Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Су тапшылығының алдын алу қажет

Су тапшылығының алдын алу қажет
ашық дереккөз
Су тапшылығының алдын алу қажет
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров, партияның тең төрағасы Қуаныш Шонбай, партияның орталық аппараты басшысының орынбасары Маханбет Хасенов облыста іссапармен болып, Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарында мемлекеттік органдар, кәсіпорындар, шаруа қожалықтары өкілдерімен кездесті. Республикалықтардың өңірге келудегі мақсаты – шаруалардың тіршілік нәріне деген тәуелділігін жойып, алдағы уақытта суға қожалық ететін агенттік құру мәселесін пысықтау. Кездесулерде негізінен қырғыз ағайындардың трансшекаралық өзендердің суын жиі қысып қоятынын алдын ала ескеріп, оны үнемдеудің жолын қарастыру тілге тиек етілді. Сондай-ақ аудан әкімдерімен, «Қазсушар» кәсіпорны, мердігерлер өкілдерімен арналардың қызметі мен жөндеу жұмыстарын талқылады. Партия мүшелері алдымен Байзақ ауданының Қостөбе ауылындағы «Медеу» каналының құрылысымен танысып, қазір толық жөндеуден өтіп жатқан канал 1 470 гектар алқапты суаруға мүмкіндігі бар екеніне көз жеткізді. Депутат Айдарбек Қожаназаров Дихан ауылындағы «Сатыбалды» каналының да жай-күйін бақылап, бұл жөнінде Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Болат Сағынбековтің сөзін тыңдады. Іссапар жұмысы «Шәріпов» шаруа қожалығында жалғасты. Бұл шаруашылықта республикалықтар қант қызылшасы алқабында жаңбырлатып суару құрылғыларын қолдану тәжірибесімен танысып, қожалық төрағаларымен және фермерлермен кездесті. Өңірде соңғы жылдары осындай жаңбырлатып суару қондырғыларын қолдану арқылы 750 гектар алқап айналымға қосылды. Жамбыл ауданында да су мәселесі сөз болды. Партия өкілдері «Қуат», «Жамбыл» каналдарының жөндеу жұмыстарына назар салды. «Қуат» каналы арқылы 1 235 гектар жерге су жеткізіледі екен. Ал «Жамбыл» каналын жөндеуге 700 миллион қаржы бөлініп, тапсырыс алушылар жұмысын жауапсыз атқарғаны белгілі болды. Су жеткізуге дайын деген каналдың іші-сыртын қамыс басып, сапасыз екені көзге ұрып тұр. Кездесуде Аса ауылының тұрғыны Балаби Мейірханов 30 гектар алқабының сусыз қалғанын айта келе, каналдың үстімен өтетін көпірдің де сапасыз екенін жеткізді. Сақтандыру механизмі бойынша сұрақтар көтеріліп, фермерлер 10 күн ішінде сақтандыру төлемдерін алатын Түркия тәжірибесін енгізуді ұсынды. Депутат сапары Жуалы ауданында жалғасып, «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының қазіргі ахуалымен танысты. – Қоймадағы судың көлемі түрлі себептерге байланысты едәуір төмендеп кетті, алайда келесі жылы жиналатын су көлемі артады деген болжам бар дейді, – су қоймасының басшысы Қайрат Шымыров. Ал Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Рахымғазы Күниязов «Көксай» каналына жүргізілген жұмыстары туралы айта келе: «Мұнда 14 шақырым канал қазылып, ел игілігіне қызмет етіп отыр. Енді каналдың бетондалмаған тұстары бетондалса, соған қаржы бөлінсе деген өтінішіміз бар», деді. Халық қалаулысы 100 гектар жерге картоп өсіріп отырған «Злиха» шаруа қожалығы мен «З.Мешелова» сыр зауытына да аялдады. Шаруашылық басшыларымен тілдесіп, олардың да ұсыныстарын, талап-тілегін тыңдады. Айдарбек Қожаназаров сапарының қорытындысында облыс әкімі Нұржан Нұржігітовпен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және аграрлық саладағы түйткілді проблемаларды шешу жолдарын талқылады.

Нұржан ӘЛІШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар