды іс-шаралар ұйымдастырылды? Жалпы жастардың бойына имандылықты арттыру, патриоттық, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап берсеңіз?
– Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жастарды әлеуметтік қорғауға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру, жастардың қоғамдық бірлестіктерімен байланысын жүзеге асыру мақсатында қалалық жастар ресурстық орталығы көптеген жобаларды жүзеге асырып келеді. «Рухани-адамгершілік», «Құқықтық», «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу», «Психологиялық-танымдық», «Дін», «Жастарға кеңес», «Әскери-патриоттық», «Экологиялық мәдениет», «Этносаралық келісім», «Спорттық», «Волонтерлік» бағыттары бойынша түрлі іс-шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Орталық тарапынан отбасының жағымды имиджін насихаттау мақсатында жас отбасылар арасында «QazIQ» интеллектуалды ойыны, «Мемлекеттік рәміздер – ұлт мақтанышы» атты акциясы, жастардың қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі спорттық және мерекелік іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Биыл орталық тарапынан 11 бағыт бойынша 458 іс-шара ұйымдастырылып, бұл бойынша 21 691 жас қамтылды. Өткен іс-шаралардың 89-ы мәдени, 80-і рухани, 67-сі құқықтық, 24-і сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға байланысты. Сондай-ақ 43 психологиялық-танымдық тақырыптағы іс-шара, 15 мемлекеттік бағдарлама бойынша кеңес беру алаңы, 18 әскери-патриоттық жиын ұйымдастырылды. Мұнымен бірге діни бағытта 35 іс-шара, 31 этносаралық келісім бағытындағы жиын өтті. Өткізілген жиынның 18-і экологиялық сенбілікке, 38-і спорттық бағдарламаға арналды. Бір қарағанда 458 іс-шара көп болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл көрсеткіш 429 103 өрені бар қала үшін көп емес, аз деп те айта алмаймыз. Негізгі мақсатымыз – санға емес, сапаға мән беріп, мағыналы, жастарға пайдасы бар іс-шара өткізу. Жастар да орталық ұйымдастырған іс-шаралар мен жиындарға, басқосуларға шынайы қызығушылықпен қатысады. Сондай-ақ жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында әр сенбі күні қала аумағында, саябақтарда акустикалық ән кештері өткізілуде.
– Таразда жастарға баспана қаншалықты қолжетімді?
– Ел жастарын алаңдатқан, түйіні шешілмеген мәселенің бірі – баспана жайы. Жастардың, жас отбасылардың жалдамалы пәтерлерде тұратыны белгілі. Пәтер жалдай жүріп, жеке баспана үшін қаржы жинау өте қиын. Десе де былтырдан бастап облыс көлемінде жаңа бастама ретінде өңір жастарына жеңілдікпен несие беруге арналған «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Өткен жылы жоба аясында Тараз қаласынан 35 жас бағдарлама аясында баспаналы болды. Тарқатып айтсақ, денсаулық сақтау саласынан – 18, білім беру саласындағы – 10, журналистика саласындағы – 3, спорт саласынан – 2, мәдениет саласынан 2 жас пәтерлі болу бақытына бөленді. Негізінде бағдарлама аясында баспаналы болғандардың жалпы саны – 40.
Ал биыл «Әулиеата жастары» бағдарламасы бойынша баспанамен қамтылатын жастардың санын арттыру мақсатында 2 миллиард теңге қаржы бөлінді. Оның 1 миллиард теңгесі жергілікті бюджеттен, 1 миллиард теңгесі «Отбасы банк» акционерлік қоғамы тарапынан бөлінді. Жоба аясында биыл 140 жасты баспанамен қамту көзделген. «Отбасы банктың» облыстық филиалында 2023 жылдың II тоқсандық нәтижесінде 18-35 жас аралығындағы жастар бойынша 1 617 салымшы депозиттік шот ашқан. Оның ішінде «Нұрлы жер», «5-20-25», «Бақытты отбасы» ипотекалық бағдарламалары арқылы 129 азамат тұрғын үйге қол жеткізді.
– Жастар арасында қылмыстың алдын алу бағытында қандай кешенді шаралар қолға алынып, жүйелі жұмыстар атқарылуда?
– Нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымын болдырмау мақсатында Халықаралық нашақорлық пен есірткімен күрес күніне орай маусым айына арналған профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру мақсатында қала әкімімен арнайы жоспар бекітілген болатын. «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы аясында Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Есірткісіз болашақ» акциясы өтті. Акция барысында қалалық мәслихаттың депутаттары, жастар мен волонтерлер тұрғын үйлердің қабырғаларындағы есірткі құралдарын жарнамалайтын сайттардың сілтемелерін анықтап, 92 граффити жазуы өшірілді. Осыған байланысты қалада есірткі заттарын өткізу сайттарын жарнамалайтын және насихаттайтын граффити жазулар көбеюіне шара қолдану туралы Тараз қаласының полиция басқармасына арнайы хат жолданды.
Сөздің орайы келгенде айта кетсем, қала жастары арасындағы құқықбұзушылық, заңға қарама-қайшы әрекеттер өткен жылмен салыстырғанда азайып отыр. Мәселен, өткен жылдың 6 айында аяқталған істер бойынша 14-35 жас аралығындағы 808 жастың қылмысы тіркелсе, биыл ауыр қылмыс жасағандар, тонау, бұзықшылық секілді жастар тарапынан орын алған 802 қылмыстық іс қаралған.
– Қаламыздағы белсенді жастар ұйымдарының жұмысымен таныстырып өтсеңіз?
– Тараз қалалық жастар ресурстық орталығына қарасты қазіргі таңда «Тараз жастары» және «Ақ-Сұңқар» волонтерлік қозғалыстары бар. Ерікті жастар бойынша «Білім», «Таза әлем», «Саулық», «Сабақтастық», «Асыл мұра», «Қамқор», «Үміт» сынды барлығы 7 бағыт бойынша тұрақты жұмыстар жүргізіп келеді. Биыл жастар мен жасөспірімдер арасында волонтерлік бағытын дамыту мақсатында 37 іс-шара ұйымдастырылды.
Қаламыздың атын алты Алашқа танытып жүрген мақтаулы ұйымдардың бірі – «Jaidarman» жастар ұйымы. Қазіргі уақытта тараздық 2 команда, атап айтқанда, «Медиум» және «Жуалы» командалары жоғары лигада жақсы өнер көрсетіп жүр. Тараздық жайдарманшыларға қала әкімі Бақытжан Орынбековтің өзі қолдау көрсетуде. Жыл басында астарлы әзілмен көңілдің кілтін тауып жүрген «Медиум» құрамасының мүшелерін шаһар басшысы арнайы қабылдады. Кездесуде шаһар басшысы жігерлі жастарға сәттілік тілеп, алдағы уақытта командаға қолдау білдіретінін және облыс намысын қорғап жүрген Тараз жастарына қашанда жанкүйер екендігін жеткізді. Биылдан бастап өңірімізде «Жайдарман» ойындарын жаңғырту мақсатында бірқатар іс-шаралар қолға алынды. Республикалық деңгейдегі «Әулиеата» ашық лигасы, көшпелі баттл секілді ойындар ұйымдастырылуда.
– Қала абатына, тазалық жұмыстарына жастар қаншалықты өз үлестерін қосып келеді?
– Тараздық белсенді жастар ұйымдарының бірі – «Жасыл ел» еңбек жасақтары. Жасақ жұмысын ұйымдастыруға 26 827 000 теңге бөлініп, 350 жасты уақытша жұмыспен қамту көзделген. «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысы жыл соңына дейін 8 ай (наурыз-қазан) мерзімге созылады. Бүгінгі таңда 233 жас жұмыспен қамтылды. Нақтылап өтсем, наурызда – 50, сәуірде – 60, мамырда – 33, маусымда – 55, шілдеде 35 адам жасақ қатарында еңбек етті. Оның 5 жасы NEET санатындағылар. Күніне 8 сағаттық уақытша жұмыспен қамтылатын жастардың бір айлық жалақысы 70 000 (қолына 63 782 теңге) теңгені құрады.
Сондай-ақ «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздары қаладағы саябақтар мен көшелердің күл-қоқыстарын тазалаумен қатар, қала өмірінің гүлденіп, дамуына өз үлестерін қосуда. Атап айтқанда, Қ.Рысқұлбеков, «Жастар» аллеясы, «Жеңіс» саябағында жұмыстар жүргізіліп, бүгінгі таңда «Қарасу-2» каналының жағалауына тазалық жұмыстарын жүргізуде. Жақында Халықаралық жастар күніне орай облыстық және Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы белсенді жастар мен «Жасыл ел» еңбек жасақтарының басын қосып, «Жастар және таза әлем» атты акция өткізді.
– Абзал Есенұлы, жас отбасылардың жағдайы қалай? Ажырасудың алдын алу бойынша орталық қандай жұмыстарды қолға алған?
– Жастар арасындағы мұндай өзекті мәселені шешудің жан-жақты жолдары қарастырылуда. Қазір кәсіби психологтармен келісімшарт жасасып, жастармен жұмыс жүргізілуде. Алдағы уақытта «Бақытты отбасы – бақытты ел» атты жас отбасылар форумын өткізу ойда бар. Аталған форумның мақсаты – отбасы институтын дамыту, отбасылық құндылықтарды нығайту, гендерлік теңдік және жас ұрпаққа білім беру мәселелері бойынша мүдделі тараптар үшін диалог алаңын құру.
– Жастарға қатысты қандай тың жобаларыңыз бар?
– Ізденген адамға жастарды жалықтырып алмаудың жолы көп. Қазір не көп, жастармен өткізіліп жатқан іс-шара көп. Бірақ ол бір рет қана өткізіліп қояды. Біз ескі сарыннан арылуымыз керек. Жаңа форматқа ауысатын кез келді. Оның орнына жастармен ұзақ байланыста болатын жобалар әкелуіміз керек. Биыл қолға алар біршама жоспарымыз бар. Осы жылдың басты жаңалығы – «Taraz Awards» жастар сыйлығы тағайындалды. Жобаның мақсаты – қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген, әртүрлі салада жетістікке жеткен үздік жастарды марапаттау. Жобаны әлі де талқылап жатырмыз. Марапаттау кеші жыл соңында өтеді. Оның форматы қандай болатыны әзірге белгісіз. Бәлкім, тараздық жастардың басын қосып, үлкен форум өткізіп, үздік шыққан жастарды сол жерде марапаттармыз. Салтанатты кешке қала әкімі Бақытжан Орынбековтің өзі арнайы қатысады. Сыйлық нақты қай саланың мамандарына тағайындалады, ол жағын да ақылдасып жатырмыз. «Үздік жас мұғалім», «Үздік жас дәрігер», «Үздік жас ғалым» секілді қоғамда маңызы бар мамандықтар міндетті түрде енеді. Сонымен қатар марапат алушыларды жас ерекшеліктеріне қарай бөліп қарайтын боламыз. Мәселен, «Үздік жас ғалым» номинациясында жаңашыл жобаларымен көзге түскен үздіктерді марапаттасақ, ол жерде 15-16 жасар оқушыны 35 жастағы адаммен жарыстыра алмайтынымыз белгілі. Сондықтан марапатты да жоғарыда айтқан жастардың 4 категориясына сай ұсынамыз.
Сондай-ақ «Қоғамдық лекция» жобасын қолға алдық. Мақсаты – еліміздің, оның ішінде өңіріміздің дамуына үлес қосқан тұлғаларды тарта отырып, жастарға жан-жақты тәлім-тәрбие беру. Тараз қаласы әкімінің кубогы үшін студенттер арасында футбол, волейбол, баскетбол спорт түрлерінен қалалық чемпионат өткізу ойымызда бар. Чемпионат өткізу арқылы жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттай отырып, танымал спорт түрлеріне қызығушылардың ортасын қалыптастыруды көздеп отырмыз.
Жоғары сынып оқушыларына бағытталған «Кәсіптік бағдар» жобасын бастау, «Еңбек адамы – қоғамның қозғаушы күші» атты жас жұмысшылар слетін өткізу секілді тың идеяларымыз бар. Слеттің мақсаты – жас жұмысшылар мен билік арасында диалог қалыптастыру, «Еңбек адамы» тұжырымдамасын дамытудағы жастардың рөлін күшейту бағытында жұмыс жүргізу, жастар бастамаларын жүзеге асыруға ықпал етіп, қолдау көрсету. Жастар арасында өзекті және ауқымды мәселелерді жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірге талқылау да басты мақсаттардың бірі. Жастардың ұсыныстары мен сұрақтарына ашық әрі кедергісіз жауап беруді ұйымдастыру мақсатында «Ozektі» дискуссиялық клубы жұмыс істейтін болады. Жуық арада жастар арасында саяси сауаттылықты арттырып, жастарды саяси мәдениетке баулу ниетінде «Жастар мәслихаты» жобасын бастамақпыз.
«YouTube»-тен «Zhastar tv» арнасын ашу да ойымызда бар дүние. Мұндай интернет-арна ашудағы ойымыз – мекеме жұмысының жастар арасында танымалдылығын арттыру мақсатында іс-шаралардан влог, «Жастар келбеті» атты үздік жастар туралы сюжеттер мен сұхбаттар түсіру, әртүрлі викториналық конкурстар ұйымдастыру. Мұнымен бірге «Ұлы дала өрнектері» тұс киіздер фестивалін өткізсек дейміз. Фестивальді жай өткізіп қана қоймай, киізге өрнек салу дәстүрлі өнерін насихаттауды, оны қайта жаңғыртуды, қолданысқа енгізуді құп көріп отырмыз. Қатысушылардың әрбір жасаған ою-өрнегінің мәнін, мағынасын, техникасын дәріптегіміз келеді. Сонымен қатар қала күні қарсаңында «Мен мобилографпын» атты жас мобилографтар арасында бейнеролик түсіруден сайыс өткізу жоспарымызда бар.
– Сіз басқарып отырған мекемедегі кадр мәселесіне тоқтасаңыз...
– Біздегі басты мәселе – кадр тұрақсыздығы. Барынша студент жастарды жұмысқа араластырып, жастарды қызметке шақырып тұрамыз. Бірақ мамандар бізде көп тұрақтамайды. Мен оған ренжімеймін, қайта «ауысыңдар, өсіңдер, бір орында тұрақтап қалмаңдар» деп өзім айтып отырамын. Негізі кадр тұрақтамауының басты себебі – жалақының аздығы. Енді осы айдан бастап үстемеақы қосылып, айлық көтеріліп, ол мәселе де өз шешімін табатын болады. Біздің орталықты – «Тараз жастарының ұстаханасы» деп айтуға толық негіз бар. Себебі қазір облысқа танымал көптеген жас маман еңбек жолын бізде бастады. Айтып өткенімдей, орталық қызметкерлері өте аз. Сондықтан қаланың барлық аумағындағы жастарды іс-шараға тарту, олардың мәселесін шешу оңай шаруа емес. Біздің мамандарға «Қант зауыты», «Шалғай Қарасу», «Құмшағал» секілді аймақтарға бару аздаған қиындық тудырады.
Десе де қала жастарымен бірге біршама ауқымды іс-шаралар ұйымдастырып келеміз, яғни жастармен жұмыс саябырсып тұрған жоқ. Жастарды ояту үшін өзің де жас болуың керек. Ораторлық, жан-жақты білім керек. Бір бағытта жұмыс істей берсең, екінші бағытта сұрақ қойылуы мүмкін. Сол үшін үнемі ізденісте жүремін. Мен бұл орынға құр отырып кету үшін келгенім жоқ. Жастарға барынша дұрыс бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсету бағытында жұмыс істеуіміз керек. Жастар саясатының негізгі мақсаты – жастардың тұлғалық қалпын қалыптастыру. Оларға шабыт беру. Қолымыздан келгенше жастардың тың идеяларына қолдау көрсетіп, демеу беру – біздің басты мақсатымыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Келесі мақала